32 жастағы қандасымыз кәсіпқой боксты серік еткен сегіз жыл аралығында 21 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын нокаутқа жіберді. Екі жекпе-жектің нәтижесі есепке алынбады. Батыр өзінің карьерасында бір рет қана жеңілді. 2021 жылдың 29 мамырында Америкада Пуэрто-Риконың өкілі Сабриэль Матиасқа қарсы өткен бәсекенің сегізінші раундында ол кездесуді жалғастырудан бас тартты. Аргентинаның өкілі де 24 жекпе-жектің тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Жеті айқасты ол мерзімінен бұрын аяқтады.
Плант-Ситидегі сайыс басталған бетте Ролдан Жүкембаевты нокдаунға жіберді. Десек те лезде есін жиған Қазақ боксшысы одан кейін қарқынын үдете түсті. Нәтижесінде, Батыр төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, WBA NABA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді.