Мәселен, тамыз айында өткізілген сауалдаманың қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Ордабасы» командасының капитаны Асхат Тағыберген еліміздің үздік ойыншысы деп танылды.
Асхат тамыз айында «Ордабасы» клубы сапында төрт ойында алаңға шығып, бір мәрте мергендігімен көзге түссе, әріптестеріне екі рет нәтижелі пас асырған. Жалқы голын ол 19-тур оясында Қызылордада өткен «Қайсар» – «Ордабасы» арасындағы матчта соққан болатын. Бір айта кетерлігі, Тағыберген – «Қайсар» футбол клубының тәрбиеленушісі. Осындай нәтижелі ойынымен Асхат өзінің командасына турнир кестесінде көш бастауға көмектесіп жүр.
Ұлттық құрама мен «Ордабасының» көшбасшысы биылғы маусымда осымен қатарынан екінші, жалпы үшінші мәрте айдың үздік футболшысы атанып отыр. Ол бұған шілде және мамыр айларында мамандар тарапынан ел чемпионатының үздік ойыншысы деп танылған еді.
Сауалдаманың екінші орынына «Мақтаарал» клубының шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбай жайғасқан. Ол тамыз айында үш ойын өткізіп, бір гол және бір нәтижелі паспен ерекшеленді. Үздік үштікті «Атыраудың» шабуылшысы Евгений Козлов түйіндеді. Козлов өткен айдағы төрт ойында «Ақсу» мен «Каспий» командаларының қақпаларына екі гол соқты.
Ал тамыз айының үздік бапкері ретінде чемпионаттағы әріптестерінің қолдауына ие болған «Мақтаарал» командасының және Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов танылды.
Қ.Нұрдәулетовтің басшылығымен «Мақтаарал» командасы тамыз айында «Жетісу» (1:0) мен «Шахтер» (3:1) командаларымен ойында жеңіске жетіп, мүмкін болған алты ұпайды иеленіп, шашпай-төкпей қоржындарына салды. Осы нәтижелердің арқасында Түркістан облысының ұжымы турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, қауіпті аймақтан шыға білді. Қазіргі таңда «Мақтаарал» үздіктер қатарында 20 ойыннан кейін 21 ұпаймен 11-орында келеді. Сондай-ақ олардың еншісінде әлі ойналмаған бір матч бар.
Мамыр айының соңына қарай команданың тізгінін Қайрат Нұрдәулетов ұстағалы бері «Мақтаарал» бүгінге дейін ішкі чемпионатта 10 ойын өткізіп, соның тең жартысында жеңіске жеткен. Тағы үш ойында қарсыластарымен тең түссе, небәрі екі матчта ғана жеңілістің кермек дәмін татқан. «Мақтааралдың» ел чемпионатында 1 шілде күні 14-тур аясында сырт алаңда «Ақтөбемен» (1:0) өткен ойында жеңілгенін де айта кеткен жөн.
Сауалдамада екінші және үшінші орындарды «Ордабасының» бапкері Александр Седнев пен «Қызылжардың» бапкері Әли Әлиев өзара бөлісті. Өткен айда «Ордабасы» клубы төрт матчтың екеуінде қарсыластарынан басым түссе, бір кездесуде тең ойнап, біреуінде жеңіліп қалды. Ал «Қызылжар» командасы төрт бәсекенің екеуінде жеңіске жетіп, екеуінде тең нәтиже тіркеді.
23-24 қыркүйек (сенбі, жексенбі) күндері ел чемпионатының кезекті тур ойындары өтеді. Атап айтқанда, ХХIII турда «Ордабасы» – «Астана», «Тобыл» – «Жетісу», «Қайрат» – «Шахтер», «Қайсар» – «Каспий», «Мақтаарал» – «Ақсу», «Оқжетпес» – «Атырау» және «Қызылжар» – «Ақтөбе» командалары кездеседі.