Тарих • 24 Қыркүйек, 2023

Жәңгір хан қай жылы туған?

564 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бөкей ордасының тарихы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көп зерттеле қоймағаны белгілі. Отандық тарихта Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты зерттеулерде ғана болмаса, өлкеміздің тарихына қатысты деректерді бірлі-жарым ғалымдардың еңбегінен кездестіретінбіз. Кейінгі кезеңде өткенімізден сыр шертетін сан алуан зерттеулер басылып шығып, хан-сұлтандар мен би-батырларымызды біле бастадық. Осындай тұлғалардың бірі – Ішкі Қазақ ордасының негізін қалаған Бөкей хан мен оның ісін жалғаған баласы Жәңгір хан. Жәңгір хан – ресми тарихымызда түрлі бағаланған.

Жәңгір хан қай жылы туған?

Оның туған жылы әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Көп­теген ға­лымдар Жәңгірдің анасы Атан ха­нымның 1815 жылы 8 маусымда І Александрге жолдаған өтінішін­дегі: Кү­йеуім Бөкей хан Нұралыұлы өт­­кен мамыр айының 21-і күні дүние­ден өтті. Өмірден өтер алдында Сіз­дің Им­­ператорлық рақымыңызбен рұқ­сат еті­ліп, өзі басқарған қазақ хал­қына билік етуге мұрагері етіп менен туған ұлы 14 жастағы Жәңгірді таға­йындап, өсиет жазып қалдырды, – деген сөзін негізге алып, хан Жәң­гір 1801 жылы туған деп көрсетеді. [Ресей мемлекеттік тарих архиві, 1291-қор, 81-тізім, 5-іс, 95-парақ]. Бұл Атан ханымның ұлы Жәңгірді хан тағына отырғызу мақсатында жазған хаты екені сөзсіз. Себебі, Бөкей хан өлгеннен кейін патша үкіметі Жәңгір сұлтанның жасы кәмелетке жеткенше деп хандық билікке інісі Шығай сұлтанды тағайындайды. Шығай сұл­тан хандық билікті өзі иеленбекші бол­ып, елдің сұлтандары мен беделді билеріне Орынборға өтініш жаздырып, өзін «хан» деп жариялайды.

Жәңгірмен кездескен зерттеу­ші­­лердің пікірі де әртүрлі. А.Те­ре­щен­ко «Дешті Қыпшақ іздері және Ішкі қырғыз-қайсақ ордасы» атты еңбегінде: «Ол (Жәңгір) 1845 жылы өмірден өтті, 45 жасында болса керек [кн. Бокеевской Орде 200 лет. 4 кни­­га. «Өлке» баспасы, 2001. 172-б.) – десе, Ішкі Қазақ орда­сын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы И.С.Ивановтың «Астра­ханский лис­ток» басылымының 1898 жылы №185 нөміріндегі «Жәңгір, Ішкі Қазақ ор­дасының ханы» («Джангер, хан Внут­ренней Киргизской орды») деген еңбегінде: «Бөкей ханның ұлы Жәңгірдің жасын нақты анықтау қиын. Анасы Атан ханымның айтуынша 1815 жылы 14 жаста болған. Осыны негізге ала отырып, Бөкей сұл­тан ішкі тарапқа 1801 жылы көшті десек, Жәңгір Астрахан губерниясында дүниеге келген болады. Қазан университетінің профессоры Фукс­тің айтуынша, 1826 жылдың қазан айында Жәңгірмен кездескенде ханның жасы 24-те. Хан Ставкасына 1834 жылы келген Гебель, Жәңгір 30 жаста дейді. Ал Ставкада 1837 жылы болған Казанцев ханның жасын 40 шамасында деп көрсетеді. Ханыков 1822 жылдың аяғында ағасы Шығайдың жаласынан ақталып, өзінің кәмелеттік жасқа жетуіне байланыс­ты Орданы басқаруға тағайындауды сұрағанын көрсетеді» [Хан ордасы музей-қо­рығы №374в] Сонымен ханның замандастары мен анасы Атан ханымның айтқандары сәйкес келмейді.

Енді мұрағат құжаттары бойын­ша 1837 жылы 3 сәуірде толтырылған хан Жәңгірдің қызметі мен дәреже­лері туралы формулярлық тізімде: «Аты, тегі және жасы: Ішкі Қазақ ор­да­сының ханы Жәңгір, 1832 жылы және 1839 жылы император тәжімен безендірілген Әулие Анна орденінің І дәрежесімен марапатталған, 34 жаста. Нені басқа­рады, қай жыл, ай, күннен бастап: 1823 жылы маусымның 22-сі күні хан сай­ланған, – деп жазылған [ҚР ОМА Ф. и-4-қоры, 1-тізім 1607-іс, 6-парақ]

Тағы бір құжат 1843 жылдың 31 қаң­тарында толтырылған ханның қыз­­меті туралы формулярлық тізім. (Шені, аты, тегі, қызметі, алған ма­ра­пат­тары, жасы: генерал-майор Жәң­­гір Бөкеев Шыңғысханов; әкесі Бөкей хан басқарған қазақтардың ханы, гау­һар тасты император тәжді Әулие Анна орденінің І дәрежесімен және осындай І дәрежелі гауһар тастармен безендірілген император тәжді орденмен марапатталған; 39 жаста. [ХО музей-қорығы №4212/4в] Осы аталған құжаттар ханның көзі тірісінде өз айтуымен жазылғанын ескерсек, Жәңгір 1803 жылы дүниеге келгендігін көрсетеді.

Төрелер тарихын зерттеуші, тарихшы Арман Қият зерттеуінде: «сұл­­тан­дар шариғат бойынша 15 жа­сында кәмелетке толып, үйленіп, үйдің қо­жайынына айналғанымен, елдің қамын мойнына артып, төре болу үшін тағы 5 жыл ел басқару істеріне үйретіліп, тәжірибеден өтеді. Меніңше, қазақ сұлтандары үшін кәмелет жас осы 20 жастан басталады, – деп жазады (Қият А. «Қазақ сұлтандары» Алматы: «Полиграфкомбинат» баспасы, 2017-276-б).

1823 жылдың 26 қаңтарында старшындар Мүсіреп Айдаболұлы мен Айтбай Мәметқазыұлы Орынбор әс­ке­ри губернаторы П.К.Эссенге орда­лық сұлтандардың, старшындар­дың, билердің және қарапайым ха­лықтың өтініші бойынша Бөкейдің мұрагері Жәңгір сұлтанды Ішкі Қазақ ордасының ханы етіп таққа отырғызу туралы хат жолдайды. [ХО музей-қорығы 4139/14] Сол жылдың 22 маусымында патшаның Жәңгірді хан тағайындау туралы грамотасы жа­зылады. Хан көтеру рәсімі 1824 жыл­дың маусым айының 26-сы күні Орал қаласында өтеді (Мукатаев Г.К. «Хан Жангир. Великий преобразователь степи» Санкт-Петербург, «Издательство М.В.Ир­хиной» 2001. 38-бет]

Ханның басына қойылған құлпы­та­сындағы жазу да айтқанымызды растай түседі. Құлпытаста:

(Жер бетінде) бәрі де өмірден өтеді. Мәңгілік тек ұлы әрі жомарт Раббың­ның жүзі ғана.

Дешті қыпшақ ханы хан Әбілқайыр ұғлы

Нұр(ғ)али ханның немересі

хан Жаһангир Бөкей ханның көзінің қарашығындай перзенті

фанидан бақиға сапар қылды.

 Біз Аллаға тиістіміз және Оған қайтамыз

42 жасында 1260 жыл мұхамадиеде 1845 жыл масихиеде сүмбіле айының 11 күнінде

Рухына фатиха.

Артқы бетінде жоқтау өлең жа­зылған:

Жиырма сүріп хандық жаһанда

Өтіпті ғұмыры оның бұл әманда

Бәрінің өлетіні хақ тағала

Ашындық оған ештеңе қылмас

Бұ дүниеде еш адам қалмақ емес

Хан да, сұлтан да, дәруіш.

Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда 42 жасында Тарғын өзені ма­ңын­дағы жазғы қонысында өмірден өтті. Ол туралы Фатима ханымның ағасы, гвардия поручигі Ә.Гусейнов: «Вменяю себе в обязанность донести Вашему Высокопревосходительству, что хан Внутренней Киргизской Орды Генерал-Майор Джангер Букеев, после кратковременной болезни, 11-го числа сего августа месяца в 6½ часов пополудни помер» деп рапорт жолдайды. [Мукатаев Г.К., «Султан Губайдулла Чингисхан полный генерал от кавалерии» Санкт-Петербург, «Издательство М.В.Ирхиной» 2003. 18-бет] Марқұм ханды күннің ыстығына және жер­дің шалғайлығына байланысты діни рә­сіммен Тар­ғындағы қонысына аманаттап жер­лейді. Осылайша, аз ғұмырында көп іс тындырған, талас-тартысты өмір сүр­ген «Ұлы даланың жаңғыртушысы» атанған хан Жәңгір бақиға көшеді.

1848 жылы 7 қыркүйекте Ордалық сұлтандар Шүке Нұралыханов, Мең­дігерей Бөкейханов, Көшекқали Шығаев, Батырәлі Жансұлтанов Орын­­бор әскери губернаторы В.А.Об­ручевке хан Жәңгірдің мәйітін Хан Став­касындағы өз ағайын-туыста­ры жер­ленген қорымға қайта жерлеу ту­ралы өтініш жолдайды [РГИА РМТА, 6-қор, 10-тізім, 6092-іс, 1-парақ]. Алайда ханның мәйітін қайта жер­леу туралы мәселе кешіктіріліп, Жәң­гірдің ұлы Ибрахим 1849 жыл­ы 15 ақпанда Орынбор губер­наторына рапорт жолдайды. Онда: «Жоғары мәртебелі, менің әкем хан Жәңгір 1845 жылдың жазында Тар­ғын өзені бойындағы жазғы име­ниесінде дү­ние салды. Ағайын-туыс­тарымыз сол кезде марқұмның дене­сін Хан Став­касындағы қорымға әке­луді ойла­ғанмен, қиындықтарға бай­ланысты кейінгіге қалдыруға тура келген еді. Туыстарымыздың марқұм ханның мәйітін қайта Хан ставкасына жерлеу туралы тілегі орын­далмағандықтан және марқұмның денесін қайта жер­леуге мұсылман дінінде рұқсат беріл­гендіктен, Сізден Жоғары мәртебе­лім, әкемнің мүрдесін Хан Ставкасын­дағы қорымға әкеліп қоюға рұқсат бе­руі­ңізді сұраймын», деп жазады [Бұл да сонда, 4-парақ] Орынбор әскери губернаторы Обручев 1849 жылы 22 ақпанда сұлтан Ибрахимнің өтінішін Ішкі Істер министріне жеткізеді [Бұл да сонда, 5-парақ] Губернатордың бұл хатына Ішкі Істер министрі сол жылдың 8 наурызында №1179 жауап хат жолдап, хан Жәңгірдің денесін қайта жерлеуге рұқсат берілгенін жазады. Алайда қазылып алынғаннан кейін ханның денесін бірден қорғасын не болмаса шайырлы (засмоленный) табытқа салуды тапсырады.

Ішкі Қазақ Ордасын басқару жө­ніндегі Уақытша Кеңес төрағасы М.Бөкейханов Орынбор әскери губер­наторына 1849 жылы 11 қараша­да жазған №428 рапортында мар­құм хан Жәңгірдің денесін Тарғыннан Хан Ставкасындағы қорымға көшіру­ді жаз мезгілінің ыстығына байланыс­ты күзге қалдырғанын, өткен қазан айында ханның туыстары мәйітті кө­­шіруге қажетті заттардың дайын­ды­­ғын хабарлайды. Уақытша Кеңес сұл­тан Меңдігерей Бөкейхановқа Тар­ғындағы ставкаға туыстарымен барып, ханның мүрдесін қазып алып қорғасын немесе шайырлы та­­бытқа салып Нарын құмындағы Став­­каға әкеліп жерлеуді тапсырады. М.Бөкей­ханов айтылғандардың то­лықтай орындалғанын, қазып алын­ған кезде мүрденің бүлінбегенін, хан­ның денесі салынған табыт 29 қазан күні Хан қорымындағы туыстарының қасына қайта жерленгенін жеткізді [Бұл да сонда, 14-парақ 15].

Хан Жәңгірдің Тарғыннан Хан Ставкасына қайта жерлеу рәсімде­рін өткізген осындағы жәми мешітін ­ахуны, қази Жәбир Хамадұлы Орынбор діни басқармасына жолдаған хатын­да: «Со­ветник жасауыл сұлтан Меңдіге­рей Бөкейханұлының 1849 жылы 24 қазандағы №3932 бұйрығымен Жәң­гір ханның мәйітін Нарын құмын­дағы туыстарының жанына жерлеу үшін 25 қазанда шығып, 27 қазанда Борсыға жеттік. Ханның қабіріне Құран шариф хатым еттік. Сол күні хан қабі­рін қазып алдық, таң қалып тұрдық, хан сүйегі бұзылмаған, соны көріп шаттанғанымыздан жыладық. Содан соң жаңа бөзге орап, ханның сүйегін Ордадағы Хан Ставкасына жеткізу үшін жолға шықтық. Орда халқы алдымыздан шығып, ханның табытын көтеріп, құрмет көрсетті. 29 қазанда хан қабірін Ордада қарағай табытқа салып, сұлтан Әділ Бөкейханұлы тарапынан түзілген қабіріне келтірдік. Рухына Құран Шариф бағыштадық», деп жазады [«Асар» кітабы. ІІІ-ІV том. Қазан: Рухият, 76-б.].

Жәңгір хан құлпытасының зерт­телуі туралы бірер сөз жаза кетейік. Хан құлпытасын оқып, басылым­ға жариялаған – Орда тарихи мұра­жайының (қазіргі Батыс Қазақстан об­лыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық му­зей-қорығы) аға ғылыми қызметкері Тал­­ғат Шәріпқалиев. Т.Меңдіғали­ұлы­ның «Құлпытас бетіндегі көне жазу­лар сыр шертеді» мақаласында: «Бүгін­дері Жәңгір ханның мазарын қайтадан қалпына келтіру жұмысы аяқтал­ды. Осы орайда ойландырар жайт – хан қорымында жерленген ханның тума-туыс, ұл-қыздарының есімдері анық­талмай, жұмбақ болып жатуы. Біз­дің қолымызда қазір екі құлпытас жазуы­ның аудармасы бар. Оның біреуі – ханның өз басындағы құлпытас. Ал­маты қаласындағы түрік-қазақ лице­йінің мұғалімдері (араб тілінің мамандары) аударып берді. Құлпытас­тағы жазулар төмендегідей ретпен шықты: «Қыпшақ ханы Әбілхайырдың оғы­лы Нұралы ханның нәбәрасы Жихан­гер хан Бөкей ханның барзандасы дарфаниден дарыбаккайыр рехлет еткен (бұл дүниеден о дүниеге кеткен). Аят: «Халлу иннахи иллахи ва иннихи иллахи раджи ан». 44 жасында 1845 жылында (мұсылманша 1265 жыл) дұға оқылған. Бұл құлпытастың алдыңғы бетіндегі жазулар, ал артқы беті мен екі жанында құран сүрелері өрнектелген», деп жазады. [«Орда жұлдызы» газеті, 15.08.1997]. Орда ауданының бас имамы С.Әшеновтің «Құлпытастар құпиясы» мақаласында: «Хан Жәңгірдің құлпытасындағы жазуды оқып, 44 жасында 11 симмахрида 1845 мархомда деп, артына жазылғаны жоқтау бәйіт екенін» жазады [«Орал өңірі» газеті, 25.07.1998.] Кейін Т.Шәріпқалиев Жәңгір хан құлпытасын қайта зерттеп, «Хан Жәң­гір қашан дүниеге келген? Дүдамал пайымдау­лар мен қарама-қайшы деректер» атты мақаласында Жәңгірді 42 жасын­да 1845 жылы дүниеден өтті деп көр­сеткен [«Орал өңірі» газеті, 31.01.2002].

2004 жылы Ш.Уәлиханов атын­дағы тарих және этнология инс­титутының ма­­гистран­ты А.Ома­рова, 2014 және 2016 жыл­дары Р.Сү­лейменов атын­дағы Шы­ғыс­тану инс­титутының ғалым­дары Ә.Мү­мі­нов, А.Нұрманова, Д.Меде­ровалар да Жәң­гір ханның құлпы­та­сындағы «1845 жылы 42 жаста дүние­ден өтті» деген деректі қуаттады.

Мұрағат құжаттары мен құлпытас жазуларын ескере отырып, хан Жәң­гірдің туған жылы 1803 деген пікірді қолдап, ғылыми бірізді айналымға ен­гізген дұрыс деп есептейміз.

 

Гүлмару МЫРЗАҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық

Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары