Пікір • 22 Қыркүйек, 2023

Сенімнен – серіктестікке

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2015 жылы С5+1 диалог алаңы құрылғалы бері алғаш рет Вашингтонның ұсынысымен мемлекет басшыларының кездесуі өтті. Ал бұған дейін мұндай форматта АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалог пен ынтымақтастық сыртқы саяси ведомстволар басшыларының деңгейінде ғана жүзеге асырылатын еді. Бұл С5 форматының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сенімнен –  серіктестікке

Әлем Орталық Азияны кем дегенде біртұтас аймақ ретінде, яғни бір-біріне тәуелді әрі тығыз байланыстағы өңір ретінде қабылдайтыны анық. Өйткені Орталық Азия елдеріне тән проблеманы, кей мемлекеттермен жақсы байланыс орнатып, ал кейбіреуін тасада қалдырып шешу мүмкін емес. Сондықтан Орталық Азия халықаралық қатынастың жеке субъектісіне айналып келеді.

Жаңа халықаралық тәртіптің қазіргі жағдайында АҚШ-тағы кездесуді тарихи сәт деп атауға толық негіз бар. Өңірлік қауіпсіздік және жаһандық тұрақтылық, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру мәселелері бұрынғыдан да өзекті. Бұл ретте Қазақстан ядролық қаруды жою жөніндегі жаһандық қозғалыстың алдыңғы қатарында келеді. Дегенмен, кейінгі кездері әлем елдері арасында қақтығыстар жиілеп, ядролық соғыс қаупі күшейе түсті.

Экономикалық ынтымақтастық туралы айта келе, Қазақстан әлемнің 180 елімен сауда жасайтынын және жаһандық инвесторлар қауымдастығы үшін сенімді серіктес болып қалуға ниетті екенін атап өткен жөн.

Өткен жылы елімізге тікелей америкалық инвести­циялардың жалпы ағыны бірден 82 пайызға өсіп, 5,1 млрд долларды құрады. Бүгінде елімізде 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді, оның ішінде «Chevron», «Exxonmobil», «General Electric», «Citi» тағы да басқа ірі ұйымдар бар.

АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықтың тағы бір аспектісі әділ энергетикалық алмасу мәселелері болуы мүмкін («just Energy Transition Partnership», «JETP»). Бүгінде осындай форматтағы диалог Ресей Федерациясы, ҚХР, ЕО, Италия, ГФР, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапония секілді мемлекетпен құрылғанын атап өткен жөн.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты