ХИРОСИМА-1994
Аталған жарыста Азияның үш алпауытымен иық тіресу мүмкін болмады. Әдеттегідей Қытай құрамасы жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Қытай елінің өкілдері 266 (125 алтын+83 күміс+58 қола) жүлде алды. Екінші және үшінші орындарды Жапония мен Оңтүстік Корея өзара бөлісті. Жарыс қожайындары 218 (64+75+79) рет жеңіс тұғырына көтерілсе, корейлер 183 (63+56+64) мәрте дәл сондай құрметке бөленді. Ал мәртебелі төртінші орынды Қазақстан иеленді. Біздің спортшылар 77 (25+26+26) медальды мойындарында жарқыратты. Күншығыс елінде өткен байрақты бәсеке несімен есте қалды? Жазғы Азиадада жасындай жарқылдаған жерлестеріміздің кейінгі спорттық жолы табысты болды ма? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Әңгімемізді бас жүлдені олжалаған 25 саңлақтан бастауды құп көріп отырмыз. Хиросимада теңдессіз деп танылған грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко мен бессайысшы Александр Парыгин арада екі жыл өткеннен соң Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында алтын тұғырдан қол бұлғады. Егер Мельниченконың бұл табысы ешкімді таңдандырмаса, Парыгиннің көрсеткіші «Сенсация!» деп бағаланды. Мергендердің сайысында дараланған Сергей Беляев АҚШ-та қос күміспен күптелсе, Владимир Вохмянин қолаға қол созды. Алаштың алтын асықтай ұлы Мәулен Мамыров еркін күрестен өткен жарыста үшінші орынды еншіледі. Желаяқ Ольга Шишигинаның Атлантада асығы алшысынан түспегенімен, ғасырлар тоғысында Сиднейде өткен Олимпиадада алтыннан алқа тақты.
Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жапонияда күміс медальды иеленген Александр Винокуров екі бірдей Олимпия ойындарында атой салды. 2000 жылы Сиднейде күміс алса, 2012 жылы Лондонда шашасына шаң жұқтырмады. Күншығыс елінде жүлдегерлер қатарынан көрінген боксшы Василий Жиров Америкада еліміздің әнұранын шырқатса, Болат Ниязымбетов үшінші сатыға табан тіреді. Ауыр атлет Анатолий Храпатый Атлантада, балуан Ислам Байрамуков Сиднейде екінші орынды иемденді. Міне, Хиросимада теңдессіз өнерімен танылған саңлақтар төртжылдықтың басты додаларында осындай толағай табысқа қол жеткізді. Иә, Жапониядан отандастарымыздың олжалы оралатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Себебі аталған Азиадада Қазақ елінің намысын қорғағандардың барлығы да кеңес одағының шыңдалу мектебінен өткен сақа спортшылар еді.
Бір өкініштісі, Хиросимада жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің спорттық даңқын арттырған дүлдүлдердің біразы қазір арамызда жоқ. Велошабандоз Андрей Кивилев 2003 жылы 29 жасында, үш қарғып секіруші Олег Сакиркин 2005 жылы 49 жасында, мерген Сергей Беляев 2020 жылы 60 жасында бақилық болды. Олардың барлығы да 1994 жылғы Азиадада жеңімпаз атанған еді.
БАНГКОК-1998
1998 жылы Бангкокта ұйымдастырылған Азия ойындарында Қытай (129+78+67) топ жарса, Оңтүстік Корея (65+46+53) екінші орынға көтерілді. Жапония (52+61+68) үшінші сатыға жайғасты. Ал төртінші орын үшін тартыс Таиланд пен Қазақстан арасында өрбіді. Бұл бәсеке жарыс қожайындарының пайдасына шешілді. Олар 90 (24+26+40) жүлде алса, отандастарымыз 78 (24+24+30) медальмен шектелді.
Тай еліндегі аламанда Қазақстанның ескекшілер құрамасы ерледі. Олар 8 алтын мен 2 күміс медальды қоржынға салды. Өкінішке қарай, сол үрдісті біз жалғастыра алмадық. Содан кейінгі жылдары жүлделер саны кеми бастады. Уақыт оза ескек есуден ел құрамасы сары құрлықтағы ортаңқол командалардың біріне айналды. Ескекшілермен қатар жеңіл атлеттер (4+4+5), мергендер (3+6+4) және боксшылар (3+1+1) елеулі табысқа қол жеткізді.
Бангкокта бас жүлдені олжалаған боксшылар Ермахан Ыбырайымов пен Мұхтархан Ділдәбеков 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді. Ермахан – алтын, Мұхтархан – күміс алды. Желаяқ Ольга Шишигина шашасына шаң жұқтырмай, алтыннан алқа тақты.
ПУСАН-2002
2002 жылы Азия ойындарын Оңтүстік Кореяның Пусан қаласы қабылдады. Бұл жолы Қазақстан қайта төртінші орынға көтерілді. Отандастарымыз 20 алтын, 26 күміс және 30 қоланы қоржынға салды. Үздік үштік өзгеріссіз қалды. Бірінші орын – Қытай (150+84+74), екінші орын – Оңтүстік Корея (96+80+84), үшінші орын – Жапония (44+74+72).
Пусанда да бас жүлденің денін жеңіл атлетика (3+4+5) мен ескек есуден (3+4+2) олжаладық. Нысана көздеу (2+4+8), бокс (2+3+2), грек-рим күресі (2+1+0), ауыр атлетика (2+1+0) және бессайыстан да (2+0+2) нәтижеміз жаман болған жоқ.
Аталған Азиадада алдына жан салмаған боксшы Геннадий Головкин, балуан Георгий Цурцумия, ауыр атлет Сергей Филимонов 2004 жылы Афина Олимпиадасында күміспен күптелді. Пусанда екінші орын алған онсайысшы Дмитрий Карпов ежелгі Эллада елінде үшінші сатыға табан тіреді. Қола жүлдені еншілеген дзюдошы Асхат Житкеев төртжылдықтың басты додасында күміске қол созды. Дәл сол межеден көрінген велошабандоз Александр Винокуров 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанды.
ДОХА-2006
2006 жылы Азиаданың алауы Қатар астанасы – Дохада тұтанды. Дүбірлі додада үздік бестікті мына командалар құрады: Қытай (165+88+63), Оңтүстік Корея (58+52+82), Жапония (50+71+78), Қазақстан (23+20+42), Таиланд (13+15+26). Парсы шығанағында құралайды көзге атқан мергендер өздерін жақсы қырынан көрсетті. Олар 17 (4+6+7) жүлде алды. Оған стенд атушылардың бір алтынын қосыңыз. Жеңіл атлеттер де өз жанкүйерлерін қуантты. «Спорт падишасының» өкілдері 4 алтын, 3 күміс және 2 алтынды еншіледі. Ескек есу (2+2+3), ауыр атлетика (2+0+1) мен көркем гимнастиканы (2+0+1) серік еткен сайыпқырандар Қазақ елі әнұранын екі реттен шырқатты.
Сөз орайы келгенде Дохада Әлия Юсупованың теңдессіз өнеріне тамсанғанымызды айта кетуге тиіспіз. Көркем гимнастиканың хас шебері екі рет алтыннан алқа тақты. Үш қарғып секіруде асығы алшысынан түскен Ольга Рыпакова кейіннен үш бірдей Олимпиададан олжалы оралды: 2008 жылы Бейжіңде – күміс, 2012 жылы Лондонда – алтын және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медальды мойнында жарқыратты. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев арада екі жыл өткеннен соң Қытай елінде өткен Олимпия ойындарында бас жүлдені жеңіп алды. Даңқты зілтемірші Илья Ильиннің де бұл ересектер дуындағы тырнақалды табысы болды.
ГУАНЧЖОУ-2010
2010 жылы байрақты бәсеке Қытайдың Гуанчжоуында өтті. Жеңіл атлеттер (4+4+3) мен ауыр атлеттердің (3+2+4) қоржыны толды. Бокс (2+2+2), каратэ (2+0+1) мен көркем гимнастикадан (2+0+0) нәтижеміз тәуір болды. Ал бұрындары Азиадада алдына жан салмай жүрген нысана көздеушілер (1+3+2) мен ескек есушілер (0+4+3) сенім үдесінен шыға алмады. Бір қарағанда, олардың алған медальдары аз еместей көрінеді. Бірақ спорттың аталған түрлерінен сарапқа салынатын жүлделер жиынтығының көптігін, елімізде жеңіспен өрілген дәстүрдің барын ескерсек, жоғарыдағы көрсеткішке көңіліміз толған жоқ.
Жалпы есепте қайта бесінші орынға сырғыдық. Гуанчжоуда алдымызды Қытай (199+119+98), Оңтүстік Корея (76+65+91) мен Жапониядан (48+74+94) бөлек, Иран (20+14+25) құрамасы орап кетті. Статистикалық мәліметтерге зер салсаңыз, Парсы елінің спортшылары бұған дейін біздің жетістігімізге маңайлай да алған жоқ еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін олардың әр Азиада көрсеткішіне тоқталайық: 1994 жыл, Хиросима 26 (9+9+8) жүлде. Нәтижесі – 6-орын. 1998 жыл, Бангкок 34 (10+11+13) жүлде. Нәтижесі – 7-орын. 2002 жыл, Пусан 36 (8+14+14) жүлде. Нәтижесі – 10-орын. 2006 жыл, Доха 48 (11+15+22) жүлде. Нәтижесі – 6-орын. Ал Қазақстанға бұйырғаны – 18 алтын, 23 күміс және 38 қола.
Қытайда боксшылар Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов, балуан Нұрмахан Тыналиев, ауыр атлет Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедованың асқан шеберлігіне тәнті болдық.
ИНЧХОН-2014
2014 жылы Азия ойындары қайта Оңтүстік Кореяға оралды. Сары теңіз жағалауында орналасқан Инчхон қаласында өткен дүбірлі додада Қазақстан алтын медаль саны жағынан өзінің жеке рекордын жаңартты. Инчхонда әнұранымыз 28 мәрте шырқалды. Оған 23 күміс пен 33 қоланы қосыңыз. Барлығы – 84 жүлде. Нәтижесінде, төртінші орынға тұрақтадық. Көш басында сол баяғы үштік: Қытай 342 (151+108+83), Оңтүстік Корея 234 (79+71+84), Жапония 200 (47+76+77) жүлдеге иелік етті.
Отандастарымыздың арасынан ең табысты өнер көрсеткен – жеңіл атлеттер. Олар 3 алтын, 1 күміс және 2 қола иеленді. Жүзуші Дмитрий Баландиннің өзі екі алтын алды. Дзюдодан Азиаданың тұңғыш алтыны қоржынымызға түсті. Оның иегері – Елдос Сметов. Теннисшілер сайысында құрамында Андрей Голубев, Михаил Кукушкин және Александр Недовесовтей ойыншылары бар командамыз бас жүлдені олжалады. Грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тыналиев аталған жарыстағы өзінің екінші алтынына қол жеткізді.
ДЖАКАРТА-2018
Осыдан бес жыл бұрын Индонезияның астанасы –Джакартада өткен Азия ойындары Қазақстанның спортшылары үшін сәтсіз аяқталды. Жүлделер саны 76-ға жеткенімен, алтынның аздығынан жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 9-орынды қанағат тұтты. Тарқатып айтсақ, 15 алтын, 17 күміс және 44 қоланы еншіледік. Қытай 289 (132+92+65), Жапония 204 (74+56+74) және Оңтүстік Корея 177 (49+58+70) секілді Азияның үш алпауытынан бөлек, Индонезия 98 (31+24+43), Өзбекстан 70 (21+24+25), Иран 62 (20+20+22), Тайпей 67 (17+19+31) және Үндістан 69 (15+24+30) сынды мемлекеттер алдымызды орады.
Джакартадағы велошабандоздардың бәсекесінде Алексей Луценко екі рет топ жарды. Көркем гимнасшылар сайысында Алина Әділханова да дәл сондай құрметке бөленді. Ол жекелеген және командалық сайыста алтыннан алқа тақты. Ескек есу, джиу-джитсу және самбодан қос алтыннан олжаладық. Жүлделер жиынтығы молынан сарапқа салынатын жеңіл атлетика мен семсерлесуден бір-бір алтыннан алсақ, жүзу мен велоспортта бас жүлде бұйырмады. Ең өкініштісі, көптеген байрақты бәсекеде Қазақстанның даңқын арттырып жүрген боксшылар мен балуандардың бірде-біреуі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмады.
Сол кезде жерлестеріміздің Джакартадағы көрсеткішін кездейсоқтыққа балап, көп нәрсеге көз жұма қараған едік. Ел спортының тізгінін ұстаған басшылар да осы сәтсіздіктен сабақ алмады. Соның зардабын 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында молынан тарттық. Жапонияда Қазақстан алтын тұрмақ, күміске де қол жеткізе алмады. Жер-жаһанның жампоздары жиналған жарыста сегіз қола медальмен шектеліп, жалпыкомандалық есепте қалың топтың арасында қалып қойдық. Нақтылап айтсақ, 83-орынды қанағат тұттық...