Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2023

Дәуіртекті тұлға

210 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Уақыт дейтін қатал, қатыгез, қаһарлы сыншының тезінен сүрінбей өту – суреткер үшін үлкен сын, үлкен бақыт. Бұл – азабы мен мехнаты мол, қиындығы мен қиянаты жетіп артылатын ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің жемісі. Ары мен бары, қуанышы мен зары, нұры мен сыры сынға түскен айлардың, жылдардың көрінісі.

Дәуіртекті тұлға

Екі ғасыр ақиқатын тең көріп, екі дәуір шындығын ойы мен санасы, жү­регі мен тілегі арқылы өткізген, өт­кі­зіп келе жатқан қазақ көркемсөзінің аса көрнекті өкілі, қазіргі таңдағы ұлт руханиятының ұстыны бөлек абызы, ұлт биігіне көтерілген тұғырлы тұл­ға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әкім Тарази – уақыт дейтін осынау қатал, қатыгез сыншының тезі­нен сүрінбей өтіп келе жатқан жаратылысы бөлек суреткер.

Бұл – шығармашыл тұлғаны таныт­қан, мойындатқан уақыттың өз бағасы.

Әкім Тарази туралы әңгіме айтыл­ғанда… Көз алдымызға, әуелі, өткен ға­сырдың алпысыншы жылдары елестейді.

Алаш арыстарының аты аталмай, заты көмікте жатқан нәті қатты қоғам­ның аспанын «жылымық» дейтін жаңа сөз кезіп, жанға жылылық әкелген, ойға, санаға қанат біте бастаған кезең…

Дала мен қаланың арасына өздері­нің білік-білімімен, парасат-пайымымен, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениетінің кеңдігімен, тереңдігімен кең өріс ашып, ұлттың «өлгенін тірілтіп», өшкенін қай­та жаққан Алтай мен Атырау арасында жатқан ұлы байтақтың алпыс екі тамырына қазақы қан жүгіртіп, рухани әлемімізге үлкен өзгеріс алып келген, өмір, қоғам, заман, адам тану­дың ғаламдық сипаттағы үлгілерін қалыптастырған «алпысыншы жыл­ғылар» елестейді.

Бүгінгі тоқсанның көзталар биігіне туын қадап отырған Әкім Тарази – сол өрісімізді кеңейтіп, өркенімізді өсірген осы кезең әдебиеті мен мәдениетінің маңдай алды өкілі, классик жазушы.

Айтар болсаң, жеріне жеткізіп, сүйе­гінен өткізіп айт, әйтпесе, өзіңді де, өзгені де өзеуретіп алдама, дейтін суреткер­лік серт пен көркемдік қағидаға берік жазушының балаларға арнап жазылған алғашқы «Арман – атаманынан» бастап, әр жылдарда баспа бетін көріп, кітап болып басылған «Өрт», «Құйрықты жұлдыз», «Асу-асу», «Қиян соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Әулет», «Ақбердінің ауласы», «Дүниенің шеті», «Кен», «Жаза», «Тәж» секілді әңгіме, повесть, романдары; «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», «Қыз махаббаты», «Тұлпардың ізі» тәрізді республика театр­ларында кеңінен жүрген пьесалары сөзіміздің айғағы.

Бұл – суреткер ойы мен қиялының кеңдігін танытар шығармалардың біз білетін ұзын-ырғалы тізімі.

Иә...

Тізім ғана.

Ал тізімнің төркінінде қаншама уақыт пен қоғамның, адам мен заманның, дала мен ғаламның ара қатынасын анық­тайтын, мына ұлы дүние туралы тол­ғанған, тебіренген жүрек пен сананың ұйқысыз сәт-сағаттары, мазасыз айлары, тынымсыз жылдары жатқанын елестетіп көріңізші... Айлар тасасынан құрсауы берік, құрығы ұзын, қамыты мықты қоғаммен теңесіп отырып, тегеуріні берік текті сөз айтқан дарынды жастың жа­лынды ойын аңғаруға, жылдар тасасынан жігері мен намысын ұлттық намыс пен жігердің биігіне көтере отырып, кім-кіммен де терезесін тең ұстап тілдескен, асау заманын ақылмен ауыздықтап, халқының бар-жоғын түгендеу биігіне көтерілген шынайы суреткердің, парасатты көркемсөз иесінің, кең мінезді кемел ойлы тұлғаның, сабырлы ел ағасының пайымы мен болмысын тануға болады.

Міне…

Қалың елі төрінен орын ұсынып, ұлт руханиятының абызына айналған суреткер – Таразидің тәлімі мен тағдырлы кеңістігі осындай.

Жазушы туралы ой толғап отырып, кешегі күннің бірер үзіктері көңіл төрінен тіл қатты…

Соны қағазға түсірдім.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Өлең жазып, сөз дейтін сиқырлы әлемнің жетегіне жаңа ілесіп, мектепте жүрген күндер… Қолыма «Қазақстан пионері» газетінің бірнеше санында қатарынан жарық көрген Ә.Әшімов дейтін жазушының «Арман – атаман» дейтін пьесасы түсті. Жетінші класс оқу­шысының жан-жүрегін баураған әлгі шағын пьесаны бір топ бала қайыра-қайыра оқыдық. Қатарлас достарыммен пьесаның «читкасын» жасап, рөл бөлістік. Мелске – Мұрын, Елемеске – Теміртон, Коммунарға – Қазақбай тиді. Мен Арманның рөлін алдым. Сонымен... Әрқайсымыз сөздерімізді жат­тадық... Жасыратыны жоқ... Атқора-сиырқоралардың бұрыш-бұрышын «ре­петиция» жасайтын орын (сахна) етіп, әзірлікке кірістік... Қанша жасы­рып дайындалғанымызбен, біздің «спек­такліміздің» дақпырты мектеп директорының құлағына жетеді. Кон­торына шақырады... Әңгіме «Не бүл­діріп жүрсіңдермен?» басталды... Директорымыздың кабинетінде өрбіген «қатал әңгіменің» ақыры «Арман-ата­манның» колхоз клубында өткен «премерьасымен» аяқталды. Қысты күн қы­рауда трактор сүйреткен жойпан шанамен қойлы ауылдар мен бригада-бригадаларды аралап, елге театр көрсеттік. Театр, әртіс, режиссер, драматург дей­тін ұғымдардың қанатына қонып, Арман­ның арманына ілесіп, Африкаға кете жаздағаным әлі күнге жадымда... Аңғал, адал балалықтың бал күндері-ай. Сол күндерде театр дейтін киелі әлеммен алғаш танысып, бір батыр бабамыз туралы тұңғыш пьеса да жазған едім... Өлең мен өнердің жолына алып барар алғашқы сүрлеу-соқпағым екен ғой... «Ә.Әшімов» деген драматургтің Тарази екенін кейін білдім...

Ойлап отырсам, менің өнер мен театр­дағы жолымның тұма бастауы жас жазушы Таразидің осы пьесасымен басталған екен. Бірде сол оқиға туралы ағамызға айтқанымда жылы жымиып: «Байқаймын, мен осал болмаппын... Жазушылар одағының болашақ басшысының арманын оятыппын... Мәртебе! Мен туралы мақала жаза қал­саң, осы детальды ұмытпассың!» деп еді. Бүгін сол уәдені орындаудың сәті келді...

Өмірде асықпай сөйлеп, айтарын баптап айтатын қаламгер ағамызбен өнер майданында да, өмір майданында да, шүкір, аға-дос, іні-дос болып, әде­биет дейтін алберен ауылдың қызығы мен шыжығын бірге бөлісе көтерісіп келеміз.

Бір жолы бір қаламдас-әріптесіміз Әкім ағамызға «Сіздің пәлен дейтін мақ­таулы досыңыздың мынандай кемшілігі бар. Білесіз бе?» деді. «Қандай?» деді ағамыз. «Өзінен өзге ешкімді мойындамайды!» деді. Әкім Үртайұлы әлгі ақжүрек, адал әріптесіне барлай қарап: «Ол кемшілігі емес, ол артықшылығы!» деді. Әріптесім: «Даже... Сізді мойындамайды» деді қызбаланып. Ағамыз: «Ол да оның артықшылығы» деді сабырлы қалпын бұзбай... Әңгімеге нүкте осылай қойылды.

Бір жолы ағамыз телефон соғып: «Нұр­лан, сөз бар еді...» деді. «Келіңіз...» дедім.

Келді.

«Сайынның юбилейі келеді. Өзің білесің... Ағаң өліп кетсе де өзі туралы өтініш айтпайды. Қазақтың Чеховы ғой. Нағыз классик. Не ойың бар? Атаққа... Халық жазушысына ұсыну керек» деді. Достың дос туралы айтқан адал сөз, жомарт ойына риза болдым. Араға екі-үш күндей уақыт салып, Сайын ағаны шақырдым. «Қыр астында алпыс тұр, Сәке. Мерейтой. Дұрыстап өткізейік. Қаласаңыз, Әуезов театрында... Баяндамашыны белгілейік» дедім. Ағамыз жүзінен нұр төгіліп тұратын ерекше жан еді ғой. «Ойланайық... Ақын­дар өлең оқып, залды ұстайды. Біз прозаикпыз. Театр... Қалай болар екен?» деді. «Атаққа ұсынайық... Халық жазу­шысына...» дегенімде, ағаның ашаң жүзі қысылып, қызарып кетті. «Нұрлан, шырағым. Пейіліңе рахмет! Шын сөзім. Өзің жақсы білетін бес саусаққа сиятын Қалихан, Қабдеш, Рамазан, Сайын, Әкім дейтін бес тапалдың үлкені – Әкім аға бар. Әуелі соны ұсыныңдар... Оның үстіне мен «Жабайы алмадан» соң... Жаза алмай жүрмін... Әкім ағаң өндіртіп жазып жүр. Маған, жоғарғы жақ қиса, қарсы болмаса «Қайраткерлік те» жетеді» деді.

Бірінің сыртынан бірі бөтен сөзбен ауыз былғамай, бірінің сөзін бірі сөйлеп, бірінің намысын бірі іздеген сөз дейтін ұлы өнердің қос бірдей сәйгүлігіне, тұлпартекті жүйрігіне іштей сүйсініп ем сонда... Бүгін де, міне, сол сәт, сол күндерді еске алып отырмын. Сүйсініп отырмын.

Есіме Сайын Мұратбековтің сол жолы: «Әкім Тарази алып дәуірмен алысқан алыптар қатарынан...» деп еді.

Бүгін...

Сол досы туралы айтқан достың әділ бағасы тілімнің ұшына оралды.

Ақиқат сөз…

Шынында да…

Жалын мен парасат, ой мен сезім шығармаларында қанаттаса өрілген суреткер Таразидің сүмбіле түніндей тұнық, жұлдызы жарқырап жанған, жайдары жаздың аспанындай ашық көркем әлемі оқырманын әсте бейтарап қалдырмайды. Жазушының дәуір суреті мен кескінін тануға, бағалауға, характерлер мінезі мен қаракетін тап басып айыруға барынша шебер қызмет ететін үлгісі мен үрдісі бөлек қолтаңба қай тұста да жүрісі­нен жаңылмайды. Сөзге сараң, ойға бай, баян­дау үлгісіндегі қарапайымдылық пен қағылездік астарынан адамдар мінезі мен тағдырының қырық қатпарлы сыр-сипаты аңғарылатын, табиғаттың төрт мезгіліндей алуан-алуан ойлардың тоқтаусыз ағысының үні байқалатын қаламгер кеңістігіне еріксіз сүйсінесіз. Ойы нақты, сезімі шалқар, бояуы қанық, өмірдің өзіндей бірде мұңды, бірде қажырлы, бірде нұрлы, бірде сабырлы сөз әлемімен сарқыла сырласып, әңгіме-сұхбат құрып беттесіп отырып, кешегінің қасіреті мен қуанышын ғана сезінумен шектелмей, жұмыр басты пендеге тән бүгінгі өмір, тіршілік ақиқатымен де жүздескендей күй кешесіз.

Соғыстан аман шығып, есін енді-енді жиған елуінші жылғы ел өміріне қанық, бала күндері жетімдер мен жесірлердің көз жасымен жуылып өскен буынның белді, беделді, көш бастар өкілі – Әкім Таразидің бойындағы айрықша бір бөліп айтар қасиеті, суреткерлік мінезі – асықпай, аптықпай, алдына келген жанның қабағына қарап, көзін оқу, жанын тану. Бұл – бар мен жоқты қатар көрген, жоқтың да, бардың да қадірі­не жеткен өмір, тіршілік иесінің ғана қолынан келер іс.

Әкім Үртайұлының бойындағы осы бір сирек қасиетті құрбы-құрдастары мен өкшелес інілерінің де бойларынан аңғарамын. «Қызыл кітапқа» еніп бара жатқан кісілік пен кішіліктің нышаны. Өмір мен заманның әлгіндей ауыр мектебінен өткендіктен бе, әлде бұйрықтың ісі ме, бұл буынның көбі дарынды, білімді, білікті. Оқығаны мен тоқығаны мол. Халық жүрегіне жол табар әдебиеттің бір олжалы кезеңі де осы буынның еншісіне тиген.

Сөз сөйлесе, ойланып сөйлейтін, ой толғаса, толғанып айтатын, жараты­лысынан сабырлы, «қалдым» деп сас­пай­тын, «оздым» деп таспайтын сурет­кердің: «Бәрімізді жаратқан Алла. Оған ешкімнің дауы жоқ. Мені де жаратқан, менің Қалиханымды да жаратқан Алла... Өмірдің қызығы мен қуанышын сый­лаған (құдайдан кейінгі) ата-анам. Мені жа­зушы жасаған тағдырым, ортам, зама­ным, дәуірім. Жазушылық тағды­рымды тәрбиелеген, жетілдірген дос-жарандарыма, замандастарыма, еліме, ортама ризамын» деуі көңілге қонады.

Әкім Тарази әлемі – танымы терең, талғамы нәзік, кірпияз әлем.

Әкім Тарази әлемі – ұқсамайтын тағдырлардың ұйқаспайтын мінезін «тайға басқан таңбадай етіп» анықтар, от пен судың, ыстық пен суықтың, ма­хаб­бат пен зұлымдықтың, аярлық пен адалдықтың, қаталдық пен мейірім­діліктің, қасірет пен қайғының күн мен түндей қатар өрілген ғажайып әлемі.

Өз басым жазушы болмысын даралай түсер осындай ерекшелікті қалам­гер есімін «алпысыншы жылғылар­­дың» алдыңғы сапына алып шыққан «Құй­рықты жұлдыз», «Асу-асу», «Өрт», т.т. повестерінен, сондай-ақ алпысыншы, жетпісінші жылдары қазақ драматургиясы мен театрына жаңа леп ала келген «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт» пьесаларынан көремін... Жазушының талантты өкшебасар інісі Смағұл Елу­байдың сөзімен айтқанда, «Әкім Тарази алып империямен іштей ымыраға келмей, қаламгерлік ұстанымына шаң қон­дыр­маған» сирек бітімді суреткер.

Бұл шығармалардың өмірге келіп, оқырман жүрегіне жол табу кезеңі осы күні сексенге бет түзеген, өкі­ніш­ке қарай, қатары ерте сиреген менің буы­нымның әдеби-көркем талға­мы­ның қалыптасуымен тұспа-тұс келеді. Жас кезде оқылған дүниелердің артық­шы­лығы да, кемшілігі де адам жадынан кет­пейді... Әкім Тарази қаламы шың­дап, қиялға қанат бітірген тағылымы терең, табиғаты таза көркем дүниелер біздің жадымызда жаңашылдығымен қалды. Тартыссыздық ауруынан енді-енді айығып, бой жазып, талғам мен та­нымның, уақыт талабына сай, жаңа бет­тері өзгеше өріс алған кезеңде, әрісі – әлем, берісі – Одақ көлемінде ауызға ілігіп жүрген озық шығармаларды іздеп жүріп, жарысып оқуға құмар ұрпақтың санасына Таразидің Жақсы кісілері мен Мүйізбайлары, дәуір қоржынында жүріп, жаны жаңқаланған Асау Бөкендері мен Кірпішбайлары бір-бір көркем образ бо­лып сомдалды. Кеңестік дәуірдің дәл сол тұстағы «мещандық тәрбиесі» жаны мен жүрегін ұйыққа батырған астарында сарказм мен әжуа, комедия мен трагедия қатар өрілген бұл кейіпкерлер, ту­расын айтсақ, социалистік реализм қалып­тас­тырған наным мен сенімнің тамыр жай­ған дәуіріне, дәлірек айтқанда, сол дәуір идеологиясына аса ұнай қойған жоқ...

Алпысыншы жылғы шырағы жылт етіп жанған еркін ойлау мен еркін сөй­леудің «басынан бағы ұша бастаған» жетпісінші жылдар Тарази тәрізді ойы батыр, сөзі батыл суреткердің жо­лын қиындатып, қорығын тарылта бас­тады. Өзінің отбасы өмірі мен күнде­лікті қызметіндегі өмірі бірінен-бірі алшақ жатқан «жақсы кісілердің» таби­­ғаты қалай «күмән» шақырса, екі жеп, биге шығып, өрлеу жолында ал­дау мен арбаудың қай түрінен де бас тартпайтын басы дауға түскен Бөкен­дердің тағдыры мен әрекеті соны сипатты драмалық туындылардың «жолын байлағаны», кезінде көп дау-талас тудырғаны белгілі. Ашулының қи­мылын шектеп, ашынғанның аузын жабудың сан түрлі әдісін игерген идео­логияшыл қоғам өзі сомдап шы­ғарған әлгі өз кейіпкерлерінен өзі бас тар­тып, бас сауғалап жатқан кезеңде билік­­­тен бұдан өзге әрекет күту мүмкін емес еді... Соның салдарынан «Жолы бол­ғыш жігіттің» қазақ сахнасындағы жо­лы «болыңқырамай», көрермен игілі­гіне айналар жолы ұзаңқырап кетті. Қайта, керісінше, пьесаның аудармасы («Везучий Букен») орыс театрлары­ның назарына жиі ілігіп жатты. Ежелден белгілі «ескі аурудан», яғни озық дү­ние­лерімізбен Мәскеу айналып жүріп, орыс тіліндегі тәржімасынан соң зорға табысатын «қоғам дертінен» айтулы пьеса да сырт қалған жоқ. Әрине, бұл жайт кезінде қырыққа жетер-жетпес жастағы пьеса авторының басына біраз қара бұлт төндіргені рас.

Дегенмен... Уақыт – сыншы... Бәрін де өз орнына қойды. Тарази кейіп­кер­­­лерінің жаны, жүрегі өртке оранып, адамзат пен ұлтқа ортақ ұлы құн­­ды­лықтар үшін жанталаса майдан ашқан тұтас бір дәуірді ойымның сүз­гі­сіне салдым. Бүгінде айтыла-айтыла қадірі кете бастаған демократия дей­тін ұғым сирек ауызға түсетін қатал, қаты­гез жүйеге ойша оралдым. Тарази кейіп­керлерімен жүздестім. Соларды өмір тайталасына салған қоғам мен қоғам­дық құрылымның тағдырына, тамырына көз жүгірттім. Алты құрлықтың бағыт-бағдарын өзгертіп, әлемнің сая­си картасын түбірімен жаңартқан тәуел­сіздену дәуірінің өткен ғасырдың 90-жылдарындағы демократиялық өр­леудің басы осы алпысыншы жылдар­да жатқанын сезіндім. Тіпті қазақ ұлты­ның тағдырында тарихи орны зор, ұлы бетбұрыстың басы болып, ха­лық жадында жатталар Желтоқсан көтері­лісінің өзі бастауын осы сірескен сеңді тұң­ғыш еріткен, ой-сана атаулыға еркін­дік дейтін киелі ұғымның шуағы мен нұрын молынан шашқан «алпысыншы жылғылардың» арманы мен мұратынан алғанын мойындауымыз керек. Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, «таяқты жегізіп те, таяқты жеп те жүріп», буыны бекіп, сүйегі қатқан еркінойлы тұлғалардың әдебиетте ғана емес, өнер, ғылым, білім, қысқасы, қо­ғамдық өмірдің бар саласында (мемле­кеттік құрылымдарда да) кеңінен қанат жая жүріп, қоғамдық ой мен сананың өрістеуіне жан-жақты ықпал еткенін бай­қаймыз.

Әкім Таразидің қаламгерлік қары­мы мен суреткерлік арыны – тұлға тұғыры­на көтерілген жанның өзгеше әлемі, жаратылысы, болмысы біз айтып отырған дәл осы кезеңнің тікелей көрінісі. Бір тұлға хақындағы ойымыздың бір буын өмірімен тікелей ұштасып, бір буын жайлы әңгімеміз бір тұлға туралы пікі­рімізбен қойын-қолтық сабақтасып жатуы да соның белгісі... Сондықтан шынайы концепциялық сипатқа ие болған жазушының суреткерлік кредосы мен азаматтық бітімін «Мені жазушы жасаған тағдыр...» деп жазушының өзі айтқан тоқтамды сөзінен, философия­лық тұжырымынан көруге болады.

Дүниелік құбылыстың қай-қайсы­сына да барынша байсалды, байыпты терең көзқараспен қарай отырып, саралап, талдап баға беру – іріліктің нышаны. Кесек мінезді суреткерліктің айқын белгісі! Табиғат ірі етіп жаратқан жанның ұсақтауға хақысы жоқ. Ұсақтанғаны – үгілгені, үгілгені – өз ұстанымынан айырылып, тағдыры алдында бүгілгені.

Біз білетін суреткер, қайраткер Тарази – өз тағдырын өзі жасап, өз қалы­­бына өзі оғын құйған қорғасындай сал­мақ­ты, үгілуден аулақ, бүгілуді білмейтін тұлға.

Адам – қай кезде де өзі өмір сүрген уақыт­тың төл перзенті.

Бұл – әлімсақтан белгілі жазусыз қағида.

Осы бір «жазусыз қағидаға» біз өмір сүрген екі ғасыр тоғысы аз-кем толық­тыру жасады. Өзгеріс енгізді! Ұлт пен ұрпақ жүгін көтерер тұлғаларға, әсіресе қазіргі қазақ қоғамының жағдайында қаламгерлік қарымы мен қайраткерлік арыны үйлескен ірі тұлғаларға уақыт­тың ғана перзенті болу аздық ететініне көзіміз жете түсуде. Халық ойын айтып, ел тағдырына ара тұрар, елдік биікке көтерілген тұлғаларға, уақытпен бірге ұлтқа, ұлттық рухқа. ұлт болмысын танытар іргелі ұғымдарға тікелей қызмет етер ел перзенті бола білу де парыз екені анық аңғарылып отыр. Бұл міндеттің үдесінен пендешілік атаулыдан бойын аулақ ұстайтындар ғана шықпақ.

Әкім Таразидің суреткерлік жаратылысы мен болмысынан, өз басым, уақытпен қатар, елінің де перзенті болар ірілік бітімді, кесек мінезді көремін.

Бұл – уақыт дәлелдеген шындық!

Өз кейіпкерлері іздейтін әділдік пен адалдықты мына бидауа мінезді өзгерген өмірдің өрісі мен айдынына қатар салып, «мылтықсыз майдан» атты кеңістікте жүрегі мен тілегін қатар жегіп, сабырынан жаңылмай, ойын алаңдатқан заман, дәуір, ел, қоғам өміріне қатысты пікірлерін жасқанбай, еркін айту – Әкім Таразидің суреткерлік бітімі мен қайраткерлік қалыбын танытар қасиеті, азаматтық кескіні.

Біз білетін Әкім Тарази – суреткерлік болмысы ірі, жаратылысы таза, кісілік пен кішіліктің абыройлы асқарына көте­рілген халықшыл, қоғамшыл, мемле­кетшіл тұлға.

Ол мен үшін өмірде – сырлас-аға, әдебиетте – ойы мен мұраты табысқан қаламдас. Уақыт кеңістігімен есептегенде, айдыны кең, айбыны мықты замандас. Абыз ойлы ақсақалымыз.

Ұлттық көркем әлемімізді, өзі­нің өзгеше жазу өрнегімен, ойлау, сөй­леу мәдениетінің кеңдігімен, өрелі тұл­ға­лық болмысымен байытып, жаңа дәуір босағасын іргелі өміршең шығар­маларымен аттап, өзгерудің өркенді жолын таңдаған жұртымыздың өрінде, тоқсанның төрінде отырған хас бітімді суреткерді әр кез оқырман ойының ұлан-ғайыр кеңістігінен көруді бұйыртсын.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты