Жеңіс күні қарсаңындағы көрмеге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан кеңес және Қазақстан суретшілерінің 50-ден аса туындысы ұсынылды. Живопись, графика, мүсін өнері шеберлерінің идеясы «жеңіс» деп аталатын ортақ бір тақырып төңірегіне топтасқан. «Біз бұл көрмеде бұрын экспозицияларға қатыспаған қызықты әрі маңызды жұмыстарды ғана көрсетуді мақсат тұттық. 1970 жылдан бері жыл сайын Жеңіс күніне орай көрме өткізіліп келеді. Тарих бетіне қасіретті таңбасын қалдырып кеткен маңызы зор мерекеге биыл да тыңғылықты дайындықпен келіп отырмыз. Көрмеге Беларусь, Литва, Грузия, Татарстан, Қазақстан суретшілерінің шығармалары ұсынылды. Осы арқылы барлық ұлт мен халықтың соғыс пен қайғыға қарсы тұрған ортақ мұратын паш еткіміз келді», дейді Ә.Қастеев атындағы өнер музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Светлана Көпжанова.
Көрмеге келген алматылықтар Әскери-тарихи музейдің директоры А.Байқадамованың қолдауымен ұсынылған генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттары мен бұйымдарын тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің аты аңызға айналған нар тұлғасының шын сардарлық келбетін ашатын, болаттай берік биік болмысынан хабар беретін қылқалам туындылары да аз емес.
«Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесінің мазмұны сан қырлы. Өнертанушылардың айтуынша, соғыс тақырыбына кез келген суретші қалам тербей алмайды. Майдан даласын көзімен көрген адам болмаса, кез келген суретшіге жалынан ұстата қоймайды. Ал мұндағы туындылардың дені майдангер суретшілердің қаламынан туған. Ү.Әжиев, П.Андриюк, П.Антоненко, К.Баранов, И.Бондаренко, И.Виноградов, Н.Гаев, Г.Ильяев, Л.Гербановский, Ж.Қанапиянов, Ч.Кенжебаев, В.Колоденко, А.Молдабеков, Е.Молданиязов, Р.Мейрамов, Н.Наседкин, Н.Нұрмұхаммедов, И.Петько, Х.Рахимов, П.Реченский, А.Степанов, А.Хайдаров, К.Қожықов, тағы басқа отандық суретшілер шайқас алаңындағы әр сәтті тоқтатып қойып суретке түсіргендей, соғыстың шежіресін сырлы бояудың тілімен жүректі шымырлата жазып қалдырғандай шығармаларына таныс, түсінікті реңк берген.
Экспозицияға қойылған туындылардың ішінде танымал қылқалам шеберлерінің де, есімі елеусіз суретшілердің де, тіпті Илья Глазунов секілді әлемдік даңққа бөленген әйгілі тұлғаның да шығармалары кездеседі. Көрмені тамашалағандар атақты суретшінің «Шайқас жолдарымен» атты полотносымен және оның бұрын беймәлім болу сырымен таныса алады. «И.Глазунов бұл туындысын 1950 жылдары салған, ол кезде кеңес идеологиясына бағынған қуатты елдің халқына тек Жеңіс туы желбіреген соғыстың жылтыраған бергі жағы ғана көрсетілетін. Ал Глазуновтың шығармасында 1941 жылдың шындығы бейнеленген – кеңес әскері кейін шегініп барады, құдық басына жиналған адамдардың көңілі құлазып, еңсесі түскен. Бұл болашақ суретшінің дипломдық жұмысы болған және арманшыл Ильяға сыйлаған азабы да аз болмаған. Сөйтіп, 1950 жылы бастап жазылған жұмыс аяқталмаған күйі қалады. Талантты суретші танымалдылыққа қол жеткізген соң ғана сөредегі ескі жұмысын жаңа идеямен толықтырып, 1980 жылы қайта жарыққа шығарады», дейді С.Көпжанова.
Тіршілігінде жас ұрпақтың жүрегін мұздатудан сескеніп, соғыстың сұмдығын айтудан тіксініп тұратын сөзге сараң суретшілердің бар сезімі, ізгілікке ораулы ойлары кенептің үстіне қаз-қалпында із тастаған. Олардың бәрі де парыз, елге төнген қатер, бастысы, жеңіс туралы әңгімелейді. «Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесі бір айға дейін жалғасады.
АЛМАТЫ