Қоғам • 20 Қыркүйек, 2023

Қылмыстық топ құжаттарды жою үшін архивті екі рет өртеген – депутат

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Премьер-министр Әлихан Смайылов пен  Бас прокурор  Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында кеңшар тұрғындарының пайға берілуі тиіс жерден үлес ала алмай жүргенін қозғады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Фото: ашық дереккөз

«Әділетті Қазақстан құру жөніндегі Президент Қ.Тоқаевтың бастамасы күн өткен сайын сиырқұйымшақтанып  барады. Бұған бірінші кезекте тиісті мемлекеттік органдардың салғырттығы мен жауапсыздығы кінәлі деп ойлаймын. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Каменский мал тұқымын асылдандыру зауытының жерін жекешелендіру мәселелерінде орын алған қылмыстық заңсыздықтарды  бас прокурордың атына сауал жолдау арқылы жеткізген едім. Менің бұл сауалыма жалтарма жауап келді. Б.Асылов  мырза, прокурорлық комиссия сізді бас прокурор басыңызбен көпе-көрнеу алдаған, әлде Қарасай ауданының прокуроры ескі Қазақстанның мүддесін қорғап, жекешелендіру туралы заңды сізге нақақ бұрмалап көрсеткен.  Мәселен, сіз өз жауабыңызда «зауыттың жері жекешелендіруге жатпайды. Ол жер мемлекеттің арендалық жері» деп жазған екенсіз. Есіңізге салайын, 1990 жылдары  Қазақстанда жекешелендірілген барлық совхоздар мен колхоздар тегістей мемлекеттің  жерін иеленіп отырған. Кеңестік кезден мұраға қалған тәртіп бойынша барлық жер мемлекеттің жері болған. 1991 жылғы 22 маусымда қабылданған жекешелендіру заңы бойынша елдегі барлық ауыл шаруашылық мекемелері мемлекеттің жері мен мүлкін жекешелендірді. Колхоз-совхоздардың еңбекшілеріне сол мемлекеттің жері пайға бөлініп берілді. Марстан біз  жер әкелгеміз жоқ, бәрі мемлекеттікі болатын. Енді келіп сіз маған Каменский совхозы мемлекеттің жерінде отырғандықтан ол совхоздың жері жекешелендіруге жатпайды деп құлаққа сыймайтын уәж айтасыз. Осы заңсыздық қалай орын алды? Каменский совхозы  2002 жылы еңбек ұжымының жиналысында шаруашылықты жекешелендіру туралы шешім шығарған. Бірақ барлық аудандық, облыстық мүдделі мекемелер қолдаған бұл шешімді сол кездегі ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімов өз бұйрығымен бұзған. Оның  бұйрық уәжінде  Каменскийдің жері  мемлекеттің жері сондықтан совхоз жекешелендіруге жатпайды деп  бүкіл Қазақстанға ортақ жекешелендіру  заңын белден бірақ сызған. А.Есімов мырза өз мүдделеріне жекешелендіру үшін Қарасай ауданаралық экономикалық соты арқылы Каменсий совхозын банкрот етіп жариялап,  оны экс-премьер Сергей Терещенко басқарған «Союзтехсервис» серіктестігінің иелігіне беруге  мүмкіндік жасаған. Бірақ сол экономикалық сотқа  пай алатын  совхоздың бірде-бір адамы   шақырылмаған. Егер совхоздың сол жері мемлекеттің жері болса,  «Союзтехсервис» кейін бұл жерді құрылыс компанияларына қалай сатты? Бұл афераның барлық құжаттары совхоз еңбекшілері жалдаған заңгерлерде және менде сақтаулы тұр. Кейіннен бұл қылмыстық заңсыздықтың ізін жасыру және түпнұсқасын құрту үшін мүдделі қылмыстық топ Қарасай ауданының архивін бір емес, екі рет өртеп жіберген. Арада бір жыл өткенде Есімов мырзаның сыбайласы Терещенко сатудан қалған 274 гектар жерін кепілдікке қойып, 1 миллиард долларға жуық  қаржыны банктен сыпырып алған. Ал кейіннен банк өз ақшасын қайтару үшін проблемалық  активтер қоры арқылы 274 гектар жерді аукцион арқылы сатқан. Бірақ оған пайшылар тағы да қатыстырылмады», деді Е.Бапи.

Мәжіліс депутаты кеңшар пайшыларының құқығын қорғаған адвокат Каменский совхозы еңбекшілері кооперативінің төрағасы қылмыстық топтың ықпалымен заңсыз, нақақ жаламен сотталғанын да алға тартты. Заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мәселесіне оралған пайшылардан тартып алынған жер заңсыз шығарылған активтерді қайтару заң аясына саятынын жеткізді. Мәжіліс депутаты Бас прокурордың атына жолдаған депутаттық сауалында шетелге заңсыз шығарылған автивтерді елге қайтарумен айналысуы тиіс комитет үш айдан бері құрылмағанын сынға алды. Елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруға мүдделілік танытқан Президент Қ.Тоқаевтың  комитетті  құру жөнінде айтқан бір жарым ай бұрынғы өкімі неге орындалмай жатқанын да  сұрады.