Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2023

Қазыналы өңірдің жаңа белесі

234 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жітіқара ауданы даму тари­хындағы 95 жылдық беле­сін кеңінен атап өтті. Ежел­ден алтын, асбест кені­мен әйгілі өңірдің бүгін­де ауыл шаруашылығы мен кәсіп­керлік, әлеуметтік саласы қар­қынды дамып келеді.

Қазыналы өңірдің жаңа белесі

Мерейтой барысында жыл басында бастау алған «95 ізгі іс» қайырымдылық акциясы қоры­тындыланды. Осыған орай өткен сал­танатты жиында аудандағы іргелі кәсіпорындар мен мекемелер, жекелеген кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар тарапынан жасалған сауапты істер туралы ай­тылды. Қайырымдылық акциясы аясында бүгінге дейін 80-нен аса жоба жүзеге асырылған. Енді жыл соңына дейін тағы он шақты жоба аяқталуға тиіс.

Жітіқарада іске асырылған «95 ізгі істің» жарқын бір үлгісі – «Жігер» стадионы. Балалар мен жас­өспірімдерге арналған спорт нысанының құрылысына «Кома­ров тау-кен кәсіпорны» 158 млн теңге қаржы бөлген. Ста­дионның ашылу рәсіміне аудан тұрғындары, облыс басшылары мен спорт ардагерлері, облыстық, республикалық жарыстардан жүлде алып жүрген жергілікті жас спортшылар қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов Жітіқара тұрғындарын ауданның 95 жылдығымен құт­тықтап, өңір басшысы Құмар Ақ­са­қаловтың құттықтау хатын оқып берді.

вап

– Түрлі тарихи кезеңдерде аудан сан алуан сынақтар мен қиындықтарды еңсере отырып, үлкен табыстарға қол жеткізе білді. Бүгінгі таңда өңір келбеті өзгеріп, жарқын болашаққа батыл қадам басып келе жатыр. Ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мемлекет өңірдің инфрақұрылымдық дамуына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік нысан­дардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөліп отыр. Ауданда бірталай білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бой көтеріп, ескіргендерінің дені күрделі жөн­­деуден өтті. Елді мекендерді абат­тандыру жұмыстарының да қарқыны жоғары, – деді А.Әбенов.

Ескі стадионды заманға сай етіп оңдап, жаңартып берген демеушілерге ризашылық білдір­ген спорт мектебінің басшысы Әлібек Мұқанов: «Стадионның жай-күйі бәрімізге белгілі еді ғой. Енді, міне, сол стадион бүгін адам танымастай болып өзгерді. Мұны жас спортшыларға жасалып жат­қан үлкен қолдау деп білеміз. Ауданымыздың жас футболшылары биылдан бастап осы стадионда жаттығады. Мұнда жеңіл атлетика, регби, волейбол сияқты өзге спорт түрлерімен де айналысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге ар­налған спорт мектебінің ғима­раты күрделі жөндеуден өтті. «Вар­варинское» АҚ бұған 27 млн теңге қаржы жұмсап, үлкен игі іс атқарып отыр. Аталған кәсіпорын басшыларына да шынайы алғыс айтамын», деді.

Жиында аудан әкімі Нұр­жан Өтегенов балалар мен жасөс­пірім­дерге арналған спорт мекте­біне музыкалық құрылғы тарту етті. Іс-шара одан кейін «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жоба­сы аясындағы «Жомарт жү­рек» сыйлығының иегерлерін ма­рапаттауға ұласып, «Polymetal International» кәсіпорнының бас атқарушы директоры Виталий Несис белсенді шүлеңгірлік қыз­меті үшін «Жыл меценаты» сый­лығы табыс етілді. «Туған өлке» аталымы бойынша «UniСтрой» ЖШС-ның басшысы Әуез­хан Ордабаев жеңімпаз атан­ды. Аталған серіктестік біраз жылдан бері ауданның әлеу­мет­тік саласының дамуына қайы­рым­дылық, қолдау көрсетіп келеді.

Жітіқарада «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының қара­жаты есебінен ангар үлгісіндегі жылдам салынатын модульдік спорт залын салу жоспарда бар. Салтанатты рәсімнен кейін аталған спорт кешенінің құрылысы басталып, алғашқы кірпіші қаланды. Әкімнің айтуынша, бұл нысанның ауданы 1 мың шаршы метрден асады. Спорт кешені 2024 жылы пайдалануға берілмек.

Салтанатты рәсімнен кейін жаңа стадионда Жітіқара ауданы мен Бейімбет Майлин ауданының футболшылары жолдастық кездесу өткізді. Матч қоры­тын­дысы бо­йын­ша алаң иелері 6-1 есебімен жеңіске жетті.

Спорттық-мәдени іс-шара­лармен қатар аудандық мәдениет үйінде «Жітіқара ауданы: қа­лыптасу кезеңі, дамуы мен келе­шегі» атты ғылыми конференция өтті. Жиынды ашып берген аудан әкімінің құттықтау сө­зінен кейін Жітіқара өңірлік мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Жаппарова мінберге көтеріліп, ауданның құрылу тарихын баяндады.

Гүлнар Кәкімжанқызының айтуынша, 1928 жылдың 17 қаң­тарында Қостанай округінің 26 болысынан 15 аудан құрылып, Жайылма қонысы Жетіқара ауда­нының орталығы болып бел­гілен­ген. Қостанай облысы құрыл­ған 1936 жылы Жетіқара ауда­нының орталығы Денисов ауыл­ы, ал бір жылдан кейін Жеті­қара ауылы болып белгіленеді.

1939 жылы алтын өндіретін комбинаты, кәсіпшілік артелі, нан зауыты, радио торабы, тау-кен училищесі, дизельді электр стансасы мен аэродромы жұмыс істеп тұр­ған Жетіқара қала мәртебесіне ие болады.

– Қала құрылысы мен оның өнді­рістік әлеуетін арттыру міндеті Жетіқарадағы «Қазасбестстрой» құрылыс-монтаж трестіне жүк­телді. 1958 жылы маусымда Жеті­қарада Қазақстандағы тұңғыш асбест комбинатын салу жөнінде шешім қабылданып, 1959 жылы құрылыс басталады. Жетіқара асбест комбинаты 1966 жылы пайдалануға берілді. Осыдан кейін көптеген тұрғын үй бой көтеріп, қаланың инфрақұрылымы дами бастады. 1997 жылы Жетіқара атауы Жітіқара болып өзгерді. 2000 жылдардан бері қарай акцио­нерлік қоғамдар, ЖШС-лар, жеке кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары, шағын фирмалар пайда бола бастады. Осының бәрі сол кезеңде ел ішін жайлап алған жұмыссыздықтың азайып, ауданның дамуына серпін берді,  – деді Г.Жапарова.

Конференцияда сөз ал­ған гео­логия-минералогия ғылым­дарының докторы, академик Низами Джафаровтың айтуынша, геолог мамандар Жітіқара ауданының аумағынан жүзден аса пайдалы қазба көзін анықтаған. Олардың ішінде асбест, алтын, кобальт, никель, титан, алюминий, темір, толып жатқан табиғи құрылыс материалдары мен өзге де сирек кездесетін жерасты металдары бар. Бүгінде Жітіқара инвесторлар ең көп шоғырланған аудан саналады. Олардың жартысынан көбі алтын өндіреді. Алтыннан тыс, хризотил мен асбест өндіретін өңір кен байыту жөнінен әлемде 3 орынға ие. Мәселен, Жітіқара хризотилінің қоры 25 млн тоннадан асады.

– Сондай-ақ аудан аумағында нефрит пен түрлі-түсті тас кен орны бар. Ол тастарды, көбіне, әлем­нің түкпір-түкпіріндегі қол­өнер шеберлері пайдаланады. «Қостанай минералдары» АҚ тау-кен байыту кәсіпорны өнді­ре­тін қазба байлықтар алдағы бір ғасырға толық жетеді, – дейді ғалым.

Конференция барысында көр­некті ақын, жазушы-драматург, көсемсөз шебері Ақылбек Шаях­меттің «Жітіқара: Тарих. Оқи­ғалар. Халық» атты көлемді жинағының тұсаукесері өтті. Өңір тарихынан, Жітіқара топырағында туған елеулі еңбек адамдарының өмірінен сыр шертетін танымдық мәні зор жинақ аудан әкімдігінің қолдауымен, «Қостанай минералдары» АҚ-ның демеушілігімен жарыққа шықты.

вап

Алқалы жиыннан кейін аудан тұрғындары қазақ күресі, ат жарыс, аударыспақ, қыз қуу, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерін қызықтады. Жарыста Қос­танай облысынан бөлек, Ақ­төбе мен Атырау облысынан келген сәйгүліктер бақ сынады. 16 шақырымдық аламан бәйгеде Қамысты ауданынан келген сәй­гүлік мәреге бірінші болып жетті. Ал қазақ күресінен болған тар­тысты белдесуде Мереке Ырыз­дықов есімді балуанның бағы басым шықты.

Мерекелік іс-шаралар легі кеш­кілік қала орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өткен кон­церт­­тік бағдарламаға ұласты. Кон­­цертті «Әнші балапан – 2023» бай­қауының жеңімпазы Мария Палий мен Жітіқара өнерінің жұл­дызы, көптеген халықаралық ән байқауының жеңімпазы Ясмин Аюпова ашып берді. Думанды кеш барысында аудан әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар еңбек майталманын марапаттап, тарту-таралғыларын ұстатты.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024