Экономика • 24 Қыркүйек, 2023

Бизнес дамуы – ел дамуы

204 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Мәжіліс депутаты Асқар Садықов шағын және орта бизнес (ШОБ) мәселесіне байланысты Үкіметке сауал жолдады. Ол Президенттің биылғы Жолдауда екінші деңгейлі банк­тер­ді корпоративті несиелеуге қа­тысты сынға алғанын және оның әділ сын екенін айтады. Айтуынша, Жолдауда айтылған мәсе­лелер мемлекеттің эконо­ми­калық саясатының өзгергенін және ұзақ жылдар бойғы банк­тер мүддесін лоббилаудан кете бастағанын білдіреді.

Бизнес дамуы – ел дамуы

«Осындай қолдаудың дәлелі ретінде «Ақ жол» партиясына кәсіп­кер­лер коммерциялық банктердің қыз­метіндегі заңсыз мүдделерге нұқ­сан келтіру жөнінде жүгінуді жал­ғас­тырып жатыр. Мысалы, банк талап еткен ақпарат немесе құжатты дер уақытында ұсынбағаны үшін әрбір жағдайға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Кепіл мүлкін рәсімдеу мерзімін бұзғаны үшін мүлік құнының 10 пайызы көлемінде өсімпұл есептеледі. Займ сомасын мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін займ сомасының 15 пайызы көлемінде тұрақсыздық айыбы беріледі және тағы да басқа. Бұдан басқа, шарттардың талаптары бойынша банк қарыз бо­йынша берешекті өтеу міндеттемелері бұ­зылған жағдайда кезектілікті айқын­дау және шаралар қолдану құқығын өзіне қалдырады. Сондай-ақ шарттың талаптары бойынша банк, егер мұндай құқық бағдарламада көзделген болса, сыйақы мөлшерлемесін (мөл­шер­­лемелерін) ұлғайту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту құқы­ғын өзіне қалдырады. Екінші дең­гей­лі банктердің займды ұсынуға қа­ты­с­ты осындай орынсыз шарттары ШОБ нысанын тығырыққа тіреп, өздері үшін тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр етеді. Бұл дегеніміз – шағын және орта биз­несті қолдауға бағыт­талған Мем­­­­ле­кет басшысының сая­сатын елемеу деген сөз», дейді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі базалық мөлшерлеме жағдайында несиені, оның айыппұлдарын уақтылы төлеп тұру кәсіпкерге өте қиынға соғады. Бұл ретте барлық қаржы институттары қол­данатын бірыңғай келісімшарт жасалуға тиіс деп есептейді ол.

Жалпы, шағын және орта бизнес тәуір дамитын болса, экономиканың тірегі бола алатыны жиі айтылады. Бұл Еуропа елдеріндегі мысалмен дәлел­де­ніп те жүр. Мәселен, кәрі құрлықта шағын және орта кәсіпорындар бүкіл экономиканың 90 пайыздан астамын құрайды. Онда 100 миллионға жуық адам жұмыс істейді, тиісінше олар Еуропа ішкі жалпы өнімінің тең жартысынан астамын беріп отыр. Сондықтан экономиканың бүкіл секторы бойынша қосылған құн да үлкен рөлге ие.

Аналитиктердің айтуынша, шағын және орта бизнестің дамуы орнықты және цифрлық экономикаға өтуде айы­рықша маңызды, сондай-ақ өнер­кә­сіптік экожүйелердің гүлденуі мен бәсе­кеге қабілеттілікті арттыруда, эко­­­номикалық және технологиялық тәуел­­сіздікті қамтамасыз етуде аса қа­­жет. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің жоғары деңгейде дамуы кез келген сыртқы жағымсыз жағдайларға төзімді болуға да әсер етеді. Бұған қоса еуропалық сарапшылар ШОБ-тың ресурстарды тиімді пай­далануға және әлеуметтік бірлікке ық­пал ететінін, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерді шешуге және ин­но­­вациялық шешімдерді таратуға кө­мек­тесетінін айтады.

Биыл бірінші тоқсанның қорытын­ды­сы бойынша еліміздегі тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 2,1 млн-ға жеткен. Соның 1,9 миллионы – қазір жұмыс істеп тұрғандары. Оның ішінде 1,3 миллионы – жеке кәсіпкерлер, 354,3 мыңы – шағын кәсіпорындар, 252,2 мыңы – шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар және 2,9 мыңы – орта кәсіпорындар.

ШОБ субъектілерінің саны бо­йынша Алматы көш бастайды. Мұнда ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 3,9 млн адамға жетіп отыр. Жалпы, ел бойынша 13,6 млн адам ШОБ-та жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүр. Ал биылғы бірінші тоқсанда ШОБ өндіріп шығарған өнім көлемінің құны 4,2 трлн теңге болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,4 пайызға көп.