Еңбек • 24 Қыркүйек, 2023

Адамдардың өмірі үшін жауаптымыз – өрт сөндіруші

549 рет
көрсетілді

Өрт сөндіруші әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген өрт сөндірушінің бірі Назымхан Тұрсынмен тілдескен едік.

Адамдардың өмірі үшін жауаптымыз – өрт сөндіруші

Суреттер Назымхан Тұрсынның жеке мұрағатынан алынды

Назымхан Тұрсын – Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары. Ол мұнда 2020 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл бөлім тек өрт сөндіру жұмыстарымен ғана емес, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметімен де айналысады. Қала бойынша шақырту көп түсетін мекеме де осы жер. Өрт сөндірушінің айтуынша, бір күнде он шақты шақыртуға дейін түсуі мүмкін. Дабыл қағылған сәтте олар бір минут ішінде жиналып, төтенше жағдай орнына он минут аралығында жетеді.

Отан үшін отқа түсіп жүрген кейіпкеріміздің бұл мамандыққа деген аңсары бала күнінен-ақ ауған. Аға-буынның ізінен еріп, өкше басып келе жатқан ол мамандығын адаспай тауыпты. Көкшетау техникалық институтында арнайы білім алып, қазір еңбегінің нанын жеп жүр. Өзі бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін таңдауына адал қызметкерлер жұмыс істейтінін айтады.

л

«Өрт сөндірушіге ең әуелі жауапкершілік қажет. Біз өлім мен өмірдің арасында тұрған адамдар үшін жауаптымыз. Бұл салаға адамдарға жақсылық жасаймын дегендер ғана келеді. Мұндағылар адал еңбектің абыройға бөлейтінін жақсы біледі. Сондай-ақ жылдам әрі суыққанды шешім қабылдау маңызды. Өрт сөндіру – ұжымдық жұмыс. Оттың арасында жүргенде бірлігіміз бекем», дейді ол.

л

Бұл мамандық иелері физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады. Жалпы жұмыс күні темірдей тәртіпке байланған. Күн тәртібі таңғы таралымнан басталады. Отыз минут ішінде  ауысым қызметкерлерінің төлқұжаттары, сыртқы киімі, жалпы ұсқыны мен автомобильдерге арналған рұқсаттама қағазы тексеріледі. Бұдан әрі еңбек адамдарынан қызметтік міндеттемелерін білуі бойынша сұрақтар қойылады. Өткен тәулікте атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысына баяндама жасалады. Таңғы таралымнан соң ауысым кезекшілігі жүргізіледі. Ауысым кезекшілігіне отыз минут уақыт беріледі. Өрт сөндіру автомобилінің жүргізушілері өрт сөндіру техникаларын қабылдаса, өрт сөндіруші қажет құрал-жабдықтарды қабылдайды. Бұл ретте көліктің жалпы жұмыс істеуі, судың бар-жоғы, өрт сөндіргіш көбіктің деңгейі мұқият тексеріледі. Назымхан Тұрсынның айтуынша, өзі қызмет етіп жүрген бөлімнің техникалық жабдықтары мен өрт сөндіру автомобильдері түгел жаңа. Мекеме 2020-2021 жылғы техникалармен жабдықталған екен. Арасында 2012-2015 жылғы техникалардың да барын жасырмады.

л

Сөз соңында өрт сөндіруші жігіт әр өрт жағдайы жадында сақтаулы екенін айтты. Өзгенің өмірі үшін отқа түсуден тайынбайтын олардың жұмысы – нағыз ерлік. Бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі лайым үстем болуға тиіс.