Үкімет • 24 Қыркүйек, 2023

Жаңа әкімді таныстырды

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облы­сының бар­лық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Жаңа әкімді таныстырды

Олжас Бектенов депутаттарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев пен Ғауез Торсанұлы Нұр­мұхамбетовтің кандидатураларын ұсы­ну туралы Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің хатын оқып берді.

Ашық дауыс берудің нәтиже­сінде 56 депутат Сәтжан Абла­лиевке, ал 118 депутат Ғауез Нұрмұ­хам­бетовке дауыс берді. Жиналыс­қа барлығы 174 депутат қатысты. Дауыс беру қорытындысы бо­йынша Президент Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Өңір активіне жаңа әкімді таныс­тырған Олжас Бектенов Ғауез Нұр­мұхамбетовтің орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарғанын және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Президент Әкімшілігінің басшысы өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа алғыс айтты және оның басшылығымен аймақ­тағы агроөнеркәсіп кеше­нінің даму қарқыны артқанын, жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, туризм саласын ілгерілету бағытын­да ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Сонымен қатар жиында Мем­лекет басшысының биылғы 1 қыр­күйектегі халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына ерекше назар аударылды. Облыстың жаңа басшылығына өңір экономикасын одан әрі дамыту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, медицинаны дамыту, сондай-ақ екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Кездесу соңында Олжас Бек­тенов Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетовт­ің жауапты қыз­метіне табыс ті­леп, өңірді өркен­детуге, өз үлесін қоса­тынына, облыс тұрғындары мен Мем­лекет бас­шысының жоғары сенімін ақтайтынына үмітті екенін жеткізді.