Ғылым • 25 Қыркүйек, 2023

Түркі әлемі математиктері – Түркістанда

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Математика – барлық ғылымның тұңғышы. Көшбасшы ғылым­ның көсемдері Қожа Ахмет Ясауи университетіне жиналып, Түркістанда Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі өтті.

Түркі әлемі математиктері – Түркістанда

Түркі астанасында өткен дүние­жүзілік конгресс арқылы ғалым­дардың халықаралық байланысы мен ғылыми ынтымақтастығы ны­ғая­ды. Кең көлемдегі кеңестің негіз­гі мақсаты – математика ғы­лы­мының дамуына үлес қосып, же­­тіс­тіктерін ғылыми зерттеулер­де, техника мен білім беруде қол­дану.

Жиын «Түркі әлемі матема­тиктері конгресі» деп аталғанымен, ұлт пен дінге бөлінбеген әлем ма­те­матиктері қатысты. Түркі әлемі математикалық қоғамының (TWMS) президенті Бақытжан Жұ­мағұлов бұл конгрестің тарихи, мәдени, рухани әрі саяси мәні жоғары екенін атап өтті. Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 500-ден астам математик келіп, Түркия, Әзер­байжан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Ресей және Қа­зақстанның танымал ғалымдары баяндама жасады. Секциялар мен шағын симпозиумға математика ғылымының 10 бағыты бойынша 405 баяндама ұсынылды.

– Дүниежүзілік конгрестің біздің өңірде өтуі – үлкен мәр­тебе. Математика ғылымы  әлем­ге, оның ішінде түркі әлеміне Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Абу Рай­­хан Әл-Бируни, Мырза Ұлық­бек сияқты ғұлама математик ға­лымдарды берді. Олардың аса дәл­дікпен ашқан ғылыми жаңа­лықтары осы күнге дейін адамзатқа қызмет етіп келеді. Бұл іс-шараның математиктер әлеміне қосар үлесі жоғары деп білеміз. Әрі Түркістан об­лысы жастарының математика ғылымына деген ынтасын арттырып, қызығушылығын оятып, жақсы бастамаларға жете­лейді деп сенеміз, – деді Түркістан облы­сының әкімі Дархан Саты­балды конгрестің ашылуында.

Сонымен қатар Дархан Саты­балды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ма­тематик ғалымдарға арнаған құт­тықтауын жеткізді. Құттықтау хатта «Математика – адамзаттың даму тарихында ерекше орны бар ғылым. Оның жетістіктері эко­номика, озық технология және басқа да салаларға кеңінен қол­данылады. Бұл ілімнің табиғатын түсінген адамның талдау, саралау, сыни ойлау қабілеті арта түседі. Қазақстанда математиканың мық­­ты мектебі қалыптасқан. Ға­лым­дарымыз өзекті мәселелер бо­йынша әлемге танылып жатыр. Жас дарындарымыз көптеген ха­лық­аралық жарыстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Мұның бәрі мемлекетіміздің бола­шағы үшін аса маңызды. Осындай алқалы жиынның түркі жұр­тының астанасы саналатын Түр­кістанда өтуі елімізде математика ғылымының дамуына тың серпін берері сөзсіз», делінген.

Қожа Ахмет Ясауи университеті құ­рылғалы бері «Математика» кафедрасы іргелі жұмыстар атқарып келеді. 2020 жылдан бастап тек математика саласы бойынша 8 ғылыми жоба жүзеге асырылған. Олардың ортақ көлемі 450 млн теңгені құрайды.

Кейде математика ғылымын дамыту туралы таяз ойлап жатамыз. Мемлекет тарапынан да көңіл бөлінбей жатады. Математика – интеллектуалды әлеуеттің құ­ралы. Математика бізге екіге екіні қосқанда қанша болатынын біле­тінімізді көрсету үшін емес, мәсе­лелерді шешуді үйренуіміз үшін қажет. Математика сыни ойлау мен бейімделуді дамытатыны баршаға мәлім. Отандық математиктер ғылым әлеміне көптеген жаңалық әкелді. Әлемдік деңгейде «Қа­зақ­стан математикасы» үлкен рөл атқарады. Түркі әлемі мате­матиктерінің басын қосқан бұл жиын – осының дәлелі.