Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2023

Ұлттың мұңы – қара түс

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сұлулыққа бәрі құштар. Әдемі картинаға да сан түрлі бояулардың үйлесімін көру үшін қараймыз. Суретшінің талантынан туған бояулар толқыны көңілге бір жылылық сыйлайтындай елегізиміз. Қарап тұрып өз әнімізді тыңдағымыз келеді. Дыбыссыз музыкаға қимылсыз билегіміз келеді. Бәрі эстетикалық ләззат алу үшін.

Ұлттың мұңы – қара түс

Ақын Сырбай Мәуленов су­ретші туралы өлеңінде сырлы өнердің тереңіне үңіледі.

«Тұрақтамай әлі де,

Тұр қиялы дағдарып.

Байыптайды бәрін де,

Ойымен он аударып.

Қолын созып ұсынды,

Әлденеге ойы ауған.

Алмақшы ма бір сырды,

Аспандағы бояудан», дейді ақын.

Дегенмен картина тек әсем­діктен тұрмайтыны тағы анық. Кез келген көркем туынды сол уақыттың, сол қоғамның тынысын суреттейді. Астарында қандай да бір ой, сыр, шындық, көзқарас жатады. Ол тіпті құпия болуы да мүмкін. Ал кей картиналарға қарап тұрып, өлең оқығың келеді. Енді бір сәтте асқақ поэзияның нәзік әуезі есіп, өлеңді өзің емес, сурет оқып тұрғандай әсер­де боласың. Иә, суретшінің шебер­лігімен ақынның даусы картинада да бейнеледі.

Суретшілер одағының мү­ше­сі, график-кескіндемеші Алмас Сырғабай шығар­машы­лығының бір бөлігі Мұқағалиға арналған. Ақынның өлеңдері су­ретші қыл­қаламымен түрлі бояуға еніп, жан сыры сурет­ке айналады. Алмас Сырға­бай­­дың «Хан Тәңірі» сериясымен салынған суреттері, «Б.Момышұлы», «Күту», «Май­гүл», «Көш», «Байынқол», «Дала тө­сіндегі жылқылар», Мұқа­ға­ли­дың шығармасы желісі­мен салынған «Шеше, сен бақыт­ты­сың», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!» сынды картиналары көрерменге ерек­ше ұнайды. Суретші бұдан бө­лек Мұқағалидың кітаптарын да безендіріп жүр.

авп

«Таңертең ерте оянып далаға шықсаң, қарсы алдыңда қасқайып Хан Тәңірі қарап тұрады. Сол мұзарт шың іштегі ұйықтап жат­қан бір талантыңды жыбырлатып, маза бермейді. Тауға қарап тұрып, өлең жазбау, сурет салмау мүмкін еместей көрінетін. Осы мазасыздықтан кейін Мұ­қағалидың өлеңдерін оқып, алған әсерімді суретке түсіріп отырдым», дейді суретші.

Саяси қуғын-сүргін тақыры­бы да Алмас Сырғабай қылқа­ла­мы­на таңсық емес. Суретші зұлмат жылдардың қасіретін қа­ра бояумен бейнеледі. Ұлттың жан азабын, жазықсыздың жан дауысын күңіренген бояулар­­дың соқтығысымен суреттеді. Оның «Қа­ра орамал», «Жанталас», «Қа­­ралы көш», «Мұңлы әуен» кар­­тиналары мен алашордашылар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Мағжан Жұ­ма­­бай, Халел Досмұхамедұлы, Мұ­­хаметжан Тынышбайұлы, Әлім­хан Ермекұлы және басқалары­ның портреттері сол қа­сіретті жыл­дар­дың көлеңкесін ғана емес, халықтың ашынуын, торығуын, үрейін, оған қоса мұқалмас қай­рат-жігерін де бере алған. Ав­тордың осы тақырыптағы бір­неше жыл бұрын елордада өт­кен «Жоқ, ұмытуға болмай­ды!» ат­ты шығармашылық көрмесі әлі есі­­мізде. XX ғасырдың 20-50-жыл­дарындағы жаппай сая­си қуғын-сүргінге арналған экс­­позиция жүрек түкпіріндегі ең бір аяулы сезімдерге қозғау салады. Кенеп бетінде күрделене түскен қара, қызыл, ақ түстердің буырқанысы суретшінің жан тебіренісін күмәнсіз аңғартады. Азапты өмірдің тозағы менен мазағы қасіретті жылдардың азалы күйін шертеді. Осының бәрі мұңды әуенмен композицияға жан кіргізіп тұрғандай.

«Суретші шендестіруге шебер. Қоғалы көлдер, қом сулар – құтты қоныс болған қазақ даласының тыныш түнінде ай жылап тұр, түрме тозағын көрген аналардың бастары қосылып, бір үлкен балбалтас құрайтын азалы бейнесі, жазықсыз жандардың қанын судай ағызған кесірлі жүйенің кеспірсіз жыландай ысылдауы, көртышқандар мен атжалмандар жайлаған ортада қу тізесін құшақтаған ана образы, іш құрылысын шынжырлап тастаса да, айға атылған арғымақтың атойы, көне дүниеден үзілмей келе жатқан тарихымызды оқыт­пай­тындай етіп балбал тастарды тікенекке орап тастауы, айта берсек көп, санасында саңылау бар барша адамзат баласына үлкен ой жүктейді», дейді суретші.

Автор шығармашылығына үңілсек, азаматтық ұстанымы бір­ден білінеді. Суретшінің ер­кін тақырыбының өзі қазақтың өнеріне, қазақтың тағдырына, та­рихына құрылған. Ұлтының бастан кешкен тауқыметін сан түрлі бояудың толқынына салған су­ретшінің әр шығармасының ас­тары­нан өз даусы естіледі.

Алмас Сырғабай сурет өнеріне өзіндік өр даусымен батыл кірді. Қаншама жылдан бері қатып-семген сеңді қылқалам қуаты­мен өз шама-шарқынша бұзуға тырыст­ы. Оның қаламынан әлі талай ақтаңдақтардың жан сөзі, жан мұңы төгілер.

Сондай-ақ суретші Ахмет Бай­тұр­сынұлының 150 жылдығы­на, Амангелді Имановтың 150 жыл­дығына, Қаныш Сәтбаев­тың 125 жылдығына орай салын­ған ме­рейтойлық логотиптердің де авто­ры. Айта кетейік, автор ке­йінгі жылдары елімізде де, ше­­телде де танылып үлгерді. «Диа­лог Еур­а­зия»­ платформа­сы Түркия мемлекетінің үш қала­сында (Ыстанбұл, Бур­са, Из­мир) шығармашылық көр­ме ұйым­дастырды.