Фото: Спортты дамыту дирекциясы
– Ермек Боранбайұлы, 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте небәрі 9-орыннан көрінді. Алдағы Азия ойындарында қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Алдымен бүгінгі іс-шара өткен Олимпиада даярлау орталығы туралы айта кетсем. 40 гектар жерге орналасқан орталықта тоғыз спорттық нысан бар. Соның алтауы пайдалануға беріліп отыр. Қалғаны Республика күніне орай ашылады деген жоспар бар. Аталған орталықта бір мезетте 2300 спортшы жаттығу өткізе алады. Енді спортшыларымыз үлкен дода алдында теңдесі жоқ орталықта алаңсыз жаттыға алады.
– Сұраққа нақты жауап берсеңіз?
– Сұрағыңызға келсек, әрине спортшыларымыз Азия ойындарында Әнұранымызды көбірек шырқатса дейміз. 2018 жылы 75 медаль, соның ішінде 15 алтын жеңіп, үздік ондықтың қатарында болғанбыз. Әрине, бұл нәтижеге көңіліміз толмайды. Енді нәтижені жақсартып, Жакартадағы көрсеткіштен төмен болмауымыз керек. Бірақ спорттағы нәтижені алдын-ала болжау қиын. Оның үстіне сегіз спорт түрінен Олимпиада лицензиясы үлестіріледі. Сондықтан барлық спортшы мұндай мүмкіндікті жібергісі келмейді. Біздің де спортшылар аянып қалмайды.
– Министр ретінде емес, қарапайым жанкүйер ретінде қай спортшының тілеуін тілейсіз?
– Нақты бір спортшыға жанкүйер болғаным дұрыс емес шығар. Бірақ менің боксшы әрі әлем чемпионы Карина Ибрагимованың бапкері екенін білесіздер. Ерлер құрамасынан да, қыздар құрамасынан да бір-бір алтыннан күтеміз.