Форум • 22 Қыркүйек, 2023

Медиа құндылық: эволюция және этика

180 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордада Astana Media Week-тің екінші күні өтті. Медиа саланы жетілдіруге бағытталған іс-шараға жиналғандар «Цифрлық дәуірдегі журналистер жұмысының ерекшеліктері: жылдамдық, ақпарат көлемі, бәсекелестік», «Ең рейтингтік өңірлік жобалардың ULGI-кейстері», «Медиа құндылықтар эволюциясы және жаңа этика», «Стратегиялық коммуникация: ақпараттық саясат қайда бара жатыр?» сынды тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Маңызды мәселелер бойынша креа­тивті ұсыныстар да айтылды.

Медиа құндылық: эволюция және этика

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Апталықтың екінші күні де қатысушылар легі азаймады. Алаң бұл жолы қоюшы-суретші Юлия Кравченконың «Баламалы шындық» көрмесімен ашылды. Жасанды интеллект әлеуетін пайдаланып, еліміздің болашағына көз тастаған digital туындылар көпшілік көкейіне ой салады.

– Бұл көрме – көп жылғы еңбек пен ізденістің жемісі. Мен жа­санды интеллектіні бола­шақ, ондағы орнымыз және әлем­ді технологияның қалай өзгер­те алатыны туралы ойлауға көмек­те­с­етін өнер туындыларын жасау үшін қолдандым, – деді Юлия Кравченко.

Технология – медианың негізі. Әсіресе жасанды интеллект – цифрлы әлемнің жаңалықтары мен мүмкіндіктеріне жол ашатын контент жасаушы құрал. Басқосуда «MediaWaves digital» агенттігінің негізін қалаушы Руслан Сыздықов жасанды ин­тел­лектің мүмкіндігі мен кер­е­ғар тұсын кеңінен айтты. Ней­рокреатордың сөзінше, тех­но­логияның дамуы жеке дерек­тердің көпке жарияланып кетуі, алаяқтық, ақпараттық соғыс, қауым­д­ы манипуляциялау, жүйе­сіз даму, жұмыссыздық сын­ды мәселелердің өршуіне түрткі болады.

– Қазір жасанды интеллектінің көмегімен картиналарға жан бітіру қалыпты дүниеге айналды. Өлген адамның даусын қою да таңсық емес. Жасанды интеллект бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны рас. Бірақ оның өзіндік салдары бар. Яғни интернет кеңістікте фейк ақпарат кө­бейеді. Әрине, оның ізін анық­тау тәсілдері де шыға береді. Алайда белгілі бір жағдайларда зиянын тигізіп үлгеретіні анық. Осы орайда журналистерге көмектесетін мына «Otter Ai», «Heygen Ai», «ChatGPT», «Midjourney», «Clips» нейро жүйелерін қол­да­нуға кеңес беремін. Бұл журна­лис­тердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Мәселен, «Otter Ai» – диктофонға жазылған сөз­дердің қай спикердің қай жер­де сөйлегенін дәл анықтап бере­ді. «Heygen Ai» – тартымды мар­кетингтік бейнелер жасауға мүмкіндік беретін генератор. Ақпараттық порталдарға цифрлы жүргізуші ретінде ұсынуға болады. Кез келген бейнені аламыз, оны қосымшада әрлеп, бірнеше тілде ақпарат оқытуға болады. Бұрын сөйлеп тұратын жасанды интеллектіге қыруар қаржы жұмсалса, қазір бір ғана қосымша көмегімен бәрін үйлестіруге болады. Осылайша, контент жасау аясын еселедік. Қосымшаларды қолдану арқылы жылдамдық та артты. Есесіне шы­ғынымызды шамамен 40 па­йызға азайттық. Десек те жасанды интеллектінің нарық­та еңбек күшін алмастыруы­на бай­ланысты жұмыссыздық көбейіп отыр. Бұл мәселенің өзектілігі әрі қарай артпаса, төмендемейді. Өйткені енді қоғамда жарнама агенттіктері, қолдау қызметі, жүр­гізуші сынды мамандар екі қолға бір күрек таппай сенделеді, – деді спикер.

Спикердің сөзінің жаны бар. Қазір белгілі бір сала ғана емес, адам да қоғамда өз орнын табу үшін мейлінше цифрлануы қажет. Бәсекелестіктің бәсі арт­қан уақта журналистердің де жұ­мысы қиындады. Осы ретте тари­хы тереңнен бастау алатын мерзімді басылымдар да көштен қалмауға барын салып жатыр.

– Медиа секунд сайын же­тіліп жатыр. Мерзімді ба­сы­лым­дардың оның легіне үне­мі ілесуге қау­қары бола бер­мейтінін мо­йын­дау керек. Соның өзінде ақпараттық кеңіс­тікте бәсекеге қабілетті болу­ға ұдайы ұмтыламыз. Бұл ретте жастардан үйренеріміз көп. Ме­нің­ше, болашақта журналистің жұмысы командалық жұмыспен көрінеді. Кеңес үкіметі кезінде одақтас болған мемлекеттердің бір­азында журналист болып жұмыс істедім. Байқағаным, сіздерде шетелдік тілшілер еркін жұмыс істейді. Қазір Қазақ­стан мейлінше медиа кеңістікте контент жасап жүргендерді заң аясында ұстауға тырысады. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені қазір ақпарат ағыны күшті заманда оны бір адамның талдау жасап, бақылауда ұстауы мүмкін емес. Сіздерде біздің «Sputnik.kz» ақпараттық порталы секілді біраз филиал жұмыс істейді. Біз Қазақстанмен әлі де байланысымызды нығайтуымыз керек. 2020 жылы «Российская газета» сіздердің республикалық бас басылымдарыңыз – «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерімен ақпарат­тық байланыс орнатқан, – деді «Российская газета» Орталық Азия өңірлік өкілдігінің директоры Дмитрий Евлашков.

Елімізде технология туын­дат­қан талаптарды еңсеріп, медиада көш басында тұрған интернет ре­сурстардың бірі – «Tengrinews.kz» ақпарат порталы. Ақпараттық ба­сы­лым бір­неше жыл қатарынан отан­дық рейтингтің алдыңғы орын­дарынан түспей келеді.

– Біз 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейміз. Сапалы, саралан­ған, тексерілген ақпарат таратамыз. Әрі әлеуметтік желідегі әр қосымшада белсендіміз. Кей­біреулер үшін біз Instagram-да ал­дыңғы қатарда болуымыз мүм­кін. Ал кейбіреулеріне Telegram-да. Жылдан-жылға журналистика саласында талап күшейе беретіні анық. Біз бренд болып қалыптастық десек болады. Ақпараттық ортада өз беделімізді бірқалыпты сақтап келеміз. Сондықтан біз үнемі даму бағытымызды жетіл­діріп отырамыз. Мәселен, бел­гілі бір платформа өзінің әлеуе­тін жоғалтуы мүмкін. Ал бел­гілі бір қосымшалардың танымал­ды­лығы артуы ықтимал. Сәйкесін­ше, біздің ақпарат тарату айдыны да өзгеріп отырады. Қазір медиа апталық өтіп жатыр, мұн­дағы ақпараттарды біз­дің әріптестер дәл сол сәтте уа­қы­­тылы жазып, өңдеп, халық­қа ұсы­нып отыр. Өзге де жаңа­лық­тар солай оперативті жазылады. Аудиторияның назарын аудара алатындай кез келген мүмкіндікті контент жасауда қолданамыз, – деді «Tengrinews.kz» бас редакторы Олжас Мырзағалиев.

Республикалық ақпараттық порталдардан бөлек, өңірде жүріп, жаңа технологиялардың мүм­кіндігін ұтымды пайдаланып, өз көрермендерін жинап үлгер­ген аймақтық бұқаралық ақ­па­рат құралдары да бар. Олар­дың қатарында «Caspian News» арнасы бар.

– Біріншіден, сюжеттің өзінің құрылымы тұрғысынан бізде жаңашылдық бар. Біз дәстүрлі арналардағы секілді диктордың көмегімен жаңалық таратпаймыз. Біз дайджест, яғни «Euronews»-тің форматын пайдаланамыз. Облыстық арна болсақ та, жан-жақта меншікті тілшілеріміз арқы­лы батыс аймақтың ақпара­тын қамтимыз. Әлеуметтік желі­лер­ді ұтымды пайдаланамыз. Онда эффект 3 секунд деген бар. Сіз сюжеттің басына беретін ақ­паратты беріп, адамды тар­тып үйренсеңіз, ол қаралым жи­найды. Ал бастапқыдағы ақпа­ратыңыз су болса, аудитория соңына дейін күтіп отырмайды. Бір ғана қимылмен келесі видеоға ауыса береді. Сондықтан журналистер жан-жақты жұмыстанады. Ал ол жұмыстанғаны үшін, яғни әлеуметтік желіде жақсы қаралым жинаған тілшіге міндетті түрде сыйақы беріледі. Менің негізгі мамандығым техника саласымен байланысты болғандықтан, біз жасанды интеллектіні де тиімді пайдаланып жүрміз. Студияның өзінде республикалық «Хабар» арнасындағыдай робот камералар жұмыс істейді. Ешқандай опе­­раторсыз режиссердің өзі бас­­қарады. Арнаны одан әрі жетіл­діру үшін алға қойған мақ­сат­­тары­мыз жетерлік. Соған сәйкес, штатты үлкейтіп, қара­жатты көбейту мәселесін ойлас­ты­рып жатырмыз. Көп нәрсе қа­ражатқа келіп тіреледі. Азғантай қаражатпен телеарна ашудың өзі бір күш, – деді «Caspian News» арнасының директоры Қазбек Кертаев.

Айта кетерлігі, облыстық БАҚ-тың ілгерілемеуіне журна­лис­тердің жалақы мәселесі де көп жағдайда тұсау болатыны белгілі. Осы түйткілді жүйелі шешкен оңтүстік өңірдегі «Taraz24» арнасы жарқын мысал бола алады.

– Аймақ журналистерінің бәрі – әмбебап. Біз режиссерміз, біз қонақ редакторымыз, біз оператор да, монтажер да бола аламыз. Сондықтан журналистерге «үшеуде біреу» болыңдар деген ұсыныс тастадым. Қазір YouTube арна деген қатты дамып жатыр. Біздің аймақта да сондай газет­тің жанынан продакшндер көп ашы­­лып жатыр. Өңірдегі маман­дар жалақысы жоғары осын­дай жұ­мыс­тарды іздейді. Бұл тен­ден­ция­ны тоқтату үшін креа­тив­ті, еңбекқ­ор жастарға мен «үшеу­де біреу» деген ұсыныс таста­­дым. Яғни үш маманның жұмы­сын жалғыз өзі ат­қар­са, дәл сол үш маман­ның жал­ақысын алады. Бұл сәтті жү­зеге асты. Қазір телеарна­да 2 жі­гіт, 1 қыз конвергентті жур­налист қыз­метін атқарып жүр. Олар смартфондарымен өздері түсіреді, жаза­ды, монтаждап эфирге жібе­реді. Ал үлкен жина­лыс­тарда, әри­­не, опе­ратор бөлек, журналист бө­лек қыз­мет атқарады. Әріптесім айтқандай,  біз де әлеу­меттік желі­нің әле­уетін то­лық пай­дала­нып жүр­­міз, – деді «Taraz24» теле­ар­­на­сының директоры Зарина Қуатова.

Ал «Maqsut Narikbayev University» басқарма төрағасы­ның орынбасары Ерболат Мұха­­мед­­жанның пікірінше, «Tengrinews.kz» секілді бедел қа­лыптастыру үшін оперативтілік, технологияның мүмкіндіктерінен пайдаланудан бөлек, факчекинг және дезинформациямен күресті алдыңғы қатарға қою қажет.

Сондай-ақ медиа апталық­та өзекті мәселелерден бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Мір­жақып, оян, қазақ!» фильмі­нің премьерасы өтті. Еліміздің, шетелдің жетекші медиа сарапшылары мен мамандары бас қосқан форум 25 қыркүйекте қорытындыланады.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Media Week форумына елі­­міздің жəне шетелден кел­­­­ген 60 медиаиндустрияның топ-ме­­­неджерлері, 20-ға жуық рес­­­пуб­­ликалық телеарна жəне 50-ден астам продакшн-компания қатысып жатыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктің, полиция департаменттерінің, түрлі қоғам­дық ұйымдардың баспасөз хатшылары жиынға келіп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.