Сұхбат • 22 Қыркүйек, 2023

Әр баланың арманы биік

258 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елдің болашағын қалыптастыратын – мектеп. Бүгінгі таңда ата-ана ақшасы жетсе, баласын мемлекеттік емес, жекеменшік мектепте оқытқысы келеді. Оның жалпы мектептен артықшылығы қандай? Бұл білімдегі бәсеке ме әлде бизнес пе? Осы туралы Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің негізін қалаушы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаевамен әңгімелескен едік.

Әр баланың арманы биік

ФОТО: aikyn.kz

– Назарымызды аудартқан – мектеп атауындағы «ұлттық» де­ген сөз. Осы сөздің мек­теп­тің тұ­жырымдамасында алатын орны қандай?

– Ұлттық идея – ұлттық код­тың сақталуы. Біздің дәстүріміз бен мәдениетіміз тәрбие мәселесінде негізгі тұжырымдама болуы керек. Әрине, мектептегі білім беру жү­йе­сіне әлемдегі жаңашылдық­тар ен­гізіледі. Бірақ мектеп білім берумен ғана шектелмейді ғой. Бала­ларды тәрбиелеу де мектептің негізгі міндеті. Сондықтан оқушы­лардың бойына ұлт екенін, қазақ екенін, дәстүр, мәдениетін осы бастан сіңірген жөн. Дәл қазір біздің қоғамда ұлттық дағдарыс болып жатыр. Ал тарихын біліп, салт-дәс­түрін құрметтеп, ұлт ретінде өзін сүйген адам бәсекеге қабілетті бола алады. Ұлттық мектеп аталуының себебі – осы.

– Сіздер тәрбиеге қаншалықты кө­ңіл бөлесіздер?

– Қазіргі балалар мүлде басқа. Олар еркіндікті, біреуге тәуелді болмауды жақсы көреді. Бірақ тәртіпті ұмытпау керек. Мектептің өз тәр­тібі бар. Біз оқушыларға қоғам­дық жауапкершілікті түсіндіреміз. Өзін құрметтейтін адам – айнала­сын да құрметтейді. Мектепте өзара сый­ластыққа мән береміз. Мәселен, мұға­лімдер оқушыларға жекіп ұрыс­пайды, психологиялық қысым жа­самайды. Бұл нәрсе тәрбиеде өте маңызды. Дауыс көтеріп немесе тіл тигізіп, намысына тиіп балаға бірде­ңе түсіндіремін деу қателік. Әр бала – жеке тұлға. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Соны ескеру керек. Атап өткенімдей, баламен дұрыс қа­рым-қатынас жасаса, түсіндіре біл­се, бала да түсінеді. Мұғалімдердің кә­сі­билігі де сонда. Әрине, бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі бар. Біз бірлесіп жұмыс істейміз.

– Жекеменшік мектепте оқу ақы­лы. Оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Кейде осы «жеке­меншік мектептер бизнеске айналып бара жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жатады. Мұнымен, келісесіз бе?

– Бұл – әлеуметтік бизнес. Же­кеменшік мектеп болсақ та біз­дің мектепте оқу гранттары қа­рас­тырылған. Талантты, талапты оқу­­шыларға грант береміз. Тіп­ті мек­тепте үздік оқып жатқан ба­ла­­­ларға да жеңілдік жасаймыз. Бо­ла­­­­шақта аяқтан тұрып тұ­рақ­тал­сақ, ауылдағы балаларға да қол­же­­тімді болатындай мүмкіндік қа­рас­тырамыз. Жекеменшік мек­теп ақ­ша­ның көзі емес. Шынын айтсақ, бұлар инвесторлардың қаражаты­на өмір сүреді. Оны кемінде 5 жыл қаржыландыру керек. Мұндай мектеп ашатын адамдардың мой­нында үлкен әлеуметтік жауап­кершілік тұр. Сондықтан ақылы мек­тептер соған сай жағдай жасай­ды. Меніңше, мектеп аш­қан кез келген адам ақша табайын деп емес, білім жүйесін өзгертейін, дамытайын деген жанашырлықпен ашады. Ата-аналар да сапаға қатты мән береді. Қазір бәсекелестік те артып келеді. Сондықтан мектепке тек бизнес ретінде қарау тиімсіз.

– Жекеменшік мектептер мен жалпы орта мектептерді са­­лыс­тыр­са, білім сапасында, жү­йе­сінде айыр­машылық бар. Мек­­тептің жаб­дықталуы да бө­лек. Былай қа­ра­саң, жекемен­­шік мектепті инвес­тор­лар қар­жы­ландырса, жалпы мек­тептерге мем­лекеттен ақша бө­лінеді.

– Жекеменшік мектептер секіл­ді жалпы орта мектептер де дамуға тиіс. Білім саласына трансформация керек. Қазір мемлекеттік мектептер фабрика секілді жұ­мыс істейді. Қатып қалған жүйеден әлі шыға алмай келеді. Бір сыныпта 30-35 баладан отырады. Оның бә­ріне жеке-жеке көңіл бөлу мүмкін емес. Қазір білім тұжырымдама­сы баланың қай жаққа икемі барын анықтап, сол бо­йынша жұмыс істеуге бағытталуы керек. Бірақ мем­лекеттік мектептер де баланы қабі­летіне қарай дамыту туралы сөз қоз­ғамай-ақ қоюға болады. Әй­теуір оқып, бітірсе болды деген жүйе. Барлық мектептің арасында бәсеке болуы керек деп есептеймін. Меніңше, мемлекеттік мектеп­тер де инвестиция тарта алуы қажет. Өздері де дамуға, бірсарынды жү­йені өзгертуге талпынса, сонда нә­тиже болады. Мәселен, Ұлттық бизнес және инжиниринг мекте­бін­де бір сыныпқа 18 баладан артық қабылданбайды. Бұл аз да емес, көп те емес. Мұғалімнің әр баламен жеке жұмыс істеуі үшін жеткілікті. Сондай-ақ мектептің жабдықталуы да маңызды рөл атқа­рады. Бала мектепке келгенде өзін еркін сезінуі керек. Сол үшін әрбір мектепте оқушылар бос уақы­тында достарымен отырып әңгіме­лесетін, жеке жұмыс істейтін немесе басқа да жұмыстарын істей­тін кеңістік, яғни коворкингтер болу­ға тиіс. Тағы айта кететін нәр­­се, мек­­­­тептегі білім тек мектепте ғана беріл­меуі керек. Мысалы, біз­­­дің оқу­шылар үнемі қар­жы орта­­­лық­тарына, кітапханаларға, музей­­лерге, университеттерге барып тұрады. Оқушылар осы бастан қар­жы қалай басқарылатынын, газет қалай шығарылатынын, басқа да жұмыс барысын саналы түрде түсінуі керек.

– Жекеменшік мектепке балалар қалай қабылданады, олармен қалай жұмыс істейсіздер?

– Мектептегі ең үлкен кемшілік – баланы зерттемеу. Ең әуелі ба­ланы қай бағытқа, қай салаға икемі бар соны білу керек. Біз мек­теп­ке қабылдаған кезде баланы зерттейміз. Оқушының мықты тұсын дамыту арқылы оны бір сала­ның кәсіби маманы болуға даяр­лауға болады. Мысалы, 12 жасы­ңыздан журналистикаға қызы­ғушы­лығыңыз барына мән беріп, сол бойынша қабілеттеріңізді дамытқан болса, сол кезден осы сала бойынша тәжірибе жинауға мүмкіндік берген болса, сіз қазіргі деңгейіңізден де мықты боласыз. Мектептегі жүйеге сондай өзгеріс керек. Білім берудің мазмұны әрқашан балаға байланысты болуы шарт. Сонда оқу­шы колледж­ге, университетке дайын болып бара­ды. Елімізде тек жекеменшік мектеп­тер ғана емес, мемлекеттік мектеп­тер де осындай бағытта дамитынына сенемін.

– Қазір арнайы бағыттарға ба­сымдық беретін жекеменшік мек­тептердің қатары көбейіп ке­леді. Мысалы, сіздер неге биз­нес және инжиниринг бағы­тын таңдап алдыңыздар? Сала­лық мек­тептердің қандай артық­шы­лық­тары бар?

– Меніңше, мектептер 20 ғасыр­дағы жалпылама беру жүйесіне құрылған модельдерін өзгертуі ке­рек. Дәл қазір осындай салалық ба­ғытты дамыту тиімді әрі сапалы болады. Гуманитарлық, экология­лық, жаратылыстану, бизнес, ғылым және тағы басқа да бағыттардағы әртүрлі мектеп көбеюі қажет. Ал неге бизнес бағытын таңдағанымыз туралы айтатын болсақ, еліміздің патриоты ретінде бізде де мықты биз­несмендердің, жаңа технологиялар жасап шығатын инженерлердің көп болғанын қалаймыз. Өз азаматтарымыз сапалы маманға айналуы үшін жағдай жасағымыз келеді. Сондай-ақ оқушыларға қазірден бас­тап өз жобаларын коммерцияландыра білуді үйретеміз. Балалар алған білімін іс жүзінде пайдалана алуға тиіс. Оқушыларымыз қазір­дің өзінде заманауи технологиялар арқылы идеяларын іске асырып, жетістікке жетіп жатыр. Сондықтан біз практикаға мән береміз. Айта кетейік, әріптестікке де әрқашан ашықпыз. Басқа мектептермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

– Ал мұғалімдерге қандай талап қоясыздар?

– Мектеп мұғалімге тікелей бай­­­ланысты. Педагогтерді даярлау мә­селесі өте өзекті. Мұғалім өзгер­ме­йінше, білім жүйесі өзгер­мейді. Сон­дықтан мұғалімге қоятын талабы­мыз өте жоғары. Мысалы, кәсіби білім­ді мамандар болады, бірақ зама­науи талаптарға икемі келмейді. Он­дай педагогтерді қа­былдай алмаймыз. Қазір мұғалім жан-жақты, еркін болуы керек. Біздің мектепте «Жеті жарғы» концепциясы бар. Соған сәй­кес баланың интеллектін, сана-се­зімін, мінез-құлқын, эстетикалық сезімдерін, денесін, бәрін бірдей да­мытуға, тәр­биелеуге күш саламыз. Бар­лық мектепке өз концепциясын құру қажет деп ойлаймын. Бала – біз­дің болашағымыз. Сондықтан білім саласына бейжай қарауға әсте болмайды. Жекеменшік мектеп болсақ та біздің жалғыз мақсатымыз бар, ол – сапалы білім беру және сол үшін ең жақсы жағдайды жасау.

 

Әңгімелескен –

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan»