Коллажды жасаған Алмас МАНАП , «EQ»
Мырзағали Айтжанов,
бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
Үш жолдамадан үміттіміз
– Ұзақ жолдан соң жігіттер бір күн демалды. Бізге арнайы берілген спортзалда алғашқы жаттығуымызды жасадық. Шәкірттеріме қарсылас болады-ау деген боксшылардың барлығын білеміз. Кезінде Данияр Елеусінов, Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет секілді мықты боксшыларымызға қарсылас болған филиппиндік Эумир Марсиаль кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа қайта оралыпты. Ол бүгінде 80 кило салмақта жұдырықтасады. Нұрбек Оралбайдың басты қарсыласының бірі.
Біздің құрама сары құрлық додасына өте жоғары деңгейде дайындалып келді. Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында спортшылар тауға шығып, дене дайындығын шыңдады. Қорытынды жаттығу Түркістан облысында өтті.
Кейінгі кезде бокста көптеген өзгеріс болып жатыр. Бұрын боксшылар Олимпия ойындарында 10, 11, тіпті 12 салмақта сынға түссе, қазір 7 салмақ қана қалды. Атап айтсақ, Париж төрінде ерлер 51, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 килодан жоғары салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Азия ойындарында да осы жеті салмақта финалға шыққан қос боксшы Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлайды.
Бұйыртса, сол жеті салмақтан берілетін 14 жолдаманың мейлінше көбіне иелік етеміз деп ойлаймын. Барлығын ринг көрсетеді. Десе де үш жолдамадан дәмеліміз. Барлық жігіттерден үміт күтеміз. Бұл жолы бағы жанбағандарға лицензия тарататын жарыстар аяқталмайды. Азия ойындары – жолдама үлестірілетін жарыстардың басы. Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын алда әлі екі ірі халықаралық турнир бар. Оның бірі – Италияда, екіншісі Бангкокта өтеді. Біріншісінде – 49, ал екіншісінде 51 лицензия ойнатылады. Демек Ханчжоуда жолы болмаған боксшыларға алда әлі де көптеген мүмкіндіктер бар. Біздің басты мақсатымыз – боксшыларды Париж Олимпиадасына жеті салмақта толық құраммен апару.
Барлық жағдай жасалған
Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі Елсияр Қанағатов ту көтеру салтанатына жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, Азия ойындары еліміз үшін маңызды спорт додасы екенін атап өтті.
– Бүгін Азия ойындарында еліміздің көк байрағы көтерілді. Қазір 200-ге жуық спортшы Атлетикалық ауылға келіп қоныстанды. Бұл жолы Қытай елі спортшыларға жақсы жағдай жасаған екен. Жатын орыннан бастап, жаттығу залына дейін тиянақты ойластырылған. Енді тек жарыс жолында аянбай тер төгіп, жанкүйерлерді қуанту ғана қалды. Спортшыларымыз ел үмітін ақтайды деп сенеміз. Атлеттерімізге сәттілік тілейміз, – деді Елсияр Қанағатов.
Туризм және спорт министрлігінің өкілі Айгүл Бектенова Азия ойындарына арналған спортшылар қалашығында жан-жақты мүмкіндік айтты.
– Азия ойындарына келетін 800-ден астам адамның алғашқы легі 20 қыркүйектен бері осында жүр. Екінші делегация 23 қыркүйекте келеді. Осындай ретпен спортшыларымыз 1 қазанға дейін Ханчжоуға келіп үлгереді. Елден келген арнайы қызметкерлеріміз спортшыларға қызмет көрсетіп жатыр. Спортшылар қоныстанған жер логистика тұрғысынан тиімді орналасқан. Жатын бөлмелері кең, еріктілер жоғары деңгейде қызмет атқарып жүр. Жаттығу залдары да көңілдегідей, көлік тасымалдарына да қатысты мәселе жоқ. Енді спортшыларымыздан тек жеңіс күтеміз, – деді Айгүл Бектенова.
Боксшылар сақадай сай
Азия ойындарында 524 спортшы ел намысын қорғайтынын бұған дейін бірнеше рет жаздық. Барған спортшыларымыз елдің абыройын көтеріп, медаль алуға талпынатыны анық. Алайда бәрі бірдей жүлдегер болмаса да, солардың арасынан ел үмітін ақтайтын чемпиондардың шығатыны ақиқат. Енді солардың ішінде «Кімдерге сенім артуға болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Олимпиада не Азия ойындары болсын, бірінші кезекте боксшыларға үлкен сенім артылады. Бұл жолғы додаға қатысатын жеті боксшының екеуі – Олимпиада жүлдегері, үшеуі – әлем чемпионы. Сондықтан аталған спорт түріне жанкүйерлер үлкен үмітпен қарайды. Дегенмен, біздіңше, бұл сында Махмұт Сабырхан мен Асланбек Шымбергеновтің жеңімпаздар қатарынан көрінуіне мүмкіндік бар. Ал соңғы әлем чемпионатында атой салған Нұрбек Оралбай финалға дейін жетсе де – үлкен нәтиже болмақ. Ол финалда ежелгі қарсыласы, қытайлық қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқанмен жұдырықтасуы ықтимал. Нұрбек Тоқтарбекпен Президент кубогінде және соңғы әлем біріншілігінде екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жетті. Дегенмен бірінші кездесуден гөрі соңғы кездесуде Қытай атынан шығып жүрген Тоқтарбектің өте жоғары дайындықпен келгені әрі деңгейі әжептәуір өскені аңғарылды. Оның үстіне Азия ойындары Қытайда өтіп жатқанын да ескеру қажет.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың айтуынша, ол бүгінде жарақатынан толық айыққан. Оның осы жолғы қарсыластары да мықты. Көбісі өзбек боксшысы Хосонбай Дусматовты Сәкен Бибосыновтың басты қарсыласы санайды. Отандасымыздың өзге қарсыластарын да есептен шығаруға болмайды. Себебі 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы жапондық Томоя Цубои, 2023 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері үндістандық Бориа Дипак, 2021 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, таиландтық Саенгпхет Танарат сынды төрт құрлықты мойындатқан боксшылар әжептәуір қарсылық танытатыны анық. Әйткенмен, Сәкен жарысқа 100 пайыз дайынмын деп отыр.
– Дайындық өте жақсы өтті. Ташкенттегі әлем чемпионатына қарағанда, дайындығым ойдағыдай. Ең бастысы, Азия ойындарында барлық қарсыласымнан басым түсіп, әнұранымызды шырқатсам деймін. Сондай-ақ Олимпиадаға лицензия ұтып алғым келеді. 51 килода Азия құрлығында кілең мықтылар жиналған. Бүгінде әлем чемпиондары мен жүлдегерлерінің барлығы Азия ойындарына келіп отыр. Менің нәтижем алғашқы кездесуге байланысты. Ел үмітін ақтауға барымызды саламыз, – дейді әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.
Ал қыздар боксында көшбасшылар көп болмаса да, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Карина Ибрагимова, сондай-ақ екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Азия ойындарында топ жарады деген сенімдеміз.
Төрттіктен көрінуге тырысамыз
Боксшылардан бөлек, жеңіс тұғырынан көрінеді-ау деген спортшылар құрамада жетіп артылады. Мысалы, еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков, грек-рим күресінен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали, қыздар күресінен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азияның үш дүркін жеңімпазы Жәмила Бақбергенованың қай-қайсысы болсын құрама қоржынына алтын салуға лайық. Сондай-ақ каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері София Берульцева мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайсар Алпысбайды естен шығармауымыз керек. Ал регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы екені белгілі. Ту ұстаушы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкаядан да үміт көп.
Спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы Нариман Құрбанов, Универсиада чемпионы Милад Карими сынды атлеттеріміз Қазақстан әнұранын шырқатады деп сенеміз. Сонымен қатар семсерлесуден Руслан Құрбанов та атой салуы керек. Бразилиялық джиу-джитсудан көп жарыста топ жарған Мансұр Хабибулла – басты фавориттердің бірі.
Ал шахматшылар арасында гросмейстерлер Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасовалармен Азия тұрмақ әлем шахматшылары сына-
сады.
Басқа да спортшыларды атап өтуге болады. Айталық, киберспорт, велоспорт, құзға өрмелеу, ескек есу, жүзу, нысана көздеу секілді спорт түрлерінен әнұранымызды шырқауға лайық спортшылар баршылық.
Жоғарыда айтқан 20-ға жуық спортшыны топ басына қойғанда, Қазақстан құрамасы бейресми командалық есепте бұған дейінгі жетістіктен асып түседі деп сенеміз. Ең бастысы спортшыларымыз жергілікті климатқа тез бейімделіп, жауапты жарысқа тың күшпен шығуға тиіс. Жаттықтырушылардың айтуынша, спортшыларымыздың дайындығы ойдағыдай. Ал олардың бағы мен бабы қатар шапса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз.