Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда биылғы 19 наурызда алғаш рет пропорциялық және мажоритарлық жүйелер қатар қолданылып өткізілген Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының да саяси мәні зор екендігін айтқан жөн. Өйткені елімізде қайтадан енгізілген бір мандатты округтер бойынша тіркелген депутаттыққа кандидаттар бұрын-соңды ұшыраспаған дәрежеде көп болды. Бұл – халықтың Мемлекет басшысы жария еткен саяси реформалар бағытына үлкен сенім артқандығының және оның Әділетті Қазақстан орнату идеясын шын пейілмен қолдағандығының нәтижесі екендігі даусыз. Алайда «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, сайлау үдерісіне кей өңір әкімдері заңсыз араласып, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына «өз адамдарын» өткізу үшін әкімшілік ресурстарды қолданғаны сайлаушылар сеніміне селкеу түсіргені анық. Себебі жекелеген облыстарда бәсекелестерін адам сенбестей айқын басымдықпен жеңген кандидаттардың «таңғаларалық жеңістері» өте күмәнді еді.
Бұл ретте Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Абзалбек Молақов: «Жезқазғанда сайлау науқанында сайлаушыларымен көп кездеспеген үміткердің депутат болып кеткені әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Ол саяси науқаннан сәл бұрын ғана ірі кәсіпорынға тағайындалған басшы еді. Егер бұрыннан істеп келе жатқан, елге белгілі азамат болса бірсәрі. Халық: «Өңірге белгілі адам неге депутат бола алмайды?», десті. Былай қарасаң, қисынға келетін уәж.
Екі жылдан бері жергілікті деңгейде өтіп жатқан ауыл әкімдері сайлауында да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі болып жатады. Сайлаудағы келеңсіздіктер Президент бастамаларына көлеңке түсіреді. Бірақ сын негізінен, жергілікті билікке бағытталғаны ақиқат. Сондықтан алдағы уақытта өткізілетін аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлаудың әділетті өтуі бәрімізге байланысты. Сайлау әділ болмай, Әділетті Қазақстан да орнамайды», дейді.
Осы орайда Мемлекет басшысының сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деген сөзі еліміздің сайлау жүйесінде әлі де олқы тұстар барын және оларды түзету қажеттігін білдіреді.
Біздің байқауымызша, орталық және жергілікті билік басында жүрген жоғары лауазымды тұлғалар өз іс-әрекеттерінде халқымызға аташылдық пен жершілдік сынды қоғамдық дерттер тән екендігін қаймыға ескеріп отырғандығы аңғарылады. Мысалы, Президенттің 2022 жылғы 8 маусымда қабылдаған «Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидат ұсынатыны белгілі. Бір жылдан аса уақыт ішінде қалыптасқан тәжірибе әкімдікке кандидаттар ретінде орталықтан және жергілікті жерден екі басшы кадр таңдап алынатындығын және ашық дауыс беру арқылы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының көпшілігі орталықта басшылық қызмет істеген азаматты тағайындауға келісім беретіндігін көрсетіп отыр. Әдетте жергілікті жерден таңдап алынған кандидаттың беделі мен іскерлігі һәм «саяси салмағы» орталықтан ұсынылған әріптесіне қарағанда әлдеқайда төмен болып келеді. Әзірге бұл «дәстүр» бірде-бір рет «бұзылған» жоқ. Тіпті депутаттар арасында «негізгі кандидат» деген ұғым пайда болыпты. Мұның өзі қазір жұртшылықтың сынына ұшырап отыр. Демек, Мемлекет басшысының бастамасын бұрмаламау мен жершілдікке жол бермеу үшін екі лайықты үміткерді де орталықтан немесе жергілікті жерден іріктеп, мәслихат депутаттарының жабық дауыс беруі арқылы таңдау жасауын жолға қою қажет сияқты.
Ал өңір әкімдерінің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына, сондай-ақ аудан әкімдерінің ауыл әкімдігіне өздерінің «сенімді» адамдарын сайлатуға тырысып жүргені жасырын емес. Көбінесе солай болып жатқаны да – қазіргі өмір шындығы. Соның салдарынан сайлаушылардың бір бөлігі еліміздің сайлау жүйесіне сенімі шамалы. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясынан бастап, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының барлығының құрамын жаңарту, олардың мүшелігіне барлық саяси партиялардың өкілдерін тарту сияқты ұсыныстар айтылып жүргенімен, мұндай шаралардың тиімділігі шамалы деп санаймыз. Себебі ресми тіркелген саяси партияларға халықтың сенімі селкеусіз емес, әрі олардың қайсыбірінің өңірлердегі мүшелерінің саны мүлдем аз. Тіпті шалғайдағы ауылдарда «Amanat»-тан басқа партияның бастауыш ұйымы түгіл, бірде-бір мүшесі жоқ.
Біздіңше, қай сайлауды болсын әділ өткізу үшін француз императоры III Наполеон айтқандай-мыс, «дауыс қалай берілгендігі маңызды емес, қалай саналғандығы маңызды» екендігін ескерген жөн. Сондықтан біріншіден, көршілес Қырғызстан сияқты сайлау жүйесі озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, дауыс берудің үш форматын – электрондық әдісті, қағаз бюллетеньді және биометриялық технологияны қатар қолдануды енгізу өте қажет. Өйткені бұл жүйе дауыс берудің әділдігін қамтамасыз етіп, оған еш күмән туғызбайды. Екіншіден, дауыс беру барысында әртүрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында дауыс беретін орындарға бейнебақылау орнатпай болмайды. Үшіншіден, әкімшілік ресурсты қолданғаны үшін шенеуніктерге мейлінше қатаң жаза белгілеген жөн. Төртіншіден, кандидаттардың сайлаушылардың дауыстарын сатып алғаны үшін де қатал жаза қолдану қажет. Егер осындай шаралар кешені қабылданбаса, кез келген сайлау қанша әділ өткізілсе де, оның қорытындысымен келіспей, дау-дамай туғызушылар табылатыны анық. Мұны да халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Тағы бір маңызды жайт – алдағы уақытта сайланатын аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері жоғары жаққа жалтақтамай, өздерін сайлаған жергілікті тұрғындардың игілігі жолында барынша дербес жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу қажет. Бұл үшін, ең алдымен, олардың қолында қомақты қаражат болуға тиіс. Осыны ескерген Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында: «Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет», деп атап айтты. Осыған орай, Үкімет Бюджет кодексіне тиісті өзгеріс енгізу туралы заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына енгізу ісін кешіктірмегені жөн.