Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Балдырғандарға қатысты небір сұмдық оқиғаларды естіп, басымызды бір шайқап, өтіп кетіп жатамыз. Биыл балалар арасында 844 криминогендік жағдай, 95 аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид мәселесі, 1 261 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл мәселе назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қабылдаған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 53 шара қарастырылған. Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалмақ. Осы картадан балаларға шұғыл көмек көрсету керек нүктелер көрініп тұрады. Әрі, халықаралық тәжірибеге негізделген, балалар арасындағы жәбірлеуге қарсы күрестің тиімділігін көрсеткен бағдарлама енгізілді. Оның ішінде мектепішілік есеп жүргізу шеңберіндегі кейс-менеджмент технологиясы бар. Балалар қиын жағдайға тап болған сәттен бастап, толық шешілгенге дейін жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ мектептерге, балаларға арналған «Жеке қауіпсіздік» сабақтары кіреді. Балалар әртүрлі қауіпті жағдайларды шешуге көмектесетін білім мен дағдыларды үйренеді.
– Қазір біздің қоғам балалар мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Біздің елде балаларға жәбір көрсетушілік болмау керек. Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Балалық шақта көрген жәбір ұзақ уақыт ұмытылмайтынын ескерсек, бақытсыз балалық шақ бақытсыз елді құрайды. 2023 жылға арналған Wisevoter есебінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан балаларды қорғау бойынша 180-нен 50-ші орынды иеленген. Мамандар елімізде жәбірлеудің негізгі үш түрі кеңінен таралғанын айтады. Олар – физикалық, психологиялық, сексуалдық. Ұрып-соғу, шапалақпен ұру, шымшу, түртпектеу физикалық жәбірге, ал өзге адамдардың немесе ата-ананың қорқытып-үркітуі, кемсітуі, жақтырмайтынын білдіруі психологиялық жәбірге жатады. Осылардың кесірінен бала денсаулығына зиян келіп, дамуы тежеледі. Тіпті қаншама бала суицид туралы ойға батып, өмірден өтіп жатыр. 11 қыркүйекте Алматы облысындағы мектепте өз-өзіне қол жұмсамақ болған оқушы – осының дәлелі. Айта кетейік, Алматы облысының Талғар ауданы Бесағаш ауылында оқушы бала аспириннің көп түйірін ішіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Артына хат жазып қалдырып, төсекке жатып қалған еді. Баланың жағдайын көрген анасы дереу жедел жәрдем шақырған. Қазір бала бақылауда. Осы сынды жаға ұстатар жүздеген жағдай әр-әр жерден қылаң етіп тұрады.
Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алаңсыз балалық шақ сыйлау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды үнемі айтып отырады.
– Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет, – деген еді Мемлекет басшысы.
Қауіпсіз қоғам құрылуы үшін әрбір тұрғын ел алдындағы жауапкершілікті жіті сезінуі керек. Күрделі қоғамда көп дүние елеусіз қалып жатқанын көріп жүрміз. Ал Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова балалар қауіпсіздігіне келгенде ең ұсақ мәселеге де көз жұмып қарауға болмайды дейді. «Біздің мәселені хабарлауға, шешуге келгендегі белсенділігіміз маңызды. Егер баланың жылаған дауысын естісеңіз, үндемей қалмаңыз. Бала құқығын қорғауға келгенде ешқандай үкіметтік орган әрекетсіз қалмайды. Біздің елде балаларды қорғауға қатысты қатаң заң талаптары бар», деді ол. Осы түйіткілді мәселеге қатысты «111» байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Нөмірге хабарласып, жағдайды түсіндіріп, көмек сұрауға болады. Балалар заң тұрғысынан және психологиялық, педагогикалық, медициналық көмек сұрай алады.
Кешенді жоспар біраз мәселені шешеді деген үміт бар. Жоспар бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, балалар суицидінің саны жыл сайын кем дегенде 5 пайызға төмендейді. Педагог-психологтердің, әлеуметтік педагогтердің саны өседі. Балалардың құқықтық қорғалу деңгейі артады.
Балалар қауіпсіздігі – сөз жоқ, үлкен мәселе. Баланы ізгілікке, сүйе білуге үйрету – ізгі қоғам қалыптастыру деген сөз. Ал баланың балаң көңіліне қаяу салып, жәбір көрсету, жамандық үйрету – қоғамбұзар, қатыгездік жолы. Бәріміздің құлағымызға сіңіп қалған «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзге амал жасау да керек. Осы мақсатта 1 қыркүйектен бастап «Біртұтас білім беру бағдарламасы» да іске қосылды. Ар-ұят, талап, ұлттық мүддеден тұратын бағдарлама ізгі қоғам қалыптастырады деп сенеміз.