Биылғы Дэвис кубогіне Болгарияның басты жұлдызы, әр жылдары Уимблдон және АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерінде жартылай финалға дейін жетіп, АТР турнирлерінде сегіз рет дара шыққан Григор Димитров қатысқан жоқ. Бұл жағдай біз үшін қолайлы болды. Аталған мемлекеттің өзге ойыншылары аса мықты емес еді. Тұсаукесер бәсекеде Тимофей Скатов (әлемнің 121 ракеткасы) Димитар Кузмановпен (№178) біраз тіресті. Алғашқы сетте болгариялықтың мысы басым болса, қалған екеуінде жерлесіміздің асығы алышысынан түсті. 2 сағат 46 минутқа созылған тартыс 3:6, 6:4, 6:3 есебімен Скатовтың пайдасына шешілді.
Көп кешікпей Александр Бублик (№29) пен Янаки Милев (№567) кортқа шықты. Еліміздің бірінші ракеткасы әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған қарсыласын еш қиналмай ұтты. Есеп – 6:4, 6:1. Бұл бәсеке 1 сағат 7 минутта тәмамдалды.
Келесі күні жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Александр Недовесов Александр Донской мен Александр Лазаровпен күш сынасты. Бұл ойында болгариялықтардың бағы жанды – 6:3, 6:3. Төтінші кездесуде Бублик Кузмановты 6:4, 7:6 есебімен қапы қалдырып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:1.
Сондай-ақ отандық теннисшілерімізге қатысты тағы екі жағымды жаңалығымыз бар. Аружан Сағындықова Тунистің Монастир қаласында өткен турнирде бас жүлдені олжалады. Алғашқы айналымдарда 18 жастағы Аружан үндістандық Смрити Бхасинді, даниялық Элина Ямшидиді словакиялық Лаура Цилекованы ұтса, жартылай финалда литвалық Андре Лукошютені сүріндірді. Шешуші тұста Ауржан Үндістанның тағы бір өкілі Вайшнави Адкардан айласын асырды.
Ал ресейлік Анна Калининамен жұп құрған Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Жапонияның Осака қаласында шымылдығы түрілген халықаралық турнирдің финалына дейін жетті. Бірақ оларға бас жүлдені олжалау бақыты бұйырмады. Шешуші тұста аталған теннисшілер Анна-Лена Фридзам (Германия) мен Надежда Киченокке (Украина) 6:7, 3:6 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ Путинцева жекелеген сайыста да өнер көрсетіп, ширек финалда қытайлық Ван Синьюйге жол берді – 6:7, 7:6, 3:6.