Спорт • 21 Қыркүйек, 2023

Бозкілемдегі бәсеке

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері әйелдер күресінен Белград­та өтіп жатқан әлем чемпионатын­да ал­ты салмақ дәрежесі бойынша же­ңім­паздар мен жүлдегерлер анықталды. Өкі­нішке қарай, үздіктер тізіміне әзірге Қазақстанның бірде-бір балуаны ене алмай отыр.

Бозкілемдегі бәсеке

Бұрымдылар арасындағы бәсекенің ал­ғаш­қы күні 55 және 59 кг салмақтарда бел­дес­кен тәжірибелі Марина Седнева мен Диана Каюмова ел сенімін ақтамады. Марина тұсаукесер кездесуінде қытайлық Жангтен же­ңілсе, Диана германиялық Елена Бругердің осал тұсын таба алмады. Көп кешікпей Марал Тә­ңірбергенова (50 кг), Айнұр Әшімова (57 кг), Ирина Казюлина (65 кг) және Іңкәр Жаңа­таева (76 кг) көрермендер қатарына қо­сылды. Олар да алғашқы айналымдарда оң­бай сүрінді.

Екінші жарыс күні тағы төрт жерлесіміз бозкілемге шықты. Алтын Шағаева (53 кг) алғашқы белдесуінде қытайлық Панг Цяньюге жол берді. Ирина Кузнецова (62 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) бастапқы бәсекесінде басымдық танытқанымен, іле-шала жеңілістің кермек дәмін татты. Ирина германиялық Лиза Нимешке, Елена моңғолиялық Делгермаа Энхсай­ханға есе жіберді. Солардың арасынан тек Жәмила Бақбергенова суырылып шықты. 72 кг салмақта сайысқа түскен қазақ қызы сербиялық Фанни Надты таза тастаса, ресейлік Ксения Буракованы 7:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Жәмиланың жолы Моңғолияның мықтысы Даваанасан Энх Амармен қиысты. Өкінішке қарай, бұл жолы жерлесіміз білгенінен жаңылды. Өте шиеленісті өткен тартыста Амардың асығы алшысынан түсті. Ал Бақбергенова кеше қола медаль үшін айқасты.

Келесі топта Амит Элор қарсыластарын қоға­дай жапырып келе жатты. 19 жастағы АҚШ-тың аруы былтыр Белградта өзінен әлдеқайда тәжірибелі спортшыларды сан соқтырып, әлем чемпионы атанған. Сол жарыстың финалында біздің Бақбергенованы айқын басымдықпен ұтқаны да есімізде. Бұл та­бысының кездейсоқ еместігін ол одан кейін талай дүбірлі додада дәлелдеді. Атап айтсақ, биылғы жылы Амит Панамерика чемпионатында бас жүлдені олжалап, жастар арасындағы әлем біріншілігінде (U-23) алтыннан алқа тақты. Басқа да дүбірлі додаларда дараланды. Осы жарыста америкалық балуан түркиялық Несрин Бас пен 2012 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Мива Морикаваны жолынан ығыстырып, жартылай финалда франциялық Кендра Дэчермен күш сынасты. Бұл бәсекеде Элордың мысы басым болды. Осылайша, 19 жастағы күш иесі финалға шық­ты.

Сондай-ақ кеше грек-рим күресі шеберлері өз жарысын бастады. Алғашқы күні төрт салмақ дәрежесі бойынша іріктеу және жартылай финалдық сайыстар өтті. 55 кг салмақтағы Марлан Мұқашев тұсаукесер кездесуінде армениялық Рудик Мкртчянмен белдессе, 77 кг-дағы Демеу Жадыраев хорватиялық Антонио Каменяшевичпен күресті. 82 кг салмақтағы Диас Қален жарысты екінші кезеңнен бастайды. Ол ресейлік Ауез Ганибов пен қырғызстандық Бексұлтан Назарбаев арасындағы бәсекенің жеңімпазымен күш сынасады. Ал 130 кг салмақта кең-байтақ республикамыздан ел намысын қорғайтын бірде-бір тұлғасы келіскен балуан табылмады.