– 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, патша өкіметі орыс мұғалімді соғысқа алып кетеді. Әкем ол жігіт сол соғыстан қайтып оралмапты деп отыратын. Бірақ мектеп 1937 жылға дейін жұмыс істеп тұрған. Атам – атақты ақын, аудармашы әрі ағартушы Бекет Өтетілеуовпен жақсы қарым-қатынаста болған кісі. Әкемнен естуімше, белгілі ағартушы атамды ұстаз әрі аға тұтқан. 1937 жылы Шаймерден атама кеңес өкіметінің мұғалімі бола тұра қой сойып, әруақтарға құран бағыштады деген айып тағылып, халық жауы ретінде Түмен облысына айдалады. Әкем Харез ол кезде 8 жастағы бала екен. Өзі халық жауының баласы, сондықтан көпке дейін Қазақстанға көшіп келуге қорқып жүреді. Бірақ Шаймерден атам балалар есейген соң, бір амалын тауып елге қайт деп аманат айтып кетіпті. Сөйтіп, інім екеуміз әскерден келген соң, әкем бізді 1986 жылы елге қайта көшіріп әкелді. Елге келген соң атама қатысты деректерді іздестіріп көріп едім, ештеңе таба алмадым. Қостанай мен Сарыкөлдегі архив мамандары ол құжаттардың бәрі жойылып кеткенін айтты, – дейді Шаймерден Таубайұлының немересі Сүйіндік Харесұлы.
Әкесінің аманаты бойынша бала-шағасын атақонысы Сарыкөл ауданына біржола орнықтырған «халық жауының» баласы Харес қария 2022 жылы 92 жасында бақилық мекеніне аттаныпты. Бұған дейін электр маманы болып жұмыс істеп келген ұлы Сүйіндік көп ұзамай Қостанай педагогика училищесіне оқуға түседі. Сүйіндіктің Ресейде алған мамандығын бұлайша күрт өзгертіп, атасы бастап кеткен мұғалімдік жолға түсуіне Қазақстандағы кітапхана ісін қалыптастырушылардың бірі, 50 жыл ғұмырын осы салаға арнап, ширек ғасыр уақыт Алматыдағы Ұлттық кітапхананы басқарған Нәзира Дәулетова ықпал етеді. Бүгінде Сарыкөлдегі кітапхана Нәзира Дәулетованың есімімен аталады.
– Нәзира апам – Шәймерден атамның туған бөлесі. 1987 жылы апам: «Сүйіндік, сен алдағы жұмысыңды таста. Әлі жассың, мұғалім атаңның жолын жалғастырып, мектепке бет бұр. Байқаймын, тарихты жақсы білесің, бала оқытуға білім-бейімің бар. Мені тыңдасаң, осы жолды таңда», деді. Осылайша, алдымен педагогика училищесінде, кейін университетте оқып, тарих пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шықтым, дейді Сүйіндік Шаймерденов.
Еңбек жолын 1994 жылы Тимирязов ауылындағы орта мектепте бастаған Сүйіндік Харесұлы біраз жылдан соң осы білім ошағында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Кейін 11 жыл бойы Большие Дубравы ауылының мектебін басқарған білікті ұйымдастырушыны 2017 жылы жергілікті тұрғындар ауыл әкімі етіп сайлаған, алайда 4 жылдан кейін бұл міндетінен өз еркімен бас тартып, бұрынғы мектебіне қатардағы мұғалім болып қайта оралады. Бүгінде аудан мұғалімдерінің біразы жаңашылдықты жаны сүйетін Сүйіндік ұстаз ойлап шығарған оқу әдістемелерінің игілігін көріп отыр. Мысалы, орыс сыныптарында қолданылатын «Зигзаг» әдісі бойынша оқушылар сабақ үстінде бір орыннан бір орынға ауысып отырады.
– Мен әдетте сабақтың тақырыбын төрт немесе беске бөлемін. Әр бөлімнің мазмұнын әр оқушы өзінше бөлек оқып, түсініп, оны сыныптасына әңгімелеп береді. Ол бала келесі балаға айтады. Осылайша, бір-біріне айтып тақырыпты өздері меңгереді. Бұл жерде мұғалімнің емес, оқушының белсенділігі басым болады да, алғыр оқушылар белсенділігі төмен баланы үнемі алға тартып отырады. Тақырыпты топ болып талқылау, меңгеру дегеннің тиімділігі осында, дейді С.Шаймерденов.
Сүйіндік Харесұлының жұбайы Зүбайра бастауыш сыныптарын оқытады. 42 жыл бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан ұстаз «Жақсы мұғалім болу үшін, ең алдымен, баланы жақсы көру керек. Ол баланы да өз балаңдай көру керек. Өз басым жаңа тақырыпты бір бала түсінбей кетсе, түнімен көз іле алмай шығамын. Ертеңінде түстен кейін екеуміз қалсақ қайтеді, сен бәрінен жақсы оқи аласың ғой деп көндіріп, өткен сабақты түсіндіріп жіберген соң ғана жеңілдеп қаламын», дейді тәжірибелі ұстаз.
Шаймерденовтер отбасының кейінгі буын өкілі Әсем Сүйіндікқызы да ата-анасының жолын жалғастырып, ауыл балаларына психология пәнінен сабақ беріп жүр. Күйеу балалары Әсет Беку де – осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
Сүйіндік ұстаздың немерелері де озат оқиды. Келешекте олардың да Шаймерден аталары салып кеткен сүре жолды жалғайтын түрі бар. Бұлай дейтініміз, Сүйіндік аға мен Зүбайра апайдың Әмірхан есімді немересі сабақтан келісімен атам сияқты мұғалім боламын деп інісіне қалам-қағаз ұстатып қойып, мектептен үйренгенін оқытуды әдетке айналдырған.
Қостанай облысы