Сонымен биылғы бас жүлде Әзербайжан астанасы – Бакуден келген Махир Тагизадеге бұйырды. Оған қоса бұл өнерпаз «Қазақстан композиторларының туындысын шебер орындағаны үшін» деп аталатын арнаулы сыйлыққа да ие болғанын айта кету керек.
Конкурстың қазылар алқасының төрайымы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ классикалық өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова салтанатты марапаттау рәсімінде: «Байқауымыздың барша қатысушысын, жас орындаушыларды шын жүректен құттықтай отырып, қолдау білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Алматы әкімдігіне, «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры мен барлық демеушілерімізге алғыс білдіремін! Олардың қолдауының арқасында конкурс ойдағыдай өтті.
Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы менің жеке конкурсым емес, бұл – ел мәдениетінің игілігі. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі классикалық өнердегі жалғыз жоба болғандықтан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл біз үшін жетістік, қуаныш. Биылғы конкурс әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа таланттар табылып, классикалық өнердің жас қарлығаштары қанат қақты. Дәл осы конкурстың лауреаттары әлемдік сахнаға шығып, еліміздің атын шығарады»,
деді.
Осымен он екінші рет өткен халықаралық байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алған Махир Тагизаде журналистерге берген сұхбатында: «Қуанышым қойныма сыймай тұр, осы конкурсқа үш рет қатысқым келсе де сәті түспеген еді. Енді, міне, қатысып қана қоймай, жеңімпаз атандым. Мен өз елімдегі және басқа да көптеген халықаралық конкурсқа қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда, Бибігүл Ахметқызының отанында өткен байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық шығармаларын шырқау жанымды рахатқа бөлейді», деді.
Гала-концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Е.Ахмедьяров) конкурс лауреаттары ең танымал классикалық әндерді орындады.
2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық байқауға биыл 70-тен аса үміткерден өтініш келіп түссе, оның 66-сы қатысып, 11 елден жас таланттар бақтарын сынады. Қазақстан, Ресей, ҚХР, Чехия, Люксембург, Италиядан әлемдік опера өнерінің майталмандарынан құралған жоғары деңгейдегі кәсіби халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне баға берді.
Сонымен бірінші орынға астаналықтар Азиза Омарова мен Абылай Бекен (Қазақстан) лайықты деп танылса, екінші жүлделі орынды Нұрғалым Аманбай (Қазақстан), Аташ Караев (Әзербайжан), Ляньцзе Хао (Қытай) алды. Үшінші орынға Аяжан Қуанышәлиева (Қазақстан), Дияр Нұрсұлтанов (Қазақстан), Мақсат Саматов (Қазақстан), Галина Цолакян (Армения) ие болды.
Бибігүл Төлегенова репертуарындағы Қазақстан композиторларының әндерін үздік орындағаны үшін Айбек Хайрулла (Қазақстан) арнаулы сыйлықпен марапатталса, Мәриямгүл Төлегенова атындағы «Үміт» сыйлығын Жоян Ю (Қытай) алып кетті.
Конкурстың үздік концертмейстері ретінде Виктория Иванова (Ресей) мен Зәру Жазықбаева (Қазақстан) құрметтен құр алақан қалған жоқ.
АЛМАТЫ