Крис Юбенк күні кеше 34 жасқа толды. Оның шыққан тегі – ямайкалық. Ұлыбританияның Шығыс Суссекс өңірінде дүниеге келген Кристің өзімен аттас әкесі де кезінде осы спорт түрін серік етіп, 1990-1995 жылдар аралығында орта салмақ пен екінші орта салмақта әлем чемпионы атанды. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ол ұлын боксқа машықтандырып, оның биік белестерден көрінуіне сүбелі үлес қосты.
Крис Юбенк өзінің тұсаукесер кездесуін 2011 жылдың қоңыр күзінде өткізді. Сол кезден бері 36 мәрте шаршы алаңға шығып, 33 рет жеңіске жетті. 24 бәсекеде айқын басымдық танытты. Кезінде WBA (2015-16) нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атанып, IBO-ның (2017-2018, 2019-2020) чемпиондық белбеуін иеленді. Жекпе-жектерінің денін Ұлыбританияда өткізген Крис Дания, Германия, Сауд Арабиясы және АҚШ-қа бір-бір реттен сапар шекті. Әр жылдары ол Дмитрий Чудинов, Гэри О’Салливан, Том Дюран, Артур Абрахам, Джеймс Дигейл, Матвей Коробов, Ваник Авдиян сынды саңлақтарды сабады.
Юбенк өзінің 19-кездесуінде алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. 2014 жылдың 29 қарашасында Лондонда ол Билли Джо Сондерске есе жіберді. 2018 жылдың 17 ақпанында Манчестер қаласында Джордж Гроувздан ұтылды. Екі ретінде де шешімді төрешілер шығарды. Былтыр 31 қаңтарда «Манчестер Аренада» Лиам Смиттен төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді. Бұл боксшылардың барлығы да Ұлыбританиядан. Арада жеті айдан аса уақыт өткен соң қос саңлақ дәл сол аренада қайта қолғап түйістірді. Бұл жолы Юбенк Смитті 10-раундта сұлатып салды.
Ал Геннадий Головкиннің жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Кәсіпқой боксты серік еткен 17 жыл уақыт аралығында ол көптеген биік белестерді бағындырып, чемпиондық тәждің талайын иеленді. 45 жекпе-жектің 42-сінде жеңіс тойын тойлады. 37 қарсыласын нокаутпен ұтты. GGG тек Мексиканың марқасқасы Сауль Альварестен екі рет ұтылып, бір мәрте тең түсті. Генаның соңғы рет рингке шыққанына тура бір жыл болды. Соған қарағанда даңқты отандасымыз былғары қолғабын шегеге ілуге қамданып жүрген секілді.
Көбіне-көп Германия мен АҚШ-та жұдырықтасқан GGG Қазақстанда бір рет қана өнер көрсетті. Сонау 2010 жылдың 16 желтоқсанында ол Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде колумбиялық Нильсон Хулио Тапияны үшінші раундта ұрып жығып, жергілікті жанкүйерлерді бір қуантқан еді. Енді өзінің соңғы жекпе-жегін Геннадий Головкин қайтадан өз елімізде өткізсе деген тілегіміз бар.