Жәдігер • 21 Қыркүйек, 2023

Сібірде салынған сүгірет

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлы мен Ілияс Омаровтың өзара жазысқан өрелі хаттарын оқып отырсаңыз, бауыр­малдықтың, адал достық пен шынайы жанашыр­лық­тың қандай болатынын тани түскендей боласыз.

Сібірде салынған сүгірет

Бұл өзінше бір бөлек әңгіме. Айтпағымыз, таяуда Қоста­найға Ілияс Омаровтың туысы Мырзатай Нұрпейісов келген еді. Қарияның қолында біраз дүние бар екен, соның бірі – Бауыржан батырдың суреті. Сурет Сібірде салынған.

– Бауыржан Сібірде болады ғой. Ол жаққа дәл не мақсатпен барғанын анық білмеймін. Батырдың портретін келісті етіп салған суретші туралы да дерегім жоқ. Сол суретті фотоға түсіріп, Ілиясқа жібереді. Ілияс ағамыздың үйінде жеке архиві бар. Содан үлкен қызы Ингилсина екеуміз қарап отырып тауып алған дүние ғой. Бұл фотосурет Бауыржан мен Ілиястың тіршілікте сыйласып, бір-бірін қадір тұтып өткенін көрсетеді. Даңқты қолбасшының Ілиясқа деген құрметі – бұл. Бауыржанның «Әй, Ілияс, сен ең умный қазақсың ғой», деген сөзі қалған. Мұндай жоғары бағаны екінің біріне бере бермеген ол кісі. Ілияс ағамның екінші қызы – Алмира, баласы – «Қайрат» футбол клубының ардагері, белгілі коментатор Диас Омаров. Тамерлан деген баласы – техника ғылымдарының докторы. Олардың бәрі өмірден өтіп кетті, – деді қария.

вап

Бауыржан Момышұлы Ілияс Омаровқа жолдаған фотосуретінің астыңғы бетіне төте жазумен үш ауыз өлең жазған екен. Мырзатай қария оны Ахмет жазуын танитын бір-екі қыз балаға оқытып, кирилл қарпіне түсіртіп алыпты. Өлең мазмұны былайша өріледі:

Ілияс,

Сібірде салынып ед бұл сүгірет

Сібірді көргендер – аз, көрмеген – көп,

Көрдім деп отырғам жоқ мен уайым жеп.

Менен бұрын болғандар ертегідей,

Сорлапты не тұтқын боп, не пенде боп.

 

Сібірдің сыр сандықтай сыры да мол,

Тыңдасаң, өте зарлы мұңы да мол.

Жазғытұрым жайнаған ашық күндей,

Денеңді жадыратар нұры да мол.

 

Сібір сырын айтады сырласқанға,

Сібір мұңын шағады мұңдасқанға.

Жел-боран сұрапылмен ер тілдесер,

Өмірдің қырын басып у татқанда.

ва

Мырзатай Нұрпейісов қазір Астанада Бауыржан Момыш­ұлы даңғылының бойында тұрады. Қария өзінің кіндік қаны тамған Қараобадан шыққан Ілияс Омаров, Мәлік Фазылов, Өмірзақ Сұлтанғазин сынды елеулі тұлғаларға облыс орта­лығы Қостанайдың төрінен көше аты берілсе деген тілегін арқа­лай келген екен, шаруасы мандымай, ренжіңкіреп кетті.

 

Қостанай облысы