Алғашқы күннің нәтижесі
Алдымен бұрнағы күні өткен жарыстың кешкі сессиясындағы спортшыларымыздың нәтижесіне тоқталайық. Бұрнағы күні дзюдошыларымыз Абиба Әбужақынова (48 кило) – күміс, Мағжан Шамшадин (60 кило) қола медаль жеңіп алғанын жазған едік. Сондай-ақ қазіргі бессайысшылар Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин жекелей жарыс қорытындысы бойынша олимпиадалық лицензия иеленді.
Қалған спортшылардың нәтижелері де жаман емес. Мысалы, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов «ат үстінде жаттығу» бойынша финалға шықты. Ал бокстан 63,5 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Ертуған Зейноллинов жарыстың 1/16 финалына өтті.
Шахматтан Жансая Әбдімәлік қарсыласынан басым түссе, Бибісара Асаубаева тең тарқасты. Ерлер арасында Қазыбек Нөгербектің есебінде екі жеңіс, Ринат Жұмабаевтың еншісінде бір жеңіс бар.
Гандболдан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Таиланд құрамасын 44:20 есебімен ұтты. Теннистен Бейбіт Жұқаев жекелей сайыстың екінші раундында Тәжікстан спортшысы Фируз Мухидиновты жеңді. 6:0, 6:0. Жағажай волейболынан сынға түсіп жатқан Н.Алдаш /К.Гурин және С.Богату/Д.Яковлев жұптары ерлер арасында ширек финалға өтті.
Жұбаныш белдеуінде жеңіліс тапты
Жарыстың екінші күнінде алтын медальдан үмітсіз емес едік. Себебі бұл күні алтын алуға лайықты дзюдошыларымыз Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг) секілді Азия чемпионы мен Үлкен дулыға жарысында жүлде алып жүргендер татамиге шығатын еді. Содан болар Ханчжоуға келген отандық журналистердің тең жартысы дзюдо өтетін спорт аренасына ат басын бұрды. Алайда бұл күні спортшылардың нәтижесі жанкүйерлер күткендей болмады.
73 кило салмақта сынға түскен дзюдошымыз Данияр Шамшаев бірінші айналымда гонконгтік балуаннан басым түсіп, жарысты сенімді бастады. Бірақ екінші айналымда ойда-жоқта тәжікстандық Берузи Хожазодаға есе жіберді. Ал жұбаныш белдесуінде қырғызстандық балуанды ұтқанымен қола жүлде үшін күресте моңғол балуанына шамасы жетпеді.
Ал Абылайхан Жұбаназар (81 кг) бірінші айналымда гонконгтік балуанды, 1/4 финалда бахрейндік қарсыласын тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алғанда «Алтын алады-ау» деп үміттендік. Себебі Абылайхан биылғы Гранд-Сламның екі бірдей жарысында жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Бірақ жартылай финалда біздің жігітке қарсылас атанған тәжік Сомон Махмадбеков те әккі балуан екен. Екеуара мықтыны анықтарда қарсыластың мерейі үстем болды. Финалға жолдама алған тәжік дзюдошысы алтын медаль алса, қола жүлде үшін күрескен А.Жұбаназар өзбек дзюдошысы Муса Собировқа еш мүмкіндік бермей «иппон» әдісімен жеңіске жетті.
Бұл кеште тағы бір тәжірибелі дзюдошымыз Ғұсман Қырғызбаев татимеге шықты. Алайда Азия ойындарында жүлдеге іліккен жоқ. Бірінші белдесуінде жеңіске жеткен ол ширек финалда жеңілді. Артынша жұбаныш белдесуінде де жеңіліс тапты. Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, Ғұсман ойланбай әдіс жасайтын балуан емес. Бірақ мұны төрешілер түсіне бермейді.
– Ғұсман ешқашан ойланбай әдіс жасамайды. Ешқашан арамдыққа бармайды. Бірақ Қырғызбаевтың бұл әрекетін басқалары жаттап алған. Сөйтіп, олар әдіске кіріп кетеді. Төрешілер де сылбыр күресті деп есептейді. Жалпы алғанда, Ғұсман қайта-қайта ескерту алатындай лас күресетін балуан емес, – деді бапкер.
Қазақ-өзбек текетіресі – 2:0
Мироджан Юлдашевтің жеңісінен кейін қазақ-өзбек қыздары татамиге беттеді. Қола медаль үшін болса да екі ел арасындағы текетірес бұл жолы да жалғасын тапты. Оның үстіне қос елдің жанкүйерлері аренада бір жерге орналасқан екен. Бауырлас елдердің жанкүйерлері бір жерден киқулап өз спортшысына қолдау білдіріп жатты. БАҚ өкілдері орналасқан жерде де қазақ-өзбек журналистері «Қалай болады екен?» дегендей демдерін іштеріне тартып отырды.
Әйелдер арасында Эсмигүл Құйылова (63 кг) бірінші айналымда моңғолиялық балуанның жауырынын жер иіскетіп, келесі кезеңге шыққанымен, екінші кездесуде кореялық балуанға есе жіберді. Ал жұбаныш белдесуінде филиппиндік дзюдошыдан басым болды. Қола жүлде үшін күресте Эсмигүлге жеңіс ауадай қажет еді. Себебі оның қарсыласы өзбекстандық Севениш Исокова-тұғын. Ал Эсмигүл – Өзбекстаннан келген қандасымыз. Өзінен бес жас үлкен қарсыласын «иппон» әдісімен жеңген Эсмигүл Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл – жерлесіміздің әзірге ең ірі жеңісі.
Жарыстан кейін Эсмигүл Құйылова эксклюзивті сұхбат беріп, осы жетісікке жетелеген спорттағы әпкесі Абиба Әбужақыноваға алғысын айтты.
– Мен 21 жастамын. Бір жылдан бері Қазақстанның әйелдер құрамасында күресіп жүрмін. Бүгінгі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Қатты қуанып тұрмын. Осы жүлдемді ата-анама және барша Қазақ еліне арнаймын. Содан соң менің дзюдодағы басты жанашырым Абиба Әбужақыноваға рахмет айтамын. Ол ақыл-кеңесін аяған емес. «Жеңесің, кем дегенде үшінші орын аласың!», деп үнемі жігерлендіріп отырады. Өзім де осы кездесуге «Өліспей беріспеймін», деп шықтым. «Қалайда жеңемін!», деген ой болды. Алғашында өзімнің қателігімнен қарсыласқа ұпай беріп қойдым. «Иппон» беретін шығар деп қобалжып тұрғанмын. Төреші тек «ваззари» деп есептеді. Сол кезде де мұның маған берілген мүмкіндік екенін түсіндім де, барымды салдым. Айтарлықтай жеңістерім жоқ. Елімді алда талай жеңіспен қуантарым сөзсіз. Маған бағыт-бағдар берген, маған сенім артқан бапкерлерге мың алғыс. Осы медаль ірі жеңістерге жол ашады деп сенемін, – дейді Эсмигүл.
Дәл осындай мүмкіндік Севара Нышанбаевада (57 кг) болған еді. Ол бірінші айналымда тәжікстандық балуанды жеңді. Ал екінші айналымда тайпейлік әріптесіне есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде БАӘ балуанына шамасы келмеді.
Өзбекстанның елеулі жетістігі
Әншейінде бокс болсын, күрес болсын, футбол болсын нәтижемізді өзбектермен салыстыратынымыз бар еді ғой. Осы жолы да Азия ойындарында өзара жарысып жатырмыз. Алашапанды ағайындардың «Өзбекстан 24» телеканалының журналисі Норбек Ниязовты сөзге тартқанымызда, Азия ойындарына бас-аяғы 350 спортшы, спортшылардың жетістігін насихаттау үшін 35 журналист келгенін мақтанышпен айтты.
Хош, 73 кило салмақта татамиге шыққан өзбек Мироджан Юлдашев қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып финалға сүрінбей шыққанын өз көзімізбен көрдік. Ал финалда дзюдоның отаны Жапонияның өкілі Соууши Хашимотоны әбден әбігерге түсірді. Төрт минут бойы жапон спортшысынан басым болған Мироджан Азия ойындарының алтын медалін мойнына тақты. Журналистерге берген сұхбатында өзінің мықты екенін, әлі талай жарыста чемпион болатынын айтқан өзбек балуаны шынында да теңдессіз екенін сары құрлыққа тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақ құрамасы алтын медаль аңсап жүргенде, Мироджан Юлдашев Өзбекстан құрамасына төртінші алтын медальді алып берді. Айтпақшы, 2022 жылы Азия чемпионатының финалында дәл осы Мироджан біздің жүлдесіз қалған Данияр Шамшаевтан жеңілген еді.
Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес
Жарыстың екінші күнінде Никита Чирюкин қола медаль жеңіп алғаны қызық болды. Ол тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден үздіктер қатарына енді. Алдымен, Никита 10 метрге пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден финалда сынға түсті. Ол іріктеу кезеңінде жетінші орын алып, финалдан сырт қалған еді. Алайда ақтық сынға өткен қытайлық спортшылардың бірін ережені бұзғаны үшін жарыстан шеттетіп, бос қалған орынға Никитаға жол ашылды. Нәтижесінде, финалда Чирюкин жалпы есепте 26 ұпай жинап, қола жүлде жеңіп алды.
– Аз ғана күш жетпеді. Жүйке де керек. Мұнымен тоқтамай, әрі қарай даму қажет. Физикалық әлеуетімді де, психологияны де жетілдіру керек. Содан соң бұдан да жоғары нәтиже болады деп үміттенемін, – деді Н.Чирюкин.
Нысана көздеуден ерлер арасында Ислам Сатпаев – 6, Ассадбек Назиркулев – 9, Бахтияр Ибраев 11-орыннан көрінді.
Ала-құла ойын
Бұл күні боксшы қызымыз Наталья Богданова (66 кг) саудиялық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Жағажай волейболының ширек финалында Қазақстан 1 (Богату/Яковлев) командасы Қазақстан 2 (Алдаш&Гурин) командасынан 2:1 есебімен басым түсті.
Ал ерлер арасында маунтинбайк веложарысында Денис Сергиенко мен Егор Карасев бесінші және алтыншы орыннан көрінді.
Ерлер арасында таеквондодан 58 кило салмақта сынға түскен Елдос Ысқақтың тым болмағанда қола медаль алуға мүмкіндігі бар еді. Ол 1/16 финалда Шығыс Тимор, 1/8 финалда Ливан спортшыларынан басым түскенімен, 1/4 финалда ойламаған жерден ауғанстандық Мохсен Резаейге 0:2 есебімен жол беріп қойды. Осылайша, М.Резаей Ауғанстанға әзірге жалғыз қола медальді алып берді.
Ал Ботагөз Қапанованың (49 кг) шамасы 1/4 финалға дейін ғана жетті. Ол Мобина Нематзадехтен (Иран) 0:2 есебімен ұтылды.
Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев те, әйелдер құрамасы да 5-орын алды.
Теннистен жұптасып өнер көрсетуде Бейбіт Жұқаев/Денис Евсеев – Хазава Шинджи/Уесуги Катоға (Жапония) 0:2 есебімен жеңіліп қалса, Жібек Құламбаева/Гозаль Айнитдинова Қатар теннисшілерінен 2:0 есебімен басым түсті.
Жекелей сында Денис Евсеев шығыстиморлық теннисшіге еш мүмкіндік бермесе (2:0), Григорий Ломакин/Дмитрий Попко жұбы оңтүстіккореялық теннисшілерге 1:2 есебімен есе жіберді. Жарыстың екінші айналымына шыққан Аружан Сағындықова үндістандық әріптесіне шамасы келмеді (0:2).
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы ойында Сингапурден 9:5 есебімен басым түсті.
Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістан құрамасын 24:7 есебімен ойсырата жеңді.
Ал көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасы (әйелдер) Таиландтан 0:4 есебімен жеңілді.
Шахматтан 4-раундтың ойындары аяқталды. Жекелей сында Бибісара Асаубаева индонезиялық Медина Варда Аулиадан басым түссе, Жансая Әбдімәлік тағы бір Индонезиядан келген Ирине Харисма Сукандарды жеңді.
Әзірше Бибісара Асаубаева 3 жеңіс, 1 тең нәтижемен 3-орында, Жансая Әбдімәлік 3 жеңіспен 5-орында тұр. Ал ерлер бәсекесінде Ринат Жұмабаев Филиппин шахматшысы Пауло Берсаминаға, ал Қазыбек Нөгербек алаң иесі Ю Вейге есе жіберді. Қазыбек Нөгербек 2,5 ұпаймен 8-орынға жайғасса, Ринат Жұмабаев 2 ұпаймен әзірге 18-орынға тұрақтады.
Семсерлесуден Назарбай Саттархан іріктеуден өте алмаса, Артем Саркисян ширек финалда кувейттік спортшыға 10:15 есебімен жеңілді.
Кешкі жарыс сессиясы боксшымыз Сәкен Бибосыновтың жеңісімен аяқталды. Ол моңғолиялық әріптесінен 5:0 есебімен басым түсті.