Халықаралық конференцияда сөз алған ғалымдар негізінен атом энергетикасының қауіпсіздігі және термоядролық энергетиканы дамыту тақырыбын кеңінен талқылады. Сонымен қатар Ұлттық ядролық орталығының эксперименттік базасында, ИГР (импульсті графиттік реактор) мен «Байкал-1» ЗРК реакторлық кешендерінде, тағы да басқа қондырғыларда жүргізілген кешенді зерттеулердің нәтижелері таныстырылды.
Үш күнге ұласқан маңызы айрықша конференцияда атом энергетикасын дамыту, басқарылатын термоядролық синтез технологиялары, сутегі энергетикасы, радиациялық экология және медицина саласындағы өзекті мәселелер бойынша 150-ге жуық баяндама жасалды. Мұның өзі өткізілген іс-шараның деңгейі қаншалықты екендігін аңғартса керек. Бұдан өзге ядролық қаруды таратпау режімін нығайту және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартын (ЯСЖТШ) қолдау жұмыстарының нәтижелері де қаралды.
– Біз 20 жылдан бері қазақ елі ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргізіп келеміз. Солардың бір тақырыбы – халыққа ауыр зардабын тигізген үлкен апаттарды зерттеу. Бұл жұмыстың нәтижесі Жапонияның энергетикалық келешегіне де зор әсерін тигізуі әбден мүмкін. Мұндағы ұлттық ядролық орталықтағы ғалымдармен ынтымақтастық бізге тың мәліметтерді алуға мүмкіндік беріп отыр, дейді Жапония атом энергиясы агенттігі директорының орынбасары Кенжи Камияма.
Ғалымдардың болжамына сүйенсек, алдағы 10 жылдан кейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы байқала бастайды. Кеңес дәуірінде салынған жылу электр стансалары ескіргенін ескерсек, мәселенің күрделі сипат ала бастағанын әлден аңғартып отыр. Сондықтан да бұл тығырықтан шығудың нақты жолы атом стансасын салу қажеттігіне тіреледі. Ең бастысы – атом энергетикасының қауіпсіздігін сақтауға баса мән беру.
ҚР ҰЯО орталығының бас директоры Э. Батырбековтің айтуынша, халықтың көкейінде атом энергетикасын дамытуға деген үміттен гөрі күдік басым болғандықтан, оны сейілту үшін атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың маңызы қандай екендігіне көз жеткізетін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Бұл халықаралық конференция – соның бір айғағы.
– Жапония атом агенттігінің өкілі өздерінде атом энергетикасын қалай дамыту керектігі туралы пікірімен бөлісті. Ол бізге де тиісті мәселе еді. Жердегі көміріміз де бір уақытта бітеді. Мұнай мен газдың мөлшері қаншаға баратыны белгілі. Сондықтан энергетика тапшылығына жол бермеу үшін, яғни оның алдын алуды қазірден ойлана беруіміз керек, – дейді ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты директорының материалтануды зерттеулер жөніндегі орынбасары Ерболат Тайтөлеуұлы.
Конференция соңында ғалымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының нысандары саналатын бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында, реакторлық кешендер мен зертханаларда болып, маңызды саланың жұмыстарымен танысып, әріптестік ынтымақтастықты бұдан да бетер нығайта беруге уағдаласып қайтты.
Абай облысы