Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
ХХ ғасырдың басында әлем жаппай сауатсыздықпен күресті. Адамзатты қараңғылықтан алып шығу үшін жазу мен сызу, білім, ғылымға үйретті. Сауатты халық рейтингісі бойынша еліміз алғашқы ондыққа кірді. Яғни халықтың 99,8 пайызы хат таниды. Ал керісінше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына зер салсақ, Қазақстан суицидтен алғашқы ондыққа кіреді, жасөспірімдер арасындағы суицидтен алғашқы үштікте, жемқорлық бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Сонда соншалықты сауатты болған сайын рухани құлдырап бара жатқанымыз қалай?
Бірде-бір ата-ана телефон шалып: «Сіздің мектепте жатақхана бар екен. Баламды өткізейін деп едім. Жұмыстан балама қарайтын уақытым жоқ», деді. Сонда «Ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігі қайда?» деген сұрақ туындады. Тағы бір мысал. Өте жақсы оқитын үздік оқушы бар. Бірақ қасындағы досына көмек бере алмайды, ата-анасын құрметтеуді білмейді, бойында кішіпейілділік, қарапайымдылық, адамгершілік, үлкенге құрмет деген қасиеттер жоқ. Өз әлемі өзінде. Жан-жағына жанашырлығы жоқ осындай оқушы ертең ұлтқа, халыққа қандай қызмет етуі мүмкін? Жетістікке жету жолында да ақсап қалуы ғажап емес. Осындай қарапайым мысалдардың артында «құндылық» деген ұғым тұр. Осы құндылықты оқушылардың бойына сіңіру үшін отбасында ата-ана, мектепте тәрбиеші-мұғалім, қоғамда достары мен ортасы бірге атсалысып отыруға тиіс.
Тақырыпқа тұздық ретінде мектеп-интернаттағы тәрбиелеу жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды ұсынғым келеді. Мақтану емес, титтей болса да ойландыру, тәжірибе алмасу үшін. Жасалып жатқан жұмысты өзімдікі деп емес, баршаңызбен бөлісуді жөн көрдік. Біріңіздің идеяңызды жандандыруға, біріңізге ой тастауға үлес қосар деген ниет. Құндылық туралы сөз қозғағанда мектеп басшысынан бастап тәрбие беретін мұғалім, құндылықтың өзі елінің болашағына деген жанашыр болуға тиіс.
Мамандандырылған мектеп болғандықтан оқуға 7-сыныптан бастап қабылдаймыз. Биыл да «Дарынға» іріктеуден өткен тәп-тәтті балақайлар келді. Алғашқы күні анасын сағынып жылап алған оқушы да болды. Ортаға бейімделу үшін әр оқушыға түрлі уақыт кетеді. Барлық жерде мұғалімге қойылатын бір талап бар, ол – балаға тәрбие, білім беру. Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді тәртіпті қылу деп ойлаймыз. Олай емес, балаға жүрекпен қарым-қатынас жасау қажет. Бұл өз өн бойымызбен үлгі болудан басталады. Бір сөз айтсақ та, жүрекпен жеткізу маңызды. Жүрекпен жасалған әрбір әрекетте нәтиже болады.
Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, үлкен болғанда да мақсатына жету қиын. Мұғалімге ондай баланы өте сезімталдықпен жетектеуге тура келеді. Сүйкімсіз баладан ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін. Сондықтан бүгіннен бастап 7-сыныпқа қабылданған балалардың бойына алдымен құндылықтарды дарыту, ортаға бейімдеу үшін орталарында болуға асығамыз. Жұмысқа келген мұғалімдерге қоятын алғашқы талабымыз да осы – баланы өз баласындай жақсы көру. Баланың ықыласын оята білу, қолынан іс келетіндігіне сендіре білу маңызды. Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болса, бұл – ең бірінші жетістік. Балаға сыйлы болуымыз үшін өзіміз де баланы сыйлап, болашақ елдің тұтқасы ретінде құрметпен қарап, жақсы көруге тиіспіз.
Былтырғы оқу жылының басында білім ордаларында жүргізілетін тәрбие жұмысына Абайдың «Толық адам» ілімін тәрбие тұжырымдамасына енгізіп, сол бағыт бойынша ұрпаққа тәрбие беріп жатырмыз. Ал биыл енгізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша Ақмола облыстық білім басқармасы әдіскерлері «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру жоспары» атты білім беру ұйымдарындағы тәрбие мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар-кеңес өткізді. Жиында тәрбиенің үздіксіздігі, оның ұлттық құндылыққа бағытталуы туралы сөз қозғалды. Бүкіл қоғам болып мектептердегі тәрбие үрдісіне өзіндік үлес қосуға жұмылдырылу керектігі айтылды.
Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту үшін мектепте бірнеше жоба жұмыс істейді. Әрбір ұрпақ қолына домбыра ұстап өсуге тиіс. Өткен оқу жылында қолына домбыра ұстаған 7 оқушының саны жыл аяғына дейін 50-ге жуықтады. «Сыныппен домбыра үйренейік» жобасы арқылы балалар бір-біріне домбыра үйретуді қолға ала бастады. Биыл да бұл дәстүрді жандандырамыз. Өзім жетекшілік ететін «Директор сағаты» жобасы да қаншама оқушының таңдауы мен көзқарасының қалыптасуына үлес қосып жатыр. Тек бұйрық беріп, бағыт-бағдар нұсқап, бақылау жүргізіп қана емес, мұғалімдерге үлгі болып, қандай іс-шара болса да жауапкершілікпен қарай отырып, алға сүйрегім келді. Менен сондай әрекетті көрген мұғалімдер де ізіңе еріп, көргенін жасайды. Оқушының да сенімі арта түскенін аңғардым. Бұл жоба апта сайын әрбір бейсенбі күні жүргізіледі. Жоспарланған сағатқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушы, ақын, актер, өнер адамдары, қолөнер шеберлері, университет мамандары секілді қонақтар келеді. Басты мақсат – оқушының өзіне керекті өмір сабағын алуы. Таңдау жасағанда қателеспеу үшін, елін сүйетін, үлкенге құрмет көрсететін азамат болып қалыптасу үшін келген қонақтарды олардың еңбек жолы арқылы үлгі ету маңызды. Бұл жоба балалардың апта сайын қызыға күтетін сағатына айналды. Жатақханада «Бір сағат кітап оқу» сағатының да өзіндік орны бар. Телефонға байланған балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру және оқыған жерінен бір сөз болса да жаттап алу дағдысын қалыптастыруды мақсат тұттық. Тек оқушы емес, ол сағатта мұғалім, тәрбиеші де, мектеп қызметкерлері де түгел кітап оқуға отыруға тиіс. «Баланы таңғалдыруды ұмытпа, даналық таңғалудан басталады» деген сөзді жиі айтамыз. Қазіргі оқушылардың ішінен елдің жанашырлары шығуы үшін бүгінгі ісіміздің жауапты екенін сезінеміз.
Қыз бен ұлдың тәрбиесіне аса көңіл бөлетін халықтың ұрпағымыз. Мектебімізде «Томирис» қыздар, «Сұңқар» ұлдар клубы да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Бұл турасында республикалық «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп көп іс-шара өткіздік. Сондай-ақ отбасы тәрбиесін нығайту, ата-аналармен байланысты жандандыру, отбасының мерейін көтеру мақсатында «Сеніммен Болашақ» бірлестігімен бірлесіп, «Отбасы институты» психологтерімен де байланыс орнаттық. Ата-ананың мектеппен байланысын нығайту және қалыптастыру үшін апта сайын ата-аналарға «Шернияқызынан хат» жобасы арқылы байланысып отырдық. Ауылдық жерден келе алмайтын ата-аналар үшін бұл – маңызды жоба. Жұмат Шанин атындағы театр жұмысының да өз үлесі бар. Оқушылар сөйлеу, жаттау, рөлді қабылдау, әр кейіпкердің өмірінен сабақ алу туралы адамдықты қалыптастыратын қойылымдарда ойнау арқылы дамып келеді. Кешке ұйықтар алдында он минут бұрын жазатын «Менің бір күнім» күнделік жазу әдеті де жазу дағдысын қалыптастырумен бірге ойлауға, сараптама жасауға бағыттайды.
Қандай тал ексең де, ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры ылғалға мұқтаж. Бала да сол секілді. Бала тек ата-анасының ғана емес ұстаздың, қоғамның мейірімімен өсуге тиіс. Қорыққаннан емес, ұяттан өліп кетпес үшін қызмет ету маңызды екенін ұжымның есіне салып отырудан жалыққан емеспіз. Сонда ғана ұлтқа қызмет жасауға адалдық танытамыз.
Ұлтқа қызмет ету – әр адамның өз ісіне адалдығынан көрініс табары сөзсіз. Оның ішінде мектептегі ұстаздардың әр оқушыны өз баласындай көріп, ертеңгі күні өмірден таяқ жеп жылап отырмайтын жағдайын ойлап қабылдауы. Ол үшін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенін еске түсіргім келді. Шын мінез қабырғаңды біртіндеп сөгіп жатса да, отбасыңа, ұрпаққа, халқыңа пайдасы тиюі үшін адал қызмет ету қажет. Олай болса, балаларға құндылықты қалыптастыруды өз бойымыздан іздеп көрейік.
Рысжан ШАМҰРАТОВА,
№2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернат директоры
АСТАНА