Білім • 19 Қыркүйек, 2023

Әскерден – университетке

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырдан бері Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктерін ұсыну арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттырып келеді. Жоба өзін ақтай бастады. Бүгінде жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігін 604 отандасымыз пайдаланған.

Әскерден – университетке

Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 19, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне – 17, М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетіне – 15, С.Торай­ғыров университетіне 10 азамат тегін оқуға түсті. Ақылы негіз­дегі ҰБТ-ны есепке алмағанда А.Мырзахметов атындағы Көкше­тау университетіне – 73, С.Торай­ғыров университетіне – 45, Ш.Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтына – 51, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 35 адам оқуға қабылданды. Осыларды ескере келе, Қорғаныс министрлігі студенттердің бұл санатын жатақ­ха­на­мен және шәкіртақымен қамта­масыз ете отырып, гранттар беру үдерісін заңнамалық реттеу жұмыс­тарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетейік, әскери қыз­мет­­шілерді тегін оқытуға іріктеу Қор­ғаныс министрлігінің порталын­да орналасқан «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүр­гізіледі. Қазіргі уақытта бұл ресурс­та 38 316 мерзімді қызмет сар­­базы тіркелген. 2022 жылдың күзін­де әскерге шақырылған 13 805 әскери қызметшінің бағалау көр­сет­кіштерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар үшін квоталарды бөлу биылғы жыл­­дың қазан-­қараша айларына жос­пар­лан­ған. Сонымен бірге 2023 жыл­дың көк­темінде әскерге шақы­рылған сарбаз­дарды да тіркеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 11 948 адам тіркелген.

Министрлік жобаны одан әрі танымал етуге ден қойып отыр. Сондықтан жастардың жеке жос­парлары мен армияның олар­дың жеке тұлға болып қалып­тасуындағы рөлі туралы бейнероликтер дайындалған.

Жобаның игілігін көрген жастардың қатарында Astana IT University-нің 1-курс студенттері Айдар Науша, Әмір Қайыров және Әділет Құдашев та бар. Олар жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын иеленген. Айдар Науша Қарулы күштердің Әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс әскерінде қызмет етті. Қазіргі уақытта «медиа-технологиялар» бағыты бо­йынша білім алып жатыр. «Оқуға түскендердің тізімі жарияланған кезде түн ортасында отбасымды тегіс оятып, қуанышыммен бөліс­тім. Әскердегі уақыт босқа өткен жоқ. Дене дайындығы және рухани жағынан дамыдым деп айта аламын. Мен Қарулы күштер қатарына жауынгер болып қабылданып, үйге ефрейтор дәрежесінде оралдым. Енді университетте лейтенант атағын алу­ды жоспарлап отырмын», дейді ол.

Университет базасындағы әс­ке­ри кафедра елдің жұмылдыру резервін толықтыру үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды да­яр­лайды. Оқу кезінде үшеуі де әскери кафедрада оқып, запастағы офицер болуға ниетті.

Қазіргі уақытта Қорғаныс ми­нистр­лігінен басқа бұл жобаға Ұлт­тық ұлан мен Мемлекеттік кү­­­зет қызметі де қатысады. Келе­шек­­­те Ұлттық қауіпсіздік комите­ті­нің Ше­кара қызметі мен Төтен­ше жағ­дайлар министрлігі де жүйеге қосылмақ.