Форум • 21 Қыркүйек, 2023

Astana Media Week: Серіктестік пен әріптестік алаңы

236 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елордада отандық және шетелдік медиаиндустрияны дамыту және өзара іскерлік қатынастарды күшейту үшін мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа медиа өкілдерінің басын қосқан кезекті Astana Media Week 2023 апталығы басталды.

Astana Media Week:  Серіктестік пен әріптестік алаңы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Еліміздің және шетелдің жетекші медиа сарапшылары мен мамандары бас қосқан форум осымен жетінші мәрте өткізіліп отыр. «Медиа күші: үрдістер, өзгерістер, этика» тақырыбын арқау қылған үш күндік жиынның алғашқы күні жаңа трендтер, подкастар, нейрожелі, фейктер және сыни ойлау мәселелеріне арналды.

Апталықтың ашылуында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отырысқа қатысушыларды құттық­тап, сөз сөйледі. «Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық өмірдің барлық саласына өз ықпалын тигізеді. Салада үздіксіз трансформация және цифр­ландыру әдістері, жаңа платформалар, коммуникация және хабарлама беру құралдары үнемі өзгеріп отыр. Мұның БАҚ-ты инновацияларға бейімделу­ге, үнемі дамып, жетілдіріп отыруға итермелейтіні анық. Сондықтан өзара тәжірибе алмасып, білімімізбен бөлісу де апталықтың маңызы зор. Бұл жерде айтылған келелі ойлар, игі бастамалар бәріміз үшін де пайдалы болады», деді министр.

Медиаапталықтың бірінші күні цифр­лық жауапкершілік және БАҚ қауіп­сіздігі тақырыбындағы пленарлық отырыспен ашылды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің бас­шысы Рауан Кенжеханұлы моде­ра­тор­лық еткен отырысқа Мәде­ниет және ақпарат вице-министрі Евге­ний Кочетов, «Мир» мем­лекет­­ара­лық телерадиокомпания­сы төр­ағасының орынбасары Ека­­­тери­на Абрамова, Қыр­­­ғыз ұлт­тық «Кабар» ақпараттық агент­ті­гі­­нің ди­ректоры Медербек Шер­ме­та­­лиев, Қазақстандағы түрік Радио­­телевизиялық корпорациясы өкіл­дігінің директоры Мехмед Заһид Чалышкан спикер ретінде қатысты.

«Веб медианың пайда болуы жалпы медиаиндустрияны түбе­гейлі өзгертіп жіберді. Біз оны қалай реттейміз деп шара қабыл­дауға тырысып жатқанда әлеу­меттік медиа пайда болды. Біз енді оны зерттеп, өмірімізге қалай әсер ететінін болжаймыз дегенше әлеуметтік желілер тек байланыс құралы емес, бұқаралық ақпарат құралына айналып шыға келді. Одан кейін мессенджерлер де солардың қатарына қосылды. Осыған орай медиасаладағы заңнаманы заман талаптарына сай жаңғырту міндеті алдымыздан шықты. Нәтижесінде елімізде азаматтар үшін қауіпсіз интернет-кеңістік құруға бағытталған «Он­лайн-платформалар және он­лайн-жарнама туралы» заң қабыл­данды. Сонымен қатар, биыл мем­ле­­кеттік ақпараттық саясатты іс­ке асырудың негізгі бағыттарын ай­қын­дайтын ақпараттық доктрина қа­­был­дан­ды», деген отырыс модераторы Рауан Кенжеханұлы осы та­қы­рып­ты әрі қарай жалғастыру үшін Мә­дениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовке сөз берді.

Вице-министрдің айтуынша, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң – Орталық Азияда осы сала бо­йынша тұңғыш қабылданған реттеуші құжат. «Масс-медиа» туралы заң қазіргі күні Мәжілісте қаралып жатыр. «Мен «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға тоқталғым келеді. Ол қазіргі күні жұмыс істеп жатыр. Айта кетер жайт, заң қабылданбай тұрып-ақ қоғамда біраз талқыға салынған және әлі де талқыланып жатқан сұрақтар туындаған болатын. Бірінші мәселе – жаңа заң блогерлерді тіркеуден өтуге міндеттейді деген жаңсақ түсінік. Бұл дұрыс емес. Елімізде блогерлерді тіркеуге алу жайында жоспар ешқашан болған емес. Алайда заңда инфлюенсер деген ұғым бар. Ол онлайн-плат­формаларда кәсіпкерлікпен ай­на­лысатын адам дегенді біл­діреді. Егер сен табыс табумен айна­лыссаң, кәсібіңнің көлеміне қарай шағын немесе орта бизнес субъектісі ретінде жұмыс істеуің керек. Яғни жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде тіркелуің қажет. Бар болғаны осы ғана. Екінші мәселе мемлекеттік тілге қатысты. Қазіргі күні бұл бағытта алға жылжу бар. Мәселен, Telegram-да қазақ тіліндегі интерфейс пайда болды. Қазір осы бағытта TikTok же­лі­сі жұмыс жүргізіп жатыр. Instagram-ның сторисінде автоматты түрде қазақ тіліне аудару мүмкіндігі қосылды. Фейсбукте де автоматты аудару функциясы бар. Біз қазақ тілін дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатқан онлайн-платформаларға алғысымызды білдіреміз», деді ол.

«Кабар» Қырғыз ұлттық ақпа­рат­тық агенттігінің директоры Медербек Шерметалиевтің айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақ­сыздық заманында мем­лекеттің орнықты дамуы ақпа­раттық қауіпсіздікпен тығыз байланыс­ты. «Біз ақпарат кеңіс­тігінде өзге елдің ойыншы­лары белсенділік танытып жат­қан елде тұрақсыздық болып жатқанын көріп отырмыз. Қырғызстанда да фейктер мен жалған ақпараттар арқылы қоғамда кикілжің орнату­ға, көрші мемлекеттермен ұрыс­тырып қоюға, өзара сенімсіздік пен дұшпандық отын тұтатуға тырыс­қан жағдай­л­ар сан мәрте болды. Өйткені біз­дің ақпараттық кеңістігіміз көп жыл бойы толыққанды ашық жағдайда тұрды. Соның салдарынан жалған фактілер тарататын қара ниеттілердің пайда болуы­на әкеп соқты. Шын мәнінде, сөз бостандығы мен фейк тарату  бір нәрсе емес», деген ол біздің еліміздегі онлайн-платформалар туралы заңның қабылдануына оң бағасын берді.

Astana Media Week-тің бірін­ші күнгі «Медиатрансформация» атты панельдік сессия БАҚ са­ласындағы өзгерістер тақы­рыбы­на арналады. Оның спикер­лері – Сенат депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, «Қазақстан «РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, журналист және медиаменеджер Арман­жан Байтасов, «Хабар» агенттігі АҚ бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Құрман­бек Жұмағали дәстүрлі медиа­құралдар мен жаңа медианың дамуы, кино түсіру секілді өзекті тақырыптарды талқылады.

Ал «Қазіргі заманғы телевиде­ниенің цифрлық контурындағы жарнама» панельдік сессиясына қатысушылар контекстік жарнама мен агрессивті маркетинг­тің үстемдігі кезінде теледидар ауди­­ториясының назарын қалай аудару­ға болатынын талқылады. Ұсы­­нылған тақырыптар қата­рында диджитализацияның медиажарнама нарығына әсері және жарнама стратегиясындағы соңғы трендтер бар. «Ұлттық медиа қауымдастығы» ЗТБ төр­ағасы, «Хабар» агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев мо­де­ра­торлық еткен отырыста осы нарықтың жетекші қатысу­шылары – «Fremantle Media» компаниясының ТМД және Балтық бойы елдеріндегі форматтарды сату жөніндегі директоры (Эстония) Анне Кирсипуу, Lumiers (Ресей) компаниясының тең құрылтайшысы, серіктесі Мария Косарева, «VI Kazakhstan» бас директоры Ильмурад Жұмаев, «International media service» компаниясының басқарушы директоры Ділмурад Рахимов және «Орталық Азия жарнама қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Анна Тюткова ой-пікірлерін ортаға салды.

Апталықтың алғашқы күні «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз көргенімізге, естігенімізге және оқығанымызға сенбейміз?» тақырыбындағы Media Talks бейресми конференциясында ақпараттық соғыстар мен фейк жаңалықтар кең таралған дәуірде қалай жұмыс істеу керек деген мәселе талқыланады. Сарапшылар хайп, кликбейт, фейктер, сондай-ақ цифрлық ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кәсіби мінез-құлқы туралы сөз қозғады. Спикерлер қатарында қазіргі заманғы креатив және медиаиндустрия өкілдері: танымал режиссерлер, фотографтар, журналистер мен продюсерлер болды. Солардың бірі – режиссер және сценарийст, «Cannes World Film Festival»-дың «Үздік музыкалық клип режиссері» сыйлығының иегері Малик Зенгер жасанды интеллект медиа қызметкерлері мен журналистерді жұмыссыз қалдыра ма деген өзекті сұраққа пікірін білдірді.

«Жасанды интеллект дәуірі бас­талды. Көбі нейрожеліге қауіппен қарайды, олар нейротехнологиялар көптеген мамандықты алмастырады, уақыт өте келе адамзатты ығыстырып жібереді деп ойлайды. Бұл ағайынды Люмьерлер – адамзатқа кино әлеміне жол ашқан француз киноиндустриясының аңызға айналған «аталары» құ­бы­лысын еске түсіреді. Олар алғаш­қы кинороликтерді түсіріп, эк­ран­ға шығарды. Адамдар ағайын­ды­лардың данышпандығын бір­­ден қабылдамады. Мысалы, «По­йыз­дың Ла Сьота станциясына келуі» атты картина көрермендердің әртүрлі реакциясын тудырды. Үлкен экран мен «залға» қарай келе жатқан пойыз сеансқа келу­шілердің үрейін туғызып, олар артына қарамай кинозалдан жүгіріп шыққан. Ал қазір кинотеатрлар жақсы. Нейрожелі – адамның одан әрі технологиялық дамуы», деді Малик Зингер.

Осы күні Astana Media Week алаңдарында ашық және жабық питчингтер өтті. Контент-мейкерлер өз жаңалықтарын жетекші БАҚ пен корпорациялардың басшыларына таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Алғаш рет «Dope Soz», «Взлетаем», «Abay LIVE», «На волне» секілді тәуелсіз подкаст авторлары мен диджитал контент­тер ұсынылып, қарапайым қызығу­шылықтан бастап подкаст индус­триясын қалай құруға болатыны туралы егжей-тегжей айтылды.

Astana Media Week 23 қыр­күйекке дейін жалға­сады. Бүгін, яғни апталықтың екінші күні өңірлік БАҚ форумы өтеді. Мұнда тек біздің еліміз емес, бүкіл Орталық Азия мен ТМД проблемалары сөз болады. Жалпы, медиаапталыққа 2 мыңнан астам қонақ, еліміздің және шетелден келген 60 медиаиндустрияның топ-менеджерлері, 20-ға жуық республикалық телеарна және 50-ден астам продакшн-компания қатысып жатыр.

Сондай-ақ кеше баспа, радио, интернет-журна­лис­­тика сала­сындағы «Urker-2023» ұлт­тық сыйлығы номинант­тары­ның шорт-листі жарияланды. Оның жеңімпаздары Astana Media Week апталығының үшінші күні, яғни ертең анықталып, оларға «Urker» естелік мүсіншесі және бір мил­лион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталады.