Мирас • 20 Қыркүйек, 2023

Жүз жыл бойы мұраны мұқияттаған

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Сонау аумалы-төкпелі жылдарда Ақмола губерниялық атқару комитетінің қаулысымен шаңырақ көтерген бұл мекеме содан бері өлке тарихының қымбат қазынасына айналған мұрағаттарды сақтау, зерттеу, насихаттау ісінде республикада алдыңғы қатарда келеді.

Жүз жыл бойы мұраны мұқияттаған

Әсіресе тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова директор болып тағайындалған соңғы 20 жыл шамасында архив жұмысы жанданып, қоғамдағы рөлі арта түсті. Президенттің Жарлығымен «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның құрылуымен де бұл архивтің жұмысы қайнап берді. Осы орайда республика бо­йынша облыс архивтері директорлары­ның арасынан «Құрмет» орденін алған жалғыз басшы екені де С.Мәлікованың еселі еңбегін айғақтайды.

Өзінің тарихи дамуы барысында мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты нақты экономикалық және әлеуметтік мәселелер жағдайында талай өзгерістер, ілгерілеу мен шегіністер­ді, даму мен тоқырауды бастан кешіре отырып, архив бүгін үлкен межесіне лайықты жетіп отыр. Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік архивінде ел тарихына қатысты соңғы екі ғасырдың құжат­та­ры бар. Қазір облыстық архив пен оның бөлімдерінде 1 млн 800 мың құ­жат сақ­талып тұр. Архив келушілер мен хат жазушыларға қызмет көрсетіп қа­на қоймай, құжаттарды сақ­таудың бар­­лық талабын орындап, жыл са­йын тозғандарын жаңартып отырады. Мәселен, тек биылғы жартыжылдықта ғана 1 511 істің 21 920 беті жаңартылған. Бүліне бастаған 299 бет қалпына кел­тірілген. Қазір құжаттарды цифрландыру жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша қазір барлығы 82 мың құжат цифр­ландырылған. Бұл барлық құжаттың 5 пайызы ғана.

Мұнда жеке адамдардың өмірі мен қызметіне байланысты айрықша құжаттар да сақталған. Соның ішінде Алаш ардақ­тылары Мағжан Жұмабайұлына, Сма­ғұл Сәдуақасұлына, Жұмағали Тілеу­линге, Қошке Кемеңгерұлына, Ахмет Жан­талинге, Салмақбай Күсе­місовке, Байбатыр Ержановқа қатысты құжаттар жетерлік.

1925 жылы 16 қыркүйекте Қазақтың Орталық Атқару комитеті Петропавл қаласы «Қызылжар» атауын алсын деген шешім шығарады. Оны мына сөздермен негіздейді:

«1. Название города в честь святых Петра и Павла не отвечает атеистическому сознанию рабочего класса.

  1. Название «Кзыл Жар» исстари было установлено среди масс местного казахского населения».

Осы шешімді қолдап жергілікті «Бос­тандық туы» мен «Мир труда» газеттері алақайлап береді. Мысалы, Осы газетте Андрей Бедный деген орыс ақыны мынадай өлең де шығарған:

«Шли сегодня русский и казах

У казаха губы лепетали, -

Объясняя, что значит: «Кзыл-Джар», -

Город был Петра и Павла, -

А сегодня – он уж – «Красный-Яр!».

Өкінішке қарай, Мәскеудегі Бүкіл­одақтық орталық атқару комитетіндегі шенеу­ніктер бұл атауды бекітпей, қай­тарып жіберген. Осы құжаттар да Сол­түстік Қазақстан архивінде сақталған.

Ұжымның 100 жылдық мерей­тойы облыс орталығындағы Жастар сара­йында салтанатты түрде аталып өтті. Оны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас­шысы Досбол Әбдірайысов ашып, жүргізіп отырды. Салтанатта Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құ­жат­­тама және кітап ісі комитеті төр­аға­­­­­­сы­ның, Орталық мемлекеттік архив ди­­рек­­­торының, Орталық мемлекеттік ғы­­лыми-техникалық құжаттама архиві ди­­ректоры атынан құттықтау сөздер оқыл­­­ды. Сондай-ақ ұжымды Мемле­кет та­ри­хы институты директорының мін­де­тін ат­қарушы, тарих ғылымдары­ның докторы Бүркітбай Аяған, Солтүс­тік Қазақ­стан Кәсіподақтар орталығы­ның төр­ағасы Ерік Нұрақаев, облыс­тық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, белгілі тарихшы Зарқын Тай­шы­бай, т.б құттықтады. Он­даған адамға «Архив ісінің үздігі» төс­­белгісі тапсырылды. Салтанат­ты жиынға еліміздегі барлық облыс архивтері мен салалық архивтер­дің басшылары қатысты. Шетелдерден Ресейдің көршілес Омбы облысы тарихи архивінің директоры Людмила Чекалина, И.Арабаев атындағы Қыр­ғыз мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу институтының директоры Жұ­мағұл Байділдеев, Түркиядан Едитепе университеті тарих кафедрасының мең­герушісі Ахмед Ташагыл, Польшадан ІІ дүниежүзілік соғыс музейінің бас ғылыми қызметкері Дмитрий Панто, Өзбекстан Республикасы Тарих институты директорының орынбасары Мұхтар Шамс, т.б. болды. Салтанатты жиын мере­келік концертке ұласты.

Түстен кейін үш секцияға бөлінген архивтанушы ғалымдар өздерінің тәжі­рибелерімен бөлісіп, зерттеген тақы­рыптары және архив саласындағы кейбір мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Соның ішінде тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған өзі жақсы біле­тін АҚШ, Германия, Нидерланд, Ресей елдері архивтерінің жұмысын ұйым­дастыру тәжірибесінен шеберлік сабағын өткізді.

Осы күні кешке қонақтар «Абы­лай­дың ақ үйі» мен Ислам мәдениеті музейлерін тамашалады. Екінші күні облыстағы ұлттық киелі жерлерге барды. Соның ішін­де Жамбыл ауданын­дағы «Солтүстік Қазақстан және Алаш» барельефі мен Гүлтөбе-Маманайдағы Қожаберген жырау мазарында болып, зиярат етті. Осы іс-шаралар «Қазақстан­ның солтүстік өңіріндегі Алаш қозғалы­сы мұрағат деректерінде» атты кітап­тың тұсаукесерімен аяқталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы