Ғылым • 20 Қыркүйек, 2023

Өнертапқыш өрендер

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

София Дасаева мен Лейла Нұрлыбаева есімді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары кезекті рет олжалы болды. Solve for tomorrow 2023 республикалық әлеуметтік жобалар байқауында екінші орынға ие болып, 2,5 млн теңге көлемінде грант алды.

Өнертапқыш өрендер

Samsung компаниясының әлеуметтік жобалар байқауы­на еліміздің түпкір-түпкірінен келген оқушылардың 400-ден аса жұмысы ұсынылды. Екінші турға 33 жоба өтті. Бай­қау финалында 10 жоба жүлделі орындар үшін бақ таластырды. Байқауда екінші орын алған он бес жастағы қарағандылық жас өрендер зияткерлік мектептің 10-сыныбында оқиды. Олар бай­қауға екі жыл бұрын бастаған Full Speed Wheelchair жобасын ұсынды.

– Қыздар жоба бойынша жұмысты екі жыл бұрын бастады. Алдымен олар Қарағанды инфрақұрылымының мобиль­ділігі төмен топтарға қол­жетімділігін зерттеді. Біздің инфрақұрылымды ескере отырып, оңай қозғалатын ар­ба қажет деп тапты. Бұл мә­се­лені шешу үшін қыздар мүге­дектер арбасын гироскутер­мен біріктірді. Арнайы негіз­дер­дің көмегімен олар артқы дөң­гелектердің орнына гиро­ску­терді бекітті. Мұндай про­то­типтің құны электр арба­сына қарағанда арзан, – дейді жоба жетекшісі Жанар Бәйметова.

– Бұл арбаны жасау көп уақытты қажет етпеді. Біз бі­рінші прототипті жасағанда, еш кемшілігі байқалмады. Бірақ тестілеу кезінде кем­шіліктер анықталды. Кресло­да отырғанда арбаны өшіру­ге болмайды. Сондықтан біз түймелерді рычагтарға қо­су керек деп шештік, – дейді Лейла Нұрлыбаева.

Байқауға жұмыстарын ұсы­нып, ол бірнеше іріктеуден өткенше алты ай уақыт кеткен. Дегенмен, жоба авторлары байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, қатысу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын жеткізді.

– Байқау барысында жо­баның экономикалық құрам­дас бөлігін есептеуге көмектес­кен Samsung компаниясы­ның тәлімгерімен өзара байла­ныс орнаттық. Байқауда пайдалы ақпараттарға қанықтық, финалда өз жобаларымызды басқа қатысушылардың идеяларымен салыстырып, тәжірибе жинадық. Берілген 2,5 млн теңгеге жобамыз­ды одан әрі ілгерілетуді, оны жақсартуды жоспарлап отырмыз. Біз патент алғымыз ке­леді. Болашақта жобамызды монетизациялауымыз мүмкін, – дейді София Дасаева.

Бұған дейін де бұл жоба зияткерлік мектептер оқу­шы­лары арасындағы бай­қау­да және әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теті ұйымдастырған рес­­пуб­ликалық жобалар байқауын­­да жүлделі орындарға ие бол­ғанын еске сала кетейік.

 

ҚАРАҒАНДЫ