Байқауымызша, қазір балалар әдебиеті ақсап тұрғанға ұқсайды. Балаларға арналған, оларды қызықтыратын шығарма көп емес. Бұл бүгін ғана айтылған сөз емес. Бұрынғыны былай қойғанда, кейінгі отыз жыл мұғдарында дербес елдің тілі мен мұратын аңғартатын балалар әдебиеті қалыптасып келе ме, жоқ па деген сұрақ бар. Осы олқылықтың орнын толтыру ұлттық мұрат десе болғандай. Өйткені оқырман ұлт қалыптастыру мектептен басталатыны белгілі.
Бұған дейін бірнеше жыр жинағы жарық көрген автордың мына еңбегі осы тұрғыдан алғанда, айтарлық дүние. «Тәуелсіздік шуағы», «Құрмет жырлары», «Ең жақсы күн», «Балабақша жырлары», «Табиғат тылсым әлем», «Жақсы мен жаман», «Шынықсаң шымыр боласың», «Ертегілер мен аңыздар» атты сегіз бөлімнен тұрады жинақ. Санасы енді-енді қалыптасып келе жатқан жас ұрпақтың түсінуіне жеңіл, ұғынықты тілмен жазылған тақпақтар баршылық секілді. Балаларға арналған шумақтар «Құрмет жырлары», «Мерекелік жырлар» болып тақырыптық тұрғыда шоғырланғаны да назар аудартады. Атаулы күн, әлдеқандай мереке қарсаңында кейде оңды тақпақ таппай қалатынымыз бар ғой. Сонымен қатар автордың жас ұрпақ үшін отырып еңбектенгені көрінеді. Бала санасына азаттық, Отан туралы ұғымдарды сіңіріп өсіру – барлығымыздың борышымыз.