Міне, осындай күрделі кезеңдерде өз шаруашылықтарындағы шынайы ахуалды көзбе-көз көрсету үшін «Aitas Agro» компаниясы жуырда пресс-ланч ұйымдастырды. Таңғы тоғызда төрт көлікке теңдей бөлінген тілшілер қауымы Өскеменнен Верх-Уба елді мекеніне қарай бет түзеді. Арасы – аса бір алыс емес, алпыс-ақ шақырымдық жол екен. Тамаша табиғатқа тамсанып, терезеге телміріп отырғанымызда жүйткіген көлік діттеген жерімізге тез-ақ жеткізіп тастады.
«Aitas» туралы айтамыз...
«AITAS» – Қазақстандағы алып цифрлық агроөндіріс холдингі, оның құрамына «Кус&Вкус» брендімен өнім өндіретін Өскемен және Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикалары, Алматы асыл тұқымды құс репродукторы, «AMP» брендімен шығатын ет, деликатес, шұжық өнімдері, «Aitas Foundation» корпоративтік қоры сияқты 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Холдингті жемшөп және жемшөп компоненттерімен қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Aitas Agro» бизнес-бағыты және бар.
«Aitas Agro» – Шығыс және Солтүстік Қазақстанда шоғырланған, жалпы жер қоры 35 мың гектарды құрайтын озық агрохолдинг. Цифрлық әлеуеті – өз алдына бөлек бір әңгіме. «Aitas Agro» егістіктерінде күнбағыс, жаздық және күздік сұрыпты бидай, арпа, бұршақ, жасымық және тағы да басқа дәнді, бұршақ һәм майлы дақыл түрлері өсіріледі. Егістік өнімділігі жылына шамамен 70-80 мың тоннаны құрайды. Дақыл өсірумен Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха және Глубокое аудандарында орналасқан «Aitas Agro Verkh-Uba» (Верх-Уба ауылы), «Aitas AgroVinnoe» (Винное ауылы) және «Aitas Agro Sekisovka» (Секисовка ауылы), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында орналасқан «Aitas Agro Shagala» шаруашылықтары айналысады.
Қолдау ма, қолбайлау ма?
Жоғарыда тізбелеген қиындықтарға қарамастан, аралық есеп көрсеткіштері бойынша «Aitas Agro» фермерлері барлық жоспарланған жұмысты уақытында орындауға күш жұмылдырумен келеді. Өз кезегінде тыңайтқыштарды толық мөлшерде пайдаланып та үлгерген. Ал топырақтағы ылғалды ұстап қалу үшін барлық қолжетімді әдісті түгел қолданса керек. Соның арқасы шығар, биылғы егін де жылдағыдай бітік. Компания өнімділігі маусымның басында жоспарланған көрсеткіштен төмен болады деп күтіледі, дегенмен сарапшылардың пікірінше, бұл бүкіл ел бойынша орташа өнімділіктен едәуір жоғары.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агро салаға айрықша тоқталған еді. Ел ырысы үшін еңбектенген шаруаларға қатысты ең өзекті мәселелер сол биік мінберден айтылды. Мәселен, осыған дейін отандық банктер тұтынушылық несиелерге баса мән беріп келсе, енді бизнесті қолдап, кәсіпкерлікті дамытуға қарай көбірек көңіл бөлуіне тура келеді.
Сарапшылардың сөзінше, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорны қызметінің биылғы нәтижелеріне әлемдегі жалпы саяси және экономикалық проблемалар ғана емес, ел ішіндегі үкіметтік бастамалар да әсерін тигізген. Олардың қатарында, мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған жасанды шектеулер және кедендік баж жағдайлары да бар екендігін айтып өткеніміз ләзім.
«Былтыр осы уақытта 3-наубайханалық кластағы бір тонна бидай құны шамамен 180 мың теңге (немесе өткен маусымда орта есеппен 130 мың теңгеге жуық) тұрды. Биыл бұл баға 90 мың теңгеге жетер-жетпес күйде. Ал өнімнің бір тоннасының өзіндік құны шамамен 25%-ға өсті. Тиісінше, бұл фермерлердің нәтижелеріне кері әсер етіп жатыр», дейді «Aitas Agro» бас директоры Талғат Алдажаров.
Күнбағыс тұқымына қатысты да дәл осындай жағдай байқалады. Алдажаровтың ақпаратынша, нарықты реттеуге тырысқан мемлекет күнбағыс құнын тоннасына 380 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін төмендеткен. Бұл ретте сарапшылар 3 жыл ішінде Қазақстанда күнбағыс тұқымын өндіру 35%-ға өскенін, алайда аталған ауыл шаруашылығы дақылына биылғы жылы енгізілген 20%-дық экспорттық баж салығы егіс көлемінің айтарлықтай қысқаруына әкеліп соққандығын да қынжыла жеткізді.
Иә, биылғы маусымның «тосынсыйлары» таусылар емес. Бұл және бір ғана өңір емес, еліміздің басым бөлігіне тән құбылыс болып тұр. Осы тұста отандық фермерден маза ғана емес, жұмысқа деген ынтаның да қашыңқырап тұрғаны жанға батады.
Бірлігі бекемнің тірлігі де дұрыс
Күн райының қолайсыздығынан қырман басындағы қызу шаруа да қарқынын сәл бәсеңдеткен. Есесіне кеңседегілердің жұмысы көбейген. Астықтың сапасын анықтап, күнделікті есеп-қисаптарын бірыңғайлауда. Алқаптан алтын астық артып келген көліктер де көзге көп шалына қоймады. Безбендер де бос. Тек дырылдаған дәнкептіргішке ғана дамыл жоқ. Таудай болып үйіліп жатқан ылғал бидайды кептіруге күш салуда. Тәулік бойы тоқтамайды. «Кейде нөпір жұмысқа шыдас бермей сынып қалатын жағдайлар да ұшырасып жатады. Бірақ мүмкіндігінше жедел жөндеп, жұмыстың жалғасқанын қолай көреміз», дейді Verkh-Uba шаруашылығының директоры, фермер Арман Бекмағамбетов.
«Біздің шаруашылық – ауыл шаруашылығы дақылдарын, атап айтқанда дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды, сондай-ақ олардың тұқымдарын да өсірумен айналысатын ірі өсімдік шаруашылығы саналады. Мұнда 90-нан астам фермер жұмыс істейді. Жер қоры 12 мың га құрайды. Өз ісіне әбден дағдыланған кәсіби қызметкерлеріміздің арқасындағы бір түйір дәннен шашау шығармай, ел байлығын биыл да төкпей-шашпай жинап аламыз деп үміттеніп отырмыз. Оған қай жағынан да мүмкіндіктер жоқ емес. Әбден қалыптасқан ұжымның бірлігі бізді осындай биік белестерге бастайды», деп жігерлендіреді шаруашылық басшысы.
Алысты көздеген айқын мақсат
Анығында, алға басамын деп алдына айқын мақсат қойғандардың адаспайтыны анық. Өрлеймін деген – өлмес, өсемін деген – өшпес. Сонда айналасы аз уақыттың ішінде айтулы компанияға айналып үлгерген «Aitas Agro»-ның құпиясы неде? Айтқандай, айы оңынан туған «Aitas Agro» фермерлеріне бұл нәтиже жолында бірегей цифрлық басқару жүйесі көмектесіпті. Жаңа жүйе жылдам және дәл шешімдер қабылдауға ықпал еткен, сонымен қатар ауа райына және фермерлердің жұмысын қиындататын басқа факторларды есепке ала отырып жұмысты түзетуге мүмкіндік ұсыныпты.
Цифрлық басқару жүйесінің негізі – барлық алқапты спутниктік мониторингілеу, оның көмегімен өсімдіктің өсу барысындағы өзгерістерінің бүкіл тарихы жазылады және болашақ өнімділік болжанады. Бұл жүйеге барлық машина заманауи навигациялық жүйелер арқылы қосылған. Цифрлық шешімдердің арқасында фермерлер ауылшаруашылық техникаларының қай жерде орналасқанын, қандай жер өңделгенін және осы жұмыстарға жұмсалған өндіріс құралдарының көлемін нақты біледі.
Осы орайда «Агрохакер» жобасы туралы аз-кем айта кеткенді жөн санадық. Бұл – айтастықтардың төл жобасы. Басы-қасында жүрген – «Aitas Agro» агрономиялық қызметінің директоры, агроном Антон Шиленко есімді азамат. Ол ІТ-технологиядан хабары бар жастарды топтастырып, тек осы салаға бейімделгенін қолай көреді. Бүкіл шаруашылықтың жұмыс ауанын солай қарай бағыттау да – бұл жігіттің басты армандарының бірі.
Айтқандай, біз барған шаруашылықтың төл құрал-сайман орталығы бар. Ол жерде қолда бар техникаға қажетті қосалқы бөлшектер мен жабдықтардың базасы жинақталған. Антон жұмысты жүйелеуді сол жерден бастаған сыңайлы. Әр құрылымдас бөлшек жақындығына қарай бөлек-бөлек сөреге жиналып, оларға штрих-кодтар жапсырылған екен. Сол бойынша мамандар сізге қажетті жабдықты жедел тауып беруге тырысады, болмаған күнде бар жерге тапсырыс беріп, ертерек жеткізудің қам-қарекеттеріне кіріседі.
Егістікке шашылатын тыңайтқыштарды дайындау, араластыру, тасымалдау, себу жұмыстарын да автоматтандыру бойынша игі қадамдар жасалыпты. Химикатқа қатысты жұмыстардың дені адамның араласуын азайтуды көздейді.
Заманауи агро заңдылықтардың кеңінен қанат жаюын «Aitas Agro»-ның стратегия және маркетинг бойынша директоры Әлия Сванова да қолдап отыр. «Біздің серіктестік биыл 4-ші маусым «Cropwise Operations» бағдарламасымен жұмыс істейді. Ол үшін алдымен егіс басындағы барлық техникаға қажетті датчиктер орнатылады. Метеостанса, GPS, ЖЖМ деңгейін бақылау датчиктері бүкіл ақпаратты «Cropwise Operations»-ке жібереді. Ол болса оны ERP есепке алу жүйесіне жөнелтеді. Сол жерден атқарылған жұмыстың бар есеп-қисабы жедел шығып тұрады. Оны сырттан бақылау жүйесі де оңайлатылған. Бұл осы саладағы кез келген жұмысты мейлінше жеңілдетуді көздейді», дейді кәсіби маман.
«Сондай-ақ біз бас тартатын тағы бір тенденция бар. Ол – заман ағымына сай келмейтін ескі дүниелерден түбегейлі бас тарту. Мәселен, іргедегі Шемонаиха ауданындағы ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын колледжде әлі күнге дейін ескі кеңестік техникаларды үлгіге оқытады. Оқыту жүйесі солай десек те, ондай тракторлар қазір жоқтың қасы емес пе? Шаруашылықтардың дені қуатты шетелдік тракторларды пайдаланады. Ал әлгі колледждің дипломды түлектерін жаңа техникаға қайта бейімдеуге тура келеді. Сондықтан қазір ауқымды бір жобаны қолға алып жатырмыз. Әр шаруашылықта қай салаға қандай маман қат, сол бойынша ғана шектеулі контингентке жаңа технологияларды оқытпақшымыз. Әлемдегі ең мықты аграрлы ел саналатын Франция ғалымдары келіп дәріс жүргізеді деп ниеттеніп отырмыз», дейді Әлия Сванова.
Әуелгі жауапкершілік – әлеуметтік даму
«Aitas Foundation» – Қазақстанның агроөнеркәсіп секторындағы ең ірі цифрлық «AITAS» холдингінің корпоративтік қоры. «Aitas Foundation» портфеліне Аймақтық зерттеулер орталығы, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры кіреді.
Қор командасы білім беруді, денсаулық сақтауды, туризмді тұрақты дамыту, еліміздегі ауылдарды абаттандыру және өңірлерді дамыту үшін олардың проблемалары мен шешімдерінің мүмкіндіктерін зерделейді. 2019 жылдан бастап «Aitas Foundation» Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы салып, жүзден астам жобаны іске асырды.
Ауылдық аймақтарды орнықты дамыту қоры жер-жердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Бүгінгі таңда ауылдық аумақтарды дамыту бойынша 3 Тұрақты даму қоры жұмыс істейді, олар «AITAS» холдингінің бизнесі шоғырланған аудандарда орналасқан. Олар өздерінің стратегиясы негізінде болашақ ауылдық аймақтардың көрінісін жасап, оны насихаттауды қалайды.
Сарапшылардың айтуынша, Верх-Уба ауылындағы үйлердің көбі ескірген, жаңадан салынғаны саусақпен санарлық. Атын ауыстыруға түгелдей өре түрегелген ауыл тұрғындары үйді жаңалау былай тұрсын, есіктің алдында қаулап өскен арамшөпті шабуға құлықсыз. Бірақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін айтастықтар Қазақстанда алғаш болып осы ауылдың «дизайн-кодын» әзірлеген. Бұл дегеніміз – ауыл адам танымастай өзгеріп, біртектес түстегі керемет кейіпке енеді деген сөз. Жоба дайын. Алдағы уақытта жүзеге асырамыз деп отыр салаға жауапты мамандар.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры алғашында жобаны 5 ауыл мектебінен бастаған болатын, қазіргі таңда бастама бүкіл ел аумағына тарап, өз жалғасын тауып отыр. «Қазақстан халқына» қорының қолдауы нәтижесінде Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жобаны 5-тен 22 мектепке дейін ұлғайтты және еліміздің жаңа аудандарында қайта құруды жүзеге асырды. 2023 жылы тағы 63 негізгі мектеп жоба қатысушысы атанды. Биылдан бастап Өңірлік зерттеулер орталығы өз қызметін бастады. Бұл – тұрақты даму стратегияларын саралауға және ілгерілетуге мамандандырылған тәуелсіз талдау орталығы.
Сонымен контрастар қатар көлбеңдеген ауылмен де қош айтысып, өр қала Өскеменді беталдық. Шығыстағы өндірісті шаһардың кіреберісіндегі титан-магний комбинатының мұржасынан будақтаған қою түтін төбеден түнере басқан сұрқай бұлттармен астасып, зым-зия жоғалып жатқандай. Біз асыл армандарымыз дәл осылай араласып кетпесе екен деп ойладық.
Астана – Өскемен – Жоғары үбе – Өскемен – Астана