Спорт • 21 Қыркүйек, 2023

Балуандар үздік бестік қатарында

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстанның еркін күрес шеберлері 1 алтын және 1 қола медальмен қорытындылады. Бас жүлдені 92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек Айтмұхан жеңіп алса, 86 кило салмақта белдескен Азамат Дәулетбековке қола медаль бұйырды. Дәл осы нәтижемен жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте үздік бестіктің қатарына енді.

Балуандар үздік бестік қатарында

Дунай мен Сава өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан Белград қаласында жалауы желбіреген жарыс Қазақстан құ­рамасы үшін сәтті аяқталды деп ай­туға толық негіз бар. Өйткені еліміздің еркін кү­рес шеберлері өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының бас жүлдесіне қол жеткізді. Кезінде бұл – Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Аманкелді Ғабсатаров армандаған асу еді. Кеңес одағының солақай саясатының салдарынан асыл ағаларымызға дүниежүзілік додаларда бақ сынау бақыты бұйырмады. Бұл – Мәулен Мамыров пен Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров пен Нұрлан Бекжанов, Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев, Нұрислам Санаев, Қорлан Жақанша, Данияр Қайсанов, Нұрқожа Қайпанов бастаған белді ба­луандарға бағынбаған биік белес еді. Соның ұшар шыңына 19 жастағы қазақ­тың өр мінезді ұлы Ризабек Айтмұхан көтерілді. Тарихи жеңіс!

Үндемей жүріп, үлкен іс тындыратын Азамат Дәулетбеков қатарынан екінші мәрте әлем чемпионатының қола медалін мойнында жарқыратты. Алаш жұрты үшін бұл жүлденің де жөні бөлек. Мейрамбек Қартбай (57 кило) мен Болат Сақаев (79 кило) қола медаль үшін талас­ты. Бірақ атақты қарсыластарына жол беріп, бесінші орынды қанағат тұтты. Осы деректердің өзі-ақ былтыр ғана ұлт­тық командамыздың бас бапкері болып тағайындалған Мадияр Құрамысовтың қысқа ғана мерзімде жақсы команда жасақтағанын аңғартып тұр.

Жарыстың соңғы күні тағы екі салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдер сарапқа салынды. Өкінішке қарай, Әділ Оспанов (65 кило) пен Әлішер Ерғали (97 кило) ел сенімін ақтай алмады. Әділ тұсаукесер кездесуінде әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Исмаил Мусукаевтан ұтылды. Мажарстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген балқар балуаны финалға шығып, соның арқасында жерлесіміз жұбаныш бәсекесінде белдесті. Олимпия ойындары мен әлем біріншілігінің жеңімпазы Такато Отогуро Оспановпен күресуден бас тартты. Бірақ көп кешікпей қазақ спортшысы ресейлік Шәміл Мә­медовтен ұтылды. Ал Әлішер алғашқы айналымдарда қытайлық қандасымыз Әбусайман Хабила мен үндістандық Санил Саниді сан соқтырғанымен, ширек финалда әлем чемпионатының қола және Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, құрлық чемпионы грузиялық Гиви Мачарашвилиден жеңілді.

Ең соңғы екі салмақта мына балуан­дар жүлделі орындарды иеленді: 65 кило – 1. Исмаил Мусукаев (Мажарстан), 2. Себастьян Ривера (Пуэрто-Рико). 3. Шәміл Мәмедов (Ресей) пен Вазген Теванян (Армения). 97 кило – 1. Ахмед Тажудинов (Бахрейн). 2. Магомедхан Магомедов (Әзербайжан), 3. Кайл Снайдер (АҚШ) мен Гиви Мачарашвили (Грузия).

Еркін күрестен өткен жарыстың жалпыкомандалық есебінде АҚШ-тың апайтөстері алдарына жан салмады. Олар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжалады. Екінші орынды Ресей (2+1+1) иеленсе, үшінші сатыға Иран (1+2+1) жайғасты. Төртінші және бесінші орындарды Қазақстан мен Сербия (1+0+1) өзара бөлісті. Алтыншы және жетінші саты­ларға Бахрейн мен Мажарстан (1+0+0) тұрақтады. Сондай-ақ жүлдеге қол жеткізгендер қатарында Грузия (0+2+2), Әзер­байжан (0+2+0), Жапония (0+1+1), Пуэрто-Рико (0+1+0), Армения (0+0+3), Түркия (0+0+2), Албания, Қырғызстан, Болгария, Украина және Сан-Марино құрамалары (0+0+1) бар.

Ал жолдамалар жайында айтар болсақ, АҚШ пен Ресейдің – төрт, Иранның – үш, Сербия, Жапония, Грузия, Түркия және Арменияның екі балуаны келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойын­дарына қатысу құрметіне ие болды. Қазақстан құрамасына бір ғана лицензия бұйырды. Оның иегері – 86 кило салмақта күш сынасқан Азамат Дәулетбеков. Сан-Марино, Өзбекстан, Албания, Грекия, Пуэрто-Рико, Мажарстан, Бахрейн және Әзербайжанның өкілдері де жалқы жолдаманы қалтаға басты. Алда әлі екі бірдей лицензиялық турнир өтеді. Біздің балуандар сол олқылықтың орнын құрлықтық немесе әлемдік іріктеу турнирлерінде толтырады деп үміттенеміз.

Еркін күрес шеберлерінің жарысы тәмамдалар тұста әйелдер күресінен бәсе­келер басталды. Боз кілемге шық­қан Марал Тәңірбергенова (50 кило) мен Ан­кара Жаңатаева (76 кило) тұсау­кесер кездесулерінде сүрінді. Марал үн­дістандық Ниламға, Анкара белорус­сиялық Анастасия Зимянковаға жол берді. Сол секілді Айнұр Әшімова (57 кило) өзбекстандық Ләйлохон Собировадан, ал Ирина Казюлина (65 кило) украиналық Оксана Хергелге есе жіберді.