Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – өскелең ұрпақ үшін жасалып отырған бірден-бір мүмкіндік. Егер мұны барлық мемлекеттер қолға алмаса, БҰҰ аясында осы мәселелер шешілмесе, онда көптеген елдердің даму көрсеткіштері төмендейді», деген еді. 2015 жылдан бастап БҰҰ өздерінің индикаторын енгізді. Яғни орнықты даму көрсеткіштері кірістірілді. 2015 жылдан 2030 жылға дейінгі бұл индикатордың 17 бағытын біз өзіміздің даму бағытымызға қостық. Соған сәйкес елде үлестіруші кеңес құрылды. Бұған қоса бес жұмыс тобы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ БҰҰ индикаторының ішіне еліміз өзінің индикаторын жасады.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның 2022 жылғы саммитінде индикатор бойынша бақылау жасау жұмыстарын күшейтуді сұраған еді. Соған сәйкес елде Мәжіліс пен Сенаторлар арасында үйлестіруші кеңес құрылды. Индикаторлардың орындалуын бақылау Парламент депутаттарына бағытталды. Осы орайда айта кететіні адам өмірінің сапасын арттыру, геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленістерден аулақ болу, диалог орнату түрлі 17 салаға байланысты индикатор орындалатын болса, әрине, еліміздің әлеуеті артады. Саммитте көтерілген мәселелердің көбі өзекті.
БҰҰ Орталық Азияға көп назар аударуда. Себебі Ресей, Қытай, Иран, Ауғанстан секілді мемлекеттердің және Орталық Азия халқының санына байланысты көптеген мәселе туындап жатыр. Бұл ретте БҰҰ Қазақстанды бейбітшілік диалог алаңы ретінде көреді. Президентіміз Ауғанстанға байланысты аймақтық хаб құру туралы мәселені көтерген еді. Мұнда білім, инновация, индустрия, денсаулық саласындағы мәселелер жан-жақты қарастырылады. Осылайша, Орталық Азияда тұрақты даму көрсеткіштері бағыттағы іс-шаралар түзіледі.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Сенат депутаты