Ғылым • 08 Сәуір, 2025

Жасанды интеллект блогі

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

SDU университеті – еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі. Оқу орнында 9000-ға жуық студент білім алады. Озық ойлы, өнертапқыштар да аталған университеттен түлеп ұшып, ел мерейін асқақтатып жүр. Жыл сайын талапкерлер саны өсіп, оқу бағдарламасы жаңаша, заман талабына сай артып келеді.

Жасанды интеллект блогі

Университетте алдағы уақытта жасанды интеллектінің қыр-сырын үйрету қолға алынып отыр. Оған айқын дәлел ретінде жақында жаңа оқу блогі ашылды. Оның іргетасы осыдан бір жыл бұрын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен қаланған еді. Аталған жобаға «Freedom Holding Corp.» компаниясы қаржылай қолдау білдіріп, ынтымақтастықты арттыру мақсатында жаңа оқу корпусы «SDU & Freedom» жасанды интеллект блок ретінде қолданысқа берілді.

Оқу ордасындағы ерекше ғимарат­тың ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Freedom Holding Corp.» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «Сергек» камерасын ойлап тапқандардың бірі Әсет Ахметов сияқ­ты университеттің танымал түлектері қатысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Білімге салынған инвестиция үлкен табыс әкеледі» деген америкалық философ Б.Франклиннің сөзін тілге тиек етіп, жасанды интеллект жобасына қаржылай қолдау білдірген Тимур Русланұлына алғысын жеткізді. Сондай-ақ бұл бастаманың болашағы зор екенін айтты.

«Жасанды интеллект блогінің құ­рылуы – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бір жағынан,  бұл  SDU университеті үшін үлкен жетістік.  Енді жоба аясында студенттер мен зерттеушілерге болашақ технологиясын терең зерттеп, қолдануға жаңа мүмкіндік ашылады.

Мемлекет ғылым мен білімді дамытатын барлық бастаманы қолдайды. Біз SDU университеті цифрлық технологиялар саласында еліміздегі маң­дайалды мамандар даярлайтын бас­ты оқу орнының біріне айналады деп сенеміз. Мұнда жаңашыл идеялар мен инновациялық жобалар туындайтынына күмәнім жоқ. Бүгінде жасанды интеллект үлкен корпорациялар мен ұлттық стратегиялардың деңгейінде қолданылады. Бірақ бизнес саласы оның қуатын әлі сезген жоқ. Сондықтан бұл жақсы бастама. Жалпы SDU университеті педагогика, ақпараттық технология, киберқауіпсіздік бағытында алда келе жатқан оқу орнының бірі болғандықтан, «Freedom Holding Corp.» компаниясының инвестициясы өз жемісін беретіні анық. Өйткені алдағы уақытта аталған корпорация өз әлеуетін, цифрлық технология жағынан дамуына мүмкіндік алып отыр», деді С. Нұрбек.

SDU университеті ректоры Әлімжан Игенбаевтың сөзіне сүйенсек, SDU университеті  IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 30 жылға жуық уақыт даярлап келеді. Сондықтан халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен, бизнес қауымдастығымен ынтымақтастық аясында даму келешегі айқын байқалады.

«Жаңа блок студенттердің әлеуетін арт­ты­рып, олардың стартаптарын жүзеге асы­руға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. Бұл жаңа нысан – өңіріміздегі білім мен ғылым саласын дамытудағы үлкен қадам деп білеміз», деді университет ректоры.

Айта кетейік, SDU  жаңа оқу блогі «Freedom Holding Corp» компаниясы­ның «Freedom Шапағат» қайырымды­лық қорының демеушілігімен салынды. Жалпы аумағы – 5,6 мың шаршы метр. Мұнда жасанды интеллект технологияларын дамы­туға, қаржылық сауаттылықты артты­руға арналған зерт­ха­налар орналасқан. Сондай-ақ интерак­тивті орталықтар құры­лып, студенттер қауымы «Freedom Aca­demy» сарапшыларынан инвестициялау және трейдингтің негізгі қағидаларын үйренеді.

 

Дидар МӘЛІКҰЛЫ

 

Алматы облысы