Суреттерді түсірген – Юрий Беккер
Жер бетіндегі мамыражай тірлікке өмірдің түрлі бағытына жауапты – адам. Атыспай-шабыспай, таласпай-тартыспай жер бесікті жұмақ баққа айналдыруға жұмыр басты пенделерге не кедергі? Көрмедегі қаздай тізілген картиналар осы бір сауалдың жауабын іздеуге шақыратындай... Адам қолымен жасалатын апаттар, қиянаттар мен қастандықтар қылқалам ұстаған шеберлердің кенебінде өткір сынға ұшырайды. Сезім ырғақтарын тап басатын туындылар көңіл тазалығын, мейірім мен ізгілікті ешбір амал алмастыра алмайтынын алға тартады.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Тэджондағы халықаралық өнер алмасу қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған көрмеге кескіндеме, мүсін, графика және аралас техникада орындалған туындылар қойылған. Суретшілердің бағыттары мен стильдері жалпы заманауи өнер тілі арқылы әлем халықтарының мәдени дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге шақырады.
Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова мәдениеттер достығы әлем елдерін бір арнада тоғыстыратын айрықша құндылық екенін, тек еліміздің ғана емес қаншама ұлт пен ұлыстың өмір өрнегінен хабар беретін құнды жәдігерлер сақталған музейде мұндай шаралар үзбей өтіп тұратынын айтады. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін биіктететін жобалар санатында.
«Көрменің негізгі мақсаты – халықтар арасындағы өзара мәдени байланыс пен ынтымақтастықты қолдау және нығайту. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, табиғат пен қоршаған ортаның сұлулығын насихаттау және әлемдегі табиғи апаттар мен адамның тікелей іс-әрекетінен болған экологиялық апаттарға назар аудару. Бұл көрмеге отандық және шетелдік танымал суретшілер қатысуда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Амандос Ақанаев, Жұмақын Қайрамбаев, Әлібай Бапанов, Болат Тұрғынбай, Бауыржан Байділда, Нелли Бубэ, Өмірбек Жұбаниязовтардың қолтаңбаларына шетелден келген өнертанушылар таңғалысын білдіруде», дейді Рашида Ерімқызы.
Суретшілер өз идеяларын қарапайым адамдардың өмір тынысы арқылы жеткізеді. Сол арқылы адам мен табиғат үндестігін, ақ пен қараның қайшылығын пішіндік бедерлер мен көпқабатты бояу түстерін пайдалану арқылы сөйлетеді. Көрмеге қатысқан корей суретшілерінің ішінде еліміздің өнер саласының дамуына айшықты үлес қосып, мазмұнды келбет берген таланттар аз емес.
– Бүгінде екі ел арасындағы мәдени, шығармашылық байланыс қарқынды дамуда. Академия ұстаздары мен магистранттары бірнеше рет Тэджон қаласында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, кореялық суретшілер өнер академиясында көрме өткізіп, өзара тәжірибе алмасып келеді. «Жер планетасына тағзым» атты көрме бейнелеу өнері саласындағы жаңа заманауи бағыттағы өнер туындыларыларымен өз көрермендерін табады деп сенеміз, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, суретші Жұмақын Қайрамбаев.
Атап өтер болсақ, дәстүрлі көрме биыл 15-рет шымылдығын түріп отыр.
АЛМАТЫ