Пікір • 19 Қыркүйек, 2023

Түбегейлі өзгерістерге жол сілтейтін құжат

154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдетте халыққа Жолдау ұзақмерзімді тақырыпқа арналады да, онда қойылған мақсаттар абстракт терминдермен, әдемі сөздермен, асқақ мұраттармен көмкеріледі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында мұндай болған жоқ. Меніңше, осы ел басшысының бұл жол­ғы үндеуінде прагматизм, шынайылық және өршіл мақсат айқын аңғарылады. Жетістіктер атап көрсетілді. Кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Ұзақмерзімді мақсаттардың орнына қысқа және орта мерзімдегі өлшенетін міндеттерге басымдық берілді.

Түбегейлі өзгерістерге жол сілтейтін құжат

«Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орын­далуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және әлеу­мет­тік реформаларды жүргізу­дің қажет­ті­лігін атап өтті. Онда кейінгі кез­­д­егі жаһандық оқиғалар, энергетика, байланыс және сауда са­ла­сындағы мәселелер жан-жақ­ты көтерілді. Барған сайын күр­де­ле­ніп, бөлшектеніп бара жатқан геосаяси кезеңде, технологиялық инновацияларды жеделдетуде, ресурс­тарға талас күшейген, жа­һан­дық сауда жүйесіндегі тү­бе­гей­лі өзгерістер сәтінде Қа­зақ­­станның мүмкіндіктерді барын­ша пайдалануын және қиын­шы­лықтан құтылу жолдары көр­се­тілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­­дауында айтылған негізгі тақы­рып­тың бірі жаңа­лық емес. Соған қарамастан, өзекті­лі­гін жоғалтқан жоқ. Ол – жаңа экономикалық модельге көшу. Қазақ­стан ежелден өзінің орасан зор энер­ге­ти­ка­лық ресурс­та­рына, ең алдымен, мұнай мен газға тәуелді. Де­ген­мен өзгермелі жа­һандық энер­ге­тикалық дәуірде Қазақстан ана­­ғұрлым озық инновацияларды пайдаланып, экономиканы әртарап­тан­дыру, халықтың әлеуетін және жоғары білікті жұмыс күшін жақсырақ пайдалану қажет екенін мойын­дайды. Бұл саясаттың өзегі жеке секторды, атап айтқанда, ша­­ғын және орта кәсіпкерлікті (ШОБ) эко­­но­микалық өсудің, жұ­мыс орын­­­дарын құрудың және ин­но­­ва­­ция­ның қозғалтқыш күшіне айнал­дыру болмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта бизнестің даму қарқы­ны артта қалғанын мойындады. Осы орайда, орта бизнестің өсуіне кедергі келтіретін кедергілерді жою қажет. Жаһандық «жасыл» энер­гетикаға көшу жоғары тех­­­но­логиялық чиптерді (атап айт­қан­да, электромобильдер, жел турбиналары, аккумуляторлар, маг­ниттер және электроникаға қолданылатын) шығаруға керекті сирек кездесетін металдарға сұ­ра­­нысты арттырды. Ал Қазақ­с­тан­да ондай металдар жетіп ар­ты­лады.­ Осылайша, көміртегі бей­та­раптығына қол жеткізуге жол аша­­ды. Сонымен қатар Қазақ­станның стра­­тегиялық гео­гра­фиялық орналасуы Еуро­па мен Азияның негізгі нарықтарына оңай қол жеткізуге мүмкіндік бе­ре­ді. Осылайша, Қазақстан өзін се­німді, тұ­рақ­ты жеткізуші ретін­де көрсетеді.

Бұл тұрғыда әлемнің шалғай жер­леріндегі оқиғалардың да Қа­зақ­стан үшін оң нәтиже әкелуі мүмкін. Африканың кей бөлігін­де­гі тұрақсыздықтың салдарынан Еуропалық одақ сенімді және тұрақты жеткізуші іздейтіні бел­гі­лі. Мәселен, Еу­ро­палық одақ импорттайтын уранның 20-25 пайызын негізінен Нигер секілді  мемлекеттерден тасымалдайды. Міне, осындай сәт­те Қазақстан көмекке келеді. Нигердегі төң­­ке­ріс­тен кейін Қа­зақ­стан­дағы уранға жауапты компанияның бас­шысы қажет етсе, Еуропаға көбірек өнім жет­кізуге дайын екенін айтып үл­герді.

Жолдауда мемлекеттік аппарат пен мем­­лекеттік басқару жү­­йе­­сінде біраз өзгеріс болатыны айтылды. Осы жерде айта кеткен жөн, енді су мәсе­лесімен Эко­логия және табиғи ресурстар минис­тр­лігіне қарасты комитет емес, жеке сала – Су ресурстары және ирригация министрлігі айналысады. Бір министрлікте көптеген мәселенің шамадан тыс шо­ғыр­ланса, кейде стратегиялық мін­деттер үнемі екінші жос­пар­­ға ысырылады. Орталық Азия азық-түлік қауіпсіздігі мен ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігіне ұзақ­мер­зімді қатер төндіретін жер бе­тіндегі ең сусыз аймақтардың бірі екені белгілі. Арал апаты мен мұздықтардың тез еруі мәсе­ле­нің ауқымын көрсетеді. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және трансшекаралық су ын­ты­мақ­тастығы Орталық Азия елдері үшін негізгі саясат ба­ғытына айналады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, жеке министрлік құру – заман талабы.

Тоқталғым келген тағы бір мәсе­ле – атом энергетикасын да­мыту. Дүние жү­зін­дегі ең ірі уран қоры бар Қазақс­тан­ның атом энергиясын пайдалануға тал­пынуы таң­ғаларлық емес. Ядролық энер­­гетика көмірқышқыл газын шы­­ғар­май­тын таза энергия техно­ло­гия­сы са­на­лады.

Қазақстан Президенті 2021 жылғы Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстан электр энер­гия­сының тапшылығына ұшы­рай­тынын ескертіп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына елдегі атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін жан-жақты зерделеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар Қазақ­стан секілді мемлекетте өткен тарих, әсіресе, Семей ядролық полигонының қайғылы естелігі қо­ғамның ұжымдық санасына салмақ түсіреді. Сондықтан Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұйғар­ды. Президент Тоқаевтың сөйле­ген сөзінде өзін-өзі қамта­ма­сыз етуге, өндіріске және елдің ұлт­тық әлеуетін толық пайда­ла­нуға баса назар аудара отырып, Қазақстанның қай бағытқа жылжитыны туралы көптеген мағлұмат берді. Жолдау реформаларды жалғастыруға қа­жеттілікті түсіндіреді. Бірақ онда ай­тыл­ған міндеттердің орындалуы ірі қа­ла­лар­дан бастап, Қазақстанның түк­пір-түкпіріндегі кішкентай ауыл­дар­­дағы би­лік өкілдерінің та­бысты жұмыс істеуіне бай­ланысты.

 

Альберто ТЮРКСТРА,

 «Diplomatic World» басылымы жобасының басшысы,

Бельгия