Суреттерді түсірген – Сали Сабиров (Спортты дамыту дирекциясы)
«Үлкен лотостағы» дүбір
Сенбі күні Ханчжоудағы 80 800 адамға лайықталған «Үлкен лотос» деп аталатын стадионда өткен салтанатты іс-шараға Қытай басшысы Си Цзиньпиннен бөлек, Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль секілді Азияның ондаған елінен шақырылған көшбасшылар мен лауазымды тұлғалар, сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетінің төрасы Томас Бах және тағы басқа құрметті қонақтар қатысты. Мәртебелі меймандардың қатарында еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев та бар.
Қытайдың 5 мың жылдық тарихын, мәдениетін, жер көлемі жағынан әлемде үшінші орында тұрған елдің табиғатын таныстырып жазудың өзі артық болар. Оның үстіне Қытайдың соңғы олимпиадаларда бейресми командалық есепте бірінші орында жүрген спорттық держава, заманауи технологияларымен таңдай қақтырған алпауыт мемлекет екенін бәрі біледі. Ханчжоудағы ойындардың ашылу салтанатында осындай жетістіктерді мақтан ететіндей қойылымдар жұрт назарына ұсынылды. Сондай-ақ Қытай барлық мемлекетке дос екенін, өздері барлық жерде мәдениетімен, спортымен, жетістігімен алда екенін аңғартқандай болды.
Ашылу салтанатында театрландырылған қойылымдар, цифрлы отшашу және Азия ойындарының алауын жағу рәсімі мен командалардың шеруі болды. Қазақстан құрамасының сапында бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая Мемлекеттік Туды көтеріп шықты.
Жақсы ұйымдастырылған дода
Бір жыл бұрын, яғни 2022 жылы Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы абыроймен өткізіп, жақында ғана Чендуде бүкіләлемдік Универсиаданы қабылдаған Қытай үшін жазғы Азия ойындарын өткізу аса қиындық тудырып жатқан жоқ. Бұған елдегі спорттық инфрақұрылым деңгейінің жоғарылығы және мұндағы экономикалық әлеуеттің мықтылығы тікелей әсер ететіні анық.
Бүгінде 12 миллионнан астам тұрғыны бар Ханчжоу қаласы шетелдік қонақтарды асқан ілтипатпен қарсы алып жатыр. Әрбір команда мен делегацияға бөлінген еріктілер өз жұмыстарын адал атқаруда және білмегеніңді үйретіп, қашанда жол көрсетуге дайын.
Осы күнге дейін спортшылар орналасқан олимпиадалық қалашыққа жол түскен жоқ. Бұл жерге арнайы рұқсатпен баратындықтан, қалашықта қоныстанған спортшыларды сөзге тарттық.
«Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Шынымды айтсам, маған қатты ұнап жатыр. Олимпиадалық қалашықта бәрі қарастырылған. Түрлі ұлттың асханасы бар. Тамақ жағынан таңдау көп, қиындық жоқ», дейді әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.
Ал боксшылардың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қанша ұлттың асханасынан дәм татса да, өзіміздің етке ештеңе жетпейтінін айтты.
«Бұл менің бапкер ретінде қатысып жатқан төртінші Азиадам. Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Жігіттерге де ұнап жатыр. Тамақ жағынан да қиындық жоқ, қалағаныңды табасың. Бірақ біз үнемі өзіміздің ет пен қазыны алып жүреміз. Қай жарысқа барсақ та, сөмкемізден қазы табылады», деді М.Айтжанов.
Заманауи медиаорталық
Ал медиаорталықтың тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр. Орталық аумағына бірнеше ғимарат сыйып кетеді десек, артық емес. Ұйымдастырушылар телеарна қызметкерлеріне бөлек зал арнаса, газет, сайт, ақпараттық агенттік тілшілеріне бөлек орын дайындаған. Орталықтағы алып экрандардан Азия ойындарындағы түрлі бәсеке тікелей көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, жүздеген журналистің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалған.
Медиаорталықтың холынан электрониканың түр-түрін көресіз. Ханчжоу Қытайдағы электрониканың отаны саналады. Сондықтан көлемі бір үйдің қабырғасындай лед экрандарды, түрлі түсті электронды мұнараларды, жалпы алғанда, заманауи техниканың неше атасын осы жерден кездестіресіз. БАҚ қызметкерлері үшін арнайы тамақ ішетін асхана бар. Мұндағы тағамдардың тізімінде шек жоқ. Ең бастысы, халал асхананы да табасыз. Кітап оқитын, теледидар көретін, алаңсыз демалатын орындар да жеткілікті.
Алғашқы нәтижелер
Ресми түрде Азия ойындарының ашылу салтанаты бұрнағы күні өтсе де, бірнеше спорт түрінен іріктеу сындары басталып кетті. Үстел теннисінен Қазақстан қыздар командасы Қытайға, ерлер командасы Тайпейге есе жіберді. Біздің команда сапынан Алан Құрманғалиев қана қарсыласын тізе бүктірді. Десе де, сенбі күні Мальдив құрамасын жеңген теннисшілер финалдық кезеңге жолдама алды.
Қазіргі бессайыстан іріктеу сынында Павел Ильяшенко мен Кирилл Стадник ел намысын қорғап жатыр. Азиадаға алғаш рет қатысып отырған Кириллдің қобалжып тұрғанын оның оқ атқанынан-ақ байқадық. Десе де, жастығына және тәжірибесіздігіне қарамастан, финалға жолдама алып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік екені рас.
Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияға есе жіберді. Бірінші және екінші сетте біздің жігіттер адуынды жапондарға қарсылық танытып бақты. Бірақ тәжірибенің аздығы кедергісін келтірмей қоймады. Бас бапкер жапондарға деңгейіміз жетпейтінін айтып, команданы еңсесін түсірмеуге шақырды.
Дзюдошылардан – екі жүлде
Кеше ойындардың күндізгі сессиясында бірнеше спортшымыз жарыс жолына шықты. Солардың арасында тек дзюдошыларымыз ғана Қазақстан қоржынына медаль салды.
Татамиге алғашқылардың бірі болып Абиба Әбужақынова шықты. 48 килоға дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын «вазари» әдісімен жеңсе, одан кейін Солтүстік Корея балуанын тізе бүктірді. Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Ли Хек Енгті әзер жеңді. Ли Хек екінші мәрте ескерту алып, Әбужақыноваға жол берді.
Ал финалдағы қарсыласы әлем чемпионы азулы Нацумо Цунода еді. Ә дегеннен-ақ жапон спортшысы белсенділік танытып, небәрі екі минуттың ішінде жерлесімізді «иппон» әдісімен жеңіп кетті. Абиба Азия ойындарының күміс медалін қанағат тұтты.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова – биыл ақпанда Португалияда Гран-при бәсекесінде топ жарған (әйелдер арасында) тұңғыш қазақ дзюдошы. Сондай-ақ ол – Отгонцэцэг Галбадрахтан кейін қазақстандық арулар арасынан әлем чемпионатында медаль алған спортшы.
Абиба Әбужақынова, Азия ойындарының күміс жүлдегері:
Қазақ екенімді мақтан етемін– Баршаңызға рахмет! Шамам келгенше күрестім. Бұл – Азия ойындарындағы алғашқы жүлдем. Мені қазақ қыздары арасынан алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алған спортшы ретінде танисыздар. Осы жылды да жарқын жеңістермен бастаған едім. Португалияда Гран-при турнирінде жеңіске жеттім. Парижде өткен әлемдік турнирде үздік үштіктің қатарынан көріндім. Бұл жүлде – мен үшін маңызды. Ұпай еншілеп, Париж Олимпиадасына жолдама алсам деймін. Жалпы, қай жарысқа барсам да, алдымен елдің, қазақтың намысын қорғау үшін аттанамын. Әлі де осы жолда еңбектене беремін. Құрамадағы барлық спортшы солай істейді.
Мен бұрынғы Қазақстанның жері бүгінде Өзбекстанның Ташкент облысындағы Шыршық қаласында дүниеге келдім. Әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан әр қазақтың жүрегінде «Атамекенге оралсақ» деген арман болады ғой. 2014 жылы Шымкент қаласына көшіп келдік. Алматыдағы республикалық спорт колледжінде оқыдым. Негізі, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Анам бейімімді бірден байқады. Дзюдомен 10 жасымнан бастап айналысып келемін. Елге келген соң Азия ойындарының, құрлық чемпионатының жүлдегері атанған дзюдошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің қарамағында жаттықтым. Кейінгі жылдары Атырау қаласы атынан жарысқа шығып жүрмін. Ол жақтағы бапкерім – Мейіржан Есмағамбетов. Осы орайда бізді жеңіске жетелеп, жарыстарға дайындап жүрген бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Айтпақшы, бала күнімде көркем гимнастикамен айналысқанмын. Алайда уақыт өте келе дзюдоға ауып, елге көшіп келгеннен кейін үздік нәтижелерге қол жеткізе бастадым.
Спортшы үшін дайындықтың маңызы зор екенін білесіздер. Жалпы, жаттығуға күніне 5-6 сағатымды арнаймын. Спортшы үнемі бабында болуы керек. Сол үшін тырысамыз. Өзіме ешқандай шектеу қоймаймын, барлық тамақты жей беремін. Салмағым әрі кетсе 52 кг-ға дейін барады. Жарыс жақындағанда, көбіне 3-4 күн қалғанда салмақ төмендетемін. Жоспар бір жыл бұрын бекітіледі. Қай жерде қандай жарыстар өтеді? Оған қай спортшы қатысады? Соның бәрі алдын ала анықталады. Өйткені спортшы оған дайындалуы керек. Жарыс басталардан бұрын оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Күніне үш уақыт жаттығамын. Таңертеңгі сағат 7-де, 10-да, содан кейін кешкі 5-те.
Төрт ағайындымыз: үш қыз, бір ұл. Мен ортаншысымын. Екі әпкем, өзімнен кейін інім бар. Үйде мен ғана спортқа жақынмын. Сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Абай атамыздың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап өстік. Мен өзіме ана тілімде сөйлеп, көк туымды көтеріп жүремін деп уәде бергенмін. Бәрі қазақша сөйлесе деймін. Өз тілімізді өзіміз көтермесек, басқа кім көтереді? Елімнің патриотымын. Қазақ екенімді мақтан етемін. Қазақтың қыздары әлемді бағындыратындай спортшы болса деймін. Елімді әлемге танытқым келеді.
Дзюдо – ерекше спорт. Өзің жақсы көріп істеген жұмыстың қиындығы жоқ. Басты мақсатым – төртжылдықтың басты додасы Париж Олимпиадасында топ жару.
Сонымен қатар 52 кг салмақта татамиге шыққан тағы бір отандасымыз Ғалия Тынбаева қола медаль үшін болған бәсекеде өз мүмкіндігін пайдалана алмай, бесінші орынды қанағат тұтты. Ол оңтүстіккореялық Жунг Иерингтен жеңіліп қалды.
Ерлер арасында Мағжан Шамшадин (60 кг) жарысты жақсы бастағанымен, жартылай финалда оңтүстіккореялық спортшы, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ли Харимге есе жіберді. Әйткенмен, Мағжанға қола жүлде бұйырды. Медаль үшін болған жекпе-жекте тәжік Мерзод Суфиевке «вазари» әдісін жасап, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал 66 кг-да татамиге шыққан Ғұсман Қырғызбаев алғашқы белдесуінде жеңіске жеткенімен, ширек финалда өзбекстандық Сардор Нуриллаевқа есе жіберді.
Париж Олимпиадасына – екі жолдама
Елена Потапенко Азия ойындарында әйелдер арасындағы қазіргі бессайыстан жекелей сында 5-орынды иеленді. Осылайша, ол келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Шешуші кезеңге дейін ол жалпы есепте 8-ші орында келе жатты. Мылтық атуда сәтті өнер көрсетіп, алғашқы бестіктен орын алды. Жерлесіміздің қорытынды нәтижесі – 1340 ұпай.
«Жарысқа дейінгі жаттығу жұмыстарын елде өткіздік. Бірақ мұндағы ауа тым ылғал. Бұл да кері әсерін тигізбей қоймайды. Елге оралған соң бірнеше ай бойы толассыз жаттығамыз. Содан соң Париж Олимпиадасына нақты дайындық басталады. Семсерлесетін спортшылармен бірге жаттығу жиындарын өткіземіз деген ойдамын. Содан соң, Әлем кубогі кезеңдері, әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарға да қатысамыз. Мен өзіме үнемі биік мақсаттар қоюға тырысамын. Өйткені бұл мен қатысатын үшінші Олимпиада болмақ. Кейбір техникалық мүмкіндіктерімді жетілдіру керек. Сонымен қатар көлденең жарақат кезікпесе екен, – дейді Е.Потопенко.
Ал бессайыстан сынға түскен Георгий Борода-Дудочкин Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Жарыс кезінде ұлттық құрама атлеті финалда 10-орынға тұрақтаған. Ереже бойынша үздік бестікке кірген мемлекет қана жолдамаға иелік етеді. Георгий 10-шы болғанымен, ол Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірнеше спортшысына есе жіберді. Бұл елден тек бір ғана адам лицензия ала алады. Сол себепті де Қазақстан мен Тайланд атлетіне бір-бір жолдама берілді.
Қалған спортшыларымыздың нәтижесі: Кирилл Стадник 13-орын, Павел Ляшенко 16-орын, Темірлан Абдраимов 17-орын. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 4-сатыда.
Осы жолдамадан кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыларды құттықтап, жеңісті күндер әлі алда екенін айтты.
«Осыған дейін айтқанымдай, Азиадаға қатысудың бір мақсаты – Париж Олимпиадасына лицензия алу. Біздің спортшылар 8 спорт түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін күресіп жатыр. Жүлдегер болған және Олимпиада жолдамасына иелік еткен спортшыларды құттықтаймын.
Жалпы, біздің команданың алдында жанкүйерлердің үмітін ақтау және өткен Азиада нәтижелерінен асып түсу міндеті тұр. Қазақстан құрамасы бұл жарыстарға ұзақ уақыт дайындалды, бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Спортшылар медаль үшін күреседі, ал біз өз кезегінде шетелдік әріптестерімізбен бірқатар екіжақты кездесулер өткізуге ниеттіміз», деді Е.Маржықпаев.
Өзге де спорт түрлері бойынша сайысқа шыққан ел спортшыларының нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Азия ойындары жарыстарының кешкі сессиясының нәтижесін келесі нөмірде толық жариялаймыз.