Пікір • 21 Қыркүйек, 2023

Жаңа экономикалық шешім керек

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында өңдеуші өнеркәсіп саласына басымдық берілетіні баса айтылды. Шикізатты өңдеу емес, тереңдетіп өңдеу, қалдықсыз өңдеу қажеттілігі тұңғыш рет көтерілді. Менің ойымша бұл міндеттерді жүзеге асыруға біздің технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Жолдауда көтерілген және шұғыл шешімін табуы салалардың бәрі біздің экономикамызға дем береді деп үміттенемін. Себебі біраз сала, соның ішінде IT сегментіндегі реформаны өз мамандарымыздың күшімен алға жылжытуға мүмкіндік бар. Лайықты маман кадрлар жетіліп қалды. Адами капитал да бар. Енді осы салаға инвестиция тартылса, біраз проблеманың күрмеуі тарқатылады.

Жаңа экономикалық шешім керек

Бізде венчурлық қаржыландыру туралы 2005-2007 жылдар аралығында жиі айтылды.Үкімет те осы салаға на­зар аудар­ғандай ыңғай танытты. Сол жыл­дары бірнеше қор да құ­рылды. Бірақ соңы сұйылып кетті. Соның салдарынан Алматының ше­тін­дегі технологиялық парк дамы­май қалды. Ол жаққа құйылған қаржы да құмға құйылған су тәрізді жоқ болып кетті. Менің ойымша сол кезде істің тетігін шеше алатын тиімді менедж­мент болмады. Егер, сол жылдардағы өзгерістердің деңгейін сақтап қалсақ, бұл салада біраз тірліктің басы қайы­ры­лып қалатын еді. Сондықтан мемлекет басшысының верчурлық қар­жы­ландыруға басымдық беруі өте өзекті деп есептеймін. Бюджет­тің қар­жысымен IT жобаларды қаржы­лан­дыру мүмкін емес. Біз бұл сегментке бизнес-періштелерді, жеке сектордағы инвесторларды тартуымыз керек.

Мемлекет басшысы логистика саласына да тоқталды. Логистика біздің экономикамыздың күретамырына айналуға тиіс. Себебі біз «тоғыз жол­дың торабында» орналасқанбыз. «Ойда­ғы­ны орып, қырдағыны қырып жүріп» қаржы көзін табуға бізде толық мүмкіндік бар. Бірақ тәуекелдер де баршылық. Себебі Қытай сол елмен Еуропаны байланыстыратын жолды пайдалануға тырысады. Біз Қытайдың Қазақстанды айналып өтетін, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Түрікменстан, әрі қарай Каспиймен байланыстыратын теміржолын салғанын көріп отырмыз. Егер біз логистика саласында тарифтерді дұрыс қоймасақ, көптеген компания біздің елді айналып өтіп, сол елмен тауар тасуды бастайды. Осындай тәуекелдерді реттеуді кешік­ті­ру­ге болмайды.

Президент Ұлттық қор активтерін ұлғайту туралы да айтып өтті. «Ше­телден қайтатын активтерді арна­йы қор емес, оны Ұлттық қорға ауда­ру керек. Біз сол арқылы ғана оның жинақтарын еселеп арттырып, ин­вес­­тициялық кірістілігінің келешек ұрпаққа арналған арнайы шот ашып, 50 пайызын аударамыз. Шетел асқан ак­тивтің 50 миллиард долларын қайтара алсақ, Ұлттық қордағы қаржы 100 миллиардқа жетеді. Көлем артқан сайын инвестициялық кіріс тек көбейетіні белгілі. Ұлттық қорға да түрлі себеп айтып, қол сала бермейік. Бюджет тапшылығын Ұлттық қор ауда­рым­дары арқылы толтырып отырмыз. Демек елдегі бюджет саясатын қайта қарайтын кез жетті».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолы да экономика бло­гын­дағы министрлерді сынға алып, экономикалық модель жоқ екенін және жаңасын құру керектігін айтты.

Бізге жаңа экономикалық шешім керек. Осыған дейін қабылданған ұлттық жобалардың қазір ешқандай мағынасы қалмай бара жатыр. Әлем­дік қауымдастықта Қазақстан эконо­мика­сы­ның үлесі несімен ерекше­ле­нетіні туралы Ұлттық экономика министрлігі түсіндіруі қажет. Бірақ жауапты әлі де кешеуілдетіп жатыр. Ал біз уақыт жағынан ұты­лып жатқанымыз рас. Кешігіп қабыл­дан­ған шешімдердің нәтижесі ха­лыққа жетпейді.

 

Мақсат ХАЛЫҚ,

экономист-сарапшы