Балалар • 21 Қыркүйек, 2023

Балалардың рухани тәрбиесі

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мектептегі орта білім берудің маңыздылығы жоғары. Сондай-ақ көптеген отбасылар үшін балаларға рухани тәрбие беріп, оларды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғаудың да маңызы төмен емес. Рухани тәрбие - әр адамды тәрбиелеу процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Олардың лайықты азамат болып өсуі үшін нені ескеруіміз керек? Егер балаңыз дінге қызығушылық танытқан жағдайда ата-ана тарапынан қандай кеңестер айтылған жөн? Талқылап көрелік.

Балалардың рухани тәрбиесі

Кейбір ата-аналар баланы тамақтандыруды, киіндіру, аяқ киімін кигізу ғана өзінің басты міндеті деп санаса, ал кейбірі баласына білім беру, оның таланты мен қабілетін дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Бірақ осы аталған қос тарапта балаларға «рухани» тәрбие беруде нені ескеру керектігін ұмыт қалдырып жатады.

Шындығында, рухани тәрбие әр адамды тәрбиелеу процесінде маңызды компонент болып табылады. Егер рухани тәрбие болмаса лайықты азаматтың орнына болашақта бәріне мойынсұнғыш «әлсіз» адам пайда болуы мүмкін. Кез-келген құндылықтар жүйесін сүйіспеншілікпен беру керек, бұндай қарым-қатынас баланың терең ойланып, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді. Егер ата-аналар діннен хабары болмаса қалай дін туралы айтуға болады деген сұрақ туындауы заңдылық. Бұндай кезде білікті маманның көмегіне жүгіну керек. Қай дінді ұстансаңыз, сол діннің маманынан керекті кітаптар тізімін алып, білмеген затыңыз туралы сұраған жөн. Сондай-ақ өзге дін өкілдеріне құрмет көрсету керектігін де балаға үйрету маңызды.

Деструктивті діни ағым өкілдері өздерінің саяси мақсаттарын қарапайым адамдар арқылы жүргізуді көздейді. Соқыр діни фанатизмді дәріптеп, адамзатқа деген жеккөрінушілік сезімдер туғызады. Өз балаңыз солардың қатарынан табылмасын десеңіз ата-ана бұндай топтар туралы зерттеп, бастапқы белгілері туралы білген жөн, егер балаңыз дінге деген қызығушылық танытып жатса араласатын ортасын біліп жүріңіз.

Әр отбасы балаға қай кезден бастап дін туралы айту керектігі жайлы өздері шешеді. Қоршаған ортасына байланысты балаларда белгілі бір жасқа келгенде дін туралы, руханият туралы сұрақтардың туындауы маңызды. Көп жағдайда дін таңдауға келгенде бала ата-анасының ұстанған дінінде қалады. Кейде өз таңдауын жасап, басқа дінге деген қызығушылық танытуы мүмкін. Сондай кезде ата-аналардың азды-көпті діни сауатты болуы маңызды. Олай болмаған жағдайда балаңыз сырттағы адамдардың ықпалында кететіні сөзсіз. Бала 5-6 жасында отбасында жасалынатын діни жоралғылар туралы сұрай бастайды. Ислам дінін ұстанатын отбасы балаларында «Оразаны» адамдар не үшін ұстайды, «Айт» мерекесін неге тойлайды деген, Христиан дінін ұстанатын отбасыларда «Рождество» мерекесін тойлаудың маңыздылығы қандай деген сияқты сұрақтар туындайды. Ал 10 жасында діннің маңызын түсінсе, 12-15 жаста өзінің саналы түрде таңдауын жасайды. Тиісінше, осы жасқа дейін баланың дін туралы түсінігі қалыптасады.

Ең бастасы ата-ана балаға дін туралы, руханият туралы айтқанда өзінде түсінік болуы керек. Дін туралы ақпаратты бала бірінші кезекте үйден немесе сауатты маманнан алғаны абзал. Біріншіден, діни білімді сенімді ақпарат көздерінен алса, екіншіден, діни білім баланың көкжиегінің кеңеюіне ықпал етеді, қосымша білімнің ешқашан зияны жоқ.

Сондай-ақ біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмыт қалдырмаңыздар. ҚР «Діни қызметтер және діни бірлестіктер» туралы заңына сәйкес, білім беру жүйесі діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта. Білім беру ұйымдарының аумағында діни рәсімдер өткізіп, жиналыс жүргізуге, сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.

Кейбір кезде ата-аналар балаларының теледидар көргізбей, мемлекет белгілеген барлық мерекелерді атап өтуден бас тартып, мектепте мемлекеттік рәміздерді (Ту, Елтаңба, Әнұран) құрметтеуге тыйым салады. Ата-аналардың балаларды діни себептермен медициналық вакцинациялаудан бас тарту жағдайлары да кездеседі. Біздің елімізде ар-ождан бостандығы құқығын іске асыру және діни тәжірибелерді жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалған, алайда баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп, оның құқықтарына қысым жасалған жағдайда мемлекет өз баласына қауіп төндіретіндерге қатысты белгілі бір шаралар қолдану құқығына ие.

Темірлан СОВЕТОВ,

дінтанушы