Еңбек • 24 Қыркүйек, 2023

Қай салада маман тапшы?

446 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заман ағымына қарай белгілі бір мамандықтарға сұраныс артып, кейбір мамандықтар тіпті қоғамның қажетіне жарамай жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Сұраныстың орнын толтыруды ойлаған Үкімет белгілі бір мамандықтарға грант қарастырып, алдын алуға тырысады.

Қай салада маман тапшы?

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Аңғарсақ, қай кезде де болмасын өндірістен хабары бар маманға сұраныс кеміген емес. Рас, қазір өнеркәсіп мейлінше жаңа технологияларды енгізу­ге тырысады. Әйткенмен, сол құрыл­ғыларды адам басқарады ғой. Өндіріс саласының маман­дарына сұраныс алпауыт компаниялар шоғырланған өңірлерде байқа­ла­ды. Онда жұмыс істеуге ниет­тілерге ұсы­нылатын жалақы да тәуір. Бірақ дәп сол саланың ма­ма­­ны өзге аймақтарда аз жал­а­қы­ны қанағат тұтып жүруі әб­ден мүмкін. Мұндайда қос та­рап, яғни жұмыс беруші мен сала маманы электронды ең­бек бир­жасының көмегіне жүгін­уіне болады. Электронды плат­фор­­маның артықшылығы осы. Ең­бек ресурстарын дамыту ор­­та­­лы­­ғы стратегия басқарма­сы­­­­ның бас сарапшысы Мадияр Ал­­дияров­тың айтуынша, ең­бек нары­­ғында кейінгі айларда мұға­лім­дерге сұраныс жоғары болып тұр.

– Электронды еңбек биржа­сын­дағы мәліметтерге сүйенер бол­сақ, кейінгі айларда мек­теп мұғалімдеріне сұраныс күрт көбейгенін байқаймыз. Әсі­ре­се математика, жаратылыстану бағытында сабақ беретін мұға­лім­дер қажет. Оның бірден-бір себебін жаңа оқу жылының бас­талуымен байланыстырамыз. Бұл ста­тис­тикаға мектеп табал­ды­ры­ғын аттаған оқу­шы­лардың саны да әсер етеді. Айта берсек, тағысын-тағы бір­неше фактор бар. Кейінгі айларға көз жүгіртсек, электронды еңбек бир­жасында мектеп мұға­лім­­деріне 18 мың бос жұмыс орны қалыптасыпты. Өндіріс, қыз­мет көрсету саласындағы ма­ман­­дарға да сұраныс жоғары. Бұл бағытта әуелі байланыс операторларына, дәнекерлеуші, тігінші, көлік жөндеу желілеріне мамандар қажет екенін еске саламыз. Әрине, еңбек нарығында белгілі бір мамандықтарға сұраныс күрт артқан соң, оның орны ә де­ген­нен тола қоймайды. Біз мұны ай сайын министрлікке ұсы­нып отырған ақпараттардан аң­ғар­дық. Негізі, еңбек биржа­сын­да жұмыс іздеп жүрген мұға­лім­дердің де түйіндемелері көп. Алай­да олардың басым көпшілігі – гума­нитарлық бағытты таң­да­ған­дар. Ал гуманитарлық пән­дер­дің ішінде қазір ағылшын тілі пәні­нің мұғалімдеріне сұраныс жо­­ғары болып тұр, – дейді М.Алдияров.

Елде қызмет көрсету, білім сала­сымен қатар өнеркәсіпте маман тапшылығы байқалатынын біл­дік. Тақырыпты қаузаған соң, қалыптасқан жағдайдың себеп-салдарына да үңілгенді жөн көр­дік. Математика, жараты­лыс­тану бағытында мұғалім тап­шы­лы­ғы көбіне өңірлерде байқалады. Мұның бір себебі – математика пәнін екінің-бірі таңдай бермейді. Сосын математикада білімі, машығы бар мамандар басқа да салаларда еңбек етуден қашпайды. Біз білсек, бұл бүгін ғана туындап отырған мә­селе емес. Әсіресе шалғай ауыл­дарда мұғалім бұрыннан тап­шы. Нақ қазір электронды еңбек биржасында мұғалімге бос жұмыс орындарының қалыптасуы, түйіндемелердің артуы маусымдық сипатқа ие. Шілде, тамызда білім саласында сұраныс пен ұсыныс қалыптасса, күн жылына бастаған шақта ауыл шаруашылығы мамандарын іздейтіндер көбейеді. Сол секілді көктемде құрылыстан хабары бар жұмысшылар қажет болды. Жұмысшылардың жа­ла­қысы әр өңір, қаланың әлеу­меттік-эко­но­ми­калық жағ­да­йына қа­рай қа­лып­тасатынын білеміз. Сәйке­сін­ше, ауылдан қалаға тек жұмыс үшін баратын жас көп. Мысалы, педагог-психолог мамандығы бойынша білімі бар Ерболат Өсербаев таңдаған мамандығын шетке ысырып, басқа салада ба­ғын сынап көруге оқталған.

– Осыдан төрт жыл бұрын ауыл­дан Атырауға жол тарттым. Ба­ғы­ма қарай, ірі мұнай компа­ния­ларының біріне асханаға жұмысқа орналастым. Сонда азды-көпті төрт жылға жуық еңбек еттім. Еңбегіме қарай көп ұзамай асханаға жауапты болдым. Мұнайлы өлкеде бір ай жұмыс істеп, бір ай демала­тын­мын. Вахталық жұмыстың та­лабы – солай. Табысы да  жо­ға­ры. Демалыста да «екі қолға бір күрек» табыла кете­тін. Қа­зір қарап отырсам, менімен бірге педагог-психолог маман­дығы бойынша білім алған қатарластарымның басым көп­шілігі басқа салада шың­да­лып жүр. Себебі белгілі, жұмыс жоқ. Жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Басқа салаға бет бұрғаныма еш өкінбеймін. Қазір өзімді қызмет көрсету саласында біраз шыңдай түсу үшін Атыраудағы жұмыстан шығып, Астанаға келдім. Салада тә­жірибем болған соң жұмыс бір­ден табыла кетті. Енді осы бағыт­та шыңдала түсуге ниеттеніп отырмын, – дейді ол.

Сарапшылардың па­йым­дауынша, келешекте ана­ли­ти­ка­лық талдау жасай алатын, бі­лі­гі жоғары маманға сұраныс болады. Себебі Үкімет те өмір бойы білім алу, мамандардың дағдысын көтеру концепция­сын алға тартып отыр. Яғни мұнда кез келген маман жыл сайын өзінің білімін жетілдіріп отырғаны маңызды. Әрине, алысқа көз тастасақ, болашақта жа­санды интеллектінің дамуы еңбек на­рығына әсер етуі мүмкін. Бұл дегеніңіз білікті маман осындай ке­дергілерге дайын болып, машық­тал­уы қажет дегенді ұқ­ты­рады. Есте болса, алғаш компьютер пайда болған тұста сарап­шы­лардың араға 10-20 жыл салып барлық саланың мамандары ғаламторды пайдаланады дегеніне сену қиын болды. Қазір ше, компьютерді жас-кәрі тегіс біледі. Тіпті ел-жұрт мемлекеттік қызметке жүгіну үшін табанынан таусылып мекеме кезбейді.

Ұлттық статистика бюросы­ның дерегіне сүйенсек, елде жұмыс күші­нің үлесі – 68,8 па­йыз. Бұл көр­сеткішті былтырмен салыс­тыр­ғанда бәлендей өзгеріс бай­қал­майды. Сонымен қатар еңбекке жа­рамды жастардың үлесі – 69 пайыз (3,7 млн адам). Былтырмен салыстырар болсақ, мұнда да өзгеріс жоқ. Дегенмен еңбекке араласқан жас­тардың үлесі былтырға қара­ған­да 1 па­йыз­ға өскен.

Әлеуметтанушы Бақыт Әлмұра­товтың пікірі де Еңбек ре­сурс­тарын дамыту орталығы стра­тегия басқармасының бас сарап­шы­сы ұсынған статистикамен ұш­тасады.

– Үкімет білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Мұға­лім­дердің жалақысы өсті. Әрі былтыр Президент Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы айтты. Елде де­мо­графиялық өсім байқалады. Осы­дан келіп қоғамда мұғалім тапшылығы байқалады. Әсіресе математика, физика, жаратылыстану бағытында білімі бар педагогтерге сұраныс жоғары. Әрине, жергілікті әкімдіктер де педагогикалық мамандықтарға грант қарастыратынын жоққа шығара алмаймыз. Жыл сайын мем­лекеттік тапсырыс шеңбе­рінде та­ғайындалатын гранттарда техни­ка­лық мамандар, инженер, технологтер қамтылады. Бірақ оларға да сұраныс азаймай тұр. Бұл қатарға су шаруашылығы ма­мандарын қосамыз. Жоғарыда атаған және өзге де техникалық мамандықта білім алған жас­тар ертең қайда барып жұмыс іс­тейтінін білмейді. Елде өнді­ріс орындары аз. Жалақы төмен. Біз мейлінше жастардың ғы­лым­мен айналысуына жол ашуы­­мыз қажет деп ойлаймын. Себебі еліміз ғылыми патент алу жағы­нан 39-орында болғанымен, оны өндіріске енгізуде 80-орында, – дейді Б. Әлмұратов.

Әрине, өндіріс орындары барда техникалық мамандықты мең­ге­рген жастар әрдайым қо­ғам­ға қажет. Ал кейінгі кез­дегі суға қатысты туындаған мәсе­ле­лердің бір шетінде елде су шар­уа­шылығынан хабары бар ма­мандардың тапшылығы айтылады. Себебі зерделеу жұмыс­та­рынан кейін сушылардың жала­қы­сы аз екені белгілі болды. Әлеу­мет­та­нушы орайы келгенде бастауыш сынып оқушылары арасында жүр­гіз­ген сауалдамаға тоқталды.

– Біз бір мектептің баста­уыш сынып оқушыларына «Сіз бола­шақта қай саланың маманы болғыңыз келеді?» деген ортақ сұрақ қойдық. Ғарышкер боламын дейтін бірде-бір бала жоқ. Инженер, дәрігер, полицей, мұғалім болуды армандайтындар санаулы. Қызығы, балдырғандардың арасында «тик-токер» боламын дегендер кездеседі. «Неге?» десек, «оларда ақша көп» деп жауап береді. Төртінші сынып оқушысының көзқарасы осындай. Біздіңше, өңірлерде кәсіпорындар көптеп ашылса, мемлекеттік грантта білім алған студенттердің ара­сында жұ­мыс­пен қамтыл­ған­дардың үлесі көбейер еді. Шыны керек, грантта оқыса да өзі­нің келешекте қайда жұмыс істейтінін білмейтін жастар бар. Жастардың зейінін мейлінше ғылымға бұруымыз керек. Мұны қоғам да жақсы біліп отыр. Ойымды түйіндейтін болсам, жас маман қай саланы меңгерсе де білікті, бәсекеге қабілетті болса, әркез бәсі жоғары болады, деп пікірін толықтырды ол.

Қайбір жылдары заңгер, экономистерге сұраныс артып, сол мамандықта оқуды көксейтіндер көбейді. Қазір заңгер, экономист жетерлік. Алайда жұмыс ұсынатындардың қай-қайсысы да білікті экономисті, білікті есепші, заңгерді, жалпы, қай салада болсын тәжірибесі то­лыс­қан маман іздейді. Ендеше, білім саласындағы реформалар келешекте сапалы маман даярлауға септеседі деген сенімдеміз.