Белградта бозкілемге шыққан Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері тегістей жеңілгеннен кейін барша жанкүйер 32 жастағы Нұрсұлтан Тұрсыновтың жолына үмітпен қарады. 87 кило салмақ дәрежесінде белдескен қандасымыз алғашқы айналымдарда италиялық Мирко Мингуцци мен оңтүстіккореялық Санхен Парктан басым түсіп, ширек финалда Азияның үш дүркін чемпионы ирандық Нәсер Әлизадені қапы қалдырды. Сол кезде қазақ жанкүйерлері бір серпіліп қалды. Жартылай финалда ол биылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері түркиялық Әли Шыңғысты біраз ұпай айырмашылығымен жеңіп жатқан еді. Сол басымдықты ұстап қалудың орнына Нұрсұлтан Әлиді көтеріп алып, қос жауырынымен жерге қадауға әрекеттенді. Асығыс жасалған әдіс опық жегізді. Өзі қарсыласының астына түсіп қалды. Шыңғыс өз мүмкіндігін қалт жібермеді.
Нұрсұлтан қола медальды иелену үшін өзінің құрдасы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы Жан Беленюкпен айқасты. Украинаның даңқты балуаны біздің жігітке адым аштырмады. Тұрсынов төрттағанға түскенде Беленюк оны бозкілемде әрі де, бері де шыр айналдырып, бірден жеті ұпайға иелік етті. Екінші кезеңде жерлесімізге де сондай мүмкіндік берілді. Бірақ ол Жанды орнынан қозғалта алмады. Нәтижесінде, жеңіс 7:1 есебімен украиналық спортшының пайдасына шешілді.
Жүлдеден айырылғаннан кейін Нұрсұлтан Тұрсынов Олимпия ойындарының ең соңғы лицензиясы үшін таласты. Қандасымыз Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, құрлық чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтерілген Әзербайжанның мықтысы Ислам Аббасовты бірінші кезеңде 8:0 есебімен ойсырата ұтып, Парижге баратын балуандардың тізіміне 90-шы болып қосылды. Сөйтіп, «классиктеріміз» жалғыз жолдамаға қол жеткізді. Ал күрестің осы түрін серік еткен өзге жігіттерімізден еш қайыр болмады.
Грек-рим күресінен өткен жарыстың соңғы жүлделерін мына балуандар иеленді: 63 кило: 1. Лери Абуладзе (Грузия), 2. Мұрад Маммадов (Әзербайжан), 3. Энес Башар (Түркия) мен Георгий Тибилов (Сербия). 67 кило: 1. Луис Альберто Орта Санчес (Куба), 2. Хасрат Жафаров (Әзербайжан), 3. Мате Немеш (Сербия) пен Мохаммад Реза Гераеи (Иран). 87 кило: 1. Әли Шыңғыс (Түркия), 2. Дэвид Лосонци (Мажарстан), 3. Жан Беленюк (Украина) пен Семен Новиков (Болгария).
Жалпыкомандалық есепте Әзербайжанның ұлттық құрамасы озды. Қап тауының бес қыраны финалда күресті. Солардың екеуі алтын және үшеуі күміс медаль олжалады. Екінші орында – Кубаның қабыландары (2+0+1). Үшінші сатыға Қырғызстанның өр мінезді өрендері (2+0+0) жайғасты. Төртінші және бесінші орындарды Иран (1+1+3) мен Түркия құрамалары (1+1+2) иеленді. Алтыншы және жетінші сатыларға Грузия (1+1+0) мен Франция (1+0+0) тұрақтады. Сондай-ақ жүлдеге қол жеткізгендер қатарында Мажарстан (0+2+0), Жапония мен Армения (0+1+1), Сербия (0+0+3), Украина мен Өзбекстан (0+0+2), Қытай, Ресей, Чехия, Мысыр және Болгария (0+0+1) өкілдері
бар.