Түркі астанасында өткен дүниежүзілік конгресс арқылы ғалымдардың халықаралық байланысы мен ғылыми ынтымақтастығы нығаяды. Кең көлемдегі кеңестің негізгі мақсаты – математика ғылымының дамуына үлес қосып, жетістіктерін ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде қолдану.
Жиын «Түркі әлемі математиктері конгресі» деп аталғанымен, ұлт пен дінге бөлінбеген әлем математиктері қатысты. Түркі әлемі математикалық қоғамының (TWMS) президенті Бақытжан Жұмағұлов бұл конгрестің тарихи, мәдени, рухани әрі саяси мәні жоғары екенін атап өтті. Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 500-ден астам математик келіп, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның танымал ғалымдары баяндама жасады. Секциялар мен шағын симпозиумға математика ғылымының 10 бағыты бойынша 405 баяндама ұсынылды.
– Дүниежүзілік конгрестің біздің өңірде өтуі – үлкен мәртебе. Математика ғылымы әлемге, оның ішінде түркі әлеміне Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Абу Райхан Әл-Бируни, Мырза Ұлықбек сияқты ғұлама математик ғалымдарды берді. Олардың аса дәлдікпен ашқан ғылыми жаңалықтары осы күнге дейін адамзатқа қызмет етіп келеді. Бұл іс-шараның математиктер әлеміне қосар үлесі жоғары деп білеміз. Әрі Түркістан облысы жастарының математика ғылымына деген ынтасын арттырып, қызығушылығын оятып, жақсы бастамаларға жетелейді деп сенеміз, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды конгрестің ашылуында.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың математик ғалымдарға арнаған құттықтауын жеткізді. Құттықтау хатта «Математика – адамзаттың даму тарихында ерекше орны бар ғылым. Оның жетістіктері экономика, озық технология және басқа да салаларға кеңінен қолданылады. Бұл ілімнің табиғатын түсінген адамның талдау, саралау, сыни ойлау қабілеті арта түседі. Қазақстанда математиканың мықты мектебі қалыптасқан. Ғалымдарымыз өзекті мәселелер бойынша әлемге танылып жатыр. Жас дарындарымыз көптеген халықаралық жарыстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Мұның бәрі мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды. Осындай алқалы жиынның түркі жұртының астанасы саналатын Түркістанда өтуі елімізде математика ғылымының дамуына тың серпін берері сөзсіз», делінген.
Қожа Ахмет Ясауи университеті құрылғалы бері «Математика» кафедрасы іргелі жұмыстар атқарып келеді. 2020 жылдан бастап тек математика саласы бойынша 8 ғылыми жоба жүзеге асырылған. Олардың ортақ көлемі 450 млн теңгені құрайды.
Кейде математика ғылымын дамыту туралы таяз ойлап жатамыз. Мемлекет тарапынан да көңіл бөлінбей жатады. Математика – интеллектуалды әлеуеттің құралы. Математика бізге екіге екіні қосқанда қанша болатынын білетінімізді көрсету үшін емес, мәселелерді шешуді үйренуіміз үшін қажет. Математика сыни ойлау мен бейімделуді дамытатыны баршаға мәлім. Отандық математиктер ғылым әлеміне көптеген жаңалық әкелді. Әлемдік деңгейде «Қазақстан математикасы» үлкен рөл атқарады. Түркі әлемі математиктерінің басын қосқан бұл жиын – осының дәлелі.