Еңбек • 25 Қыркүйек, 2023

Қадір мен қасиет

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Сәтбаев қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қонақ ретінде қатысудың сәті түскен еді. Сол жолы бас бәйгені иеленген Сағындық әулеті туралы қалам тербеуді жөн деп білдік.

Қадір мен қасиет

Әулет иесі Сәрсенғали Са­ғын­дықовтың мамандығы – элек­трик. Ол қазір «Жезқаз­ған­түстімет» ӨБ-ның электр жаб­дықтарына сервистік қызмет көр­сету басқармасында еңбек етеді. Бұлай жазғанымыз дұрыс та емес шығар. Өйткені ол еңбек жолын бастаған осы ұжымда 45 жылдан бері табан аудар­мастан жұмыс істеп келеді емес пе? Мамандығын да өзгерткен емес. Әу баста жұмысқа электрик болып орналасып еді, әлі сол қалпы. Үйренуші болып бастаған мамандығының қыр-сырын әбден меңгергені сон­шалық, бүгінде ол – 7-санатты электрик. Бар өзгеріс сол ғана. Мамандықты меңгеру, еңбек жолында өсу деген осы.

«Жұмыс орнын ауыстыру туралы ойыма да кіріп шық­папты. Рас, «жоғары жалақы аласың» деп өздеріне шақырған ұжымдар болған. Бірақ өзім жас­тайымнан бірге жүрген әріп­тестерімді қимадым. Жалақы табылғанмен, жанымдағыдай жора-жолдастар жаңа жерден табыла ма, жоқ па деп ойладым, – дейді Сәкең. – Ақша дегеннің көбейген сайын жетпейтін ауруы болады. Өз ортаңда абыройлы болып жүргеннен артығы жоқ. Балаларыма да осыны айтып отырамын».

Зайыбы Бибісара екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріпті. Үл­кені Төлепберген әкесіне тар­тып энер­гетика саласын таң­дады. Ал­ғашында Жезқазған аграр­лы-техникалық кол­леджінд­е электрлі және электр­механикалық жаб­дықтарды тех­никалық пайдалану мен жөндеу мамандығы бойын­ша оқыған Төлепберген кейін Ө.Байқоңыров атындағы Жез­қазған университетінде электр энергетикасы мамандығы бо­йынша білімін шыңдаған кө­рінеді. Қазір Т.Сағындықов – «Жезқазғантүстімет» ӨБ-ның электр жабдықтарына сервистік қыз­мет көрсету басқармасының тау-кен автоматика цехының бас­тығы.

«Бастық» деген атымыз ғана, әйт­песе орындықта ші­ре­ніп отыратын шенеунік емеспіз, электриктермен, басқа да мамандармен бірге өндірістің бел ортасында жүреміз, – деген Төлепберген лауазымы қа­ра­­пайым қызметке лайық екенін түсіндірді. – Жұмысты үйлес­тіру, көзін таба білу, дер мез­гілінде әрекет ету және сондай сансыз жұмысқа басшылық жасау – менің міндетім».

Сәрсенғалидың екінші пер­зенті Айдос болса, «Транко Экспресс» ЖШС Сәтбаев филиа­лында автокөлік жүргізушісі, кенжесі Жандос – Жылданды кенішіне қарасты Сарыоба шахтасында электрслесарь.

«Ұлдардың үшеуі де аяқ­танған. Айгүл, Әйгерім, Айға­ным есімді үш келінім бар. Олардан 10-нан аса немере сүйіп отырмыз. «Құдай берерін тоқ­татпасын» деп тілеп те қоя­мыз. Немеренің алды азамат болып та жатыр. Үлкен немереміз Ер­асыл – студент. Лицейді үздік тәмамдап, жоғары оқу орнына түсіп, грант иегері атанды. Ұр­пағымыздың жаман аты шық­пай, қатарынан қалмай жүр­гендерін көргенде тәубе дейміз, оларға қарап өмірге сүйі­неміз», деген Сәкең шөбере сүйе­тін күннің де алыс емес еке­нін ишарамен жеткізді.

Шаңырақтың отанасы, қа­ла­дағы №10 балабақшаның ас­пазы Бибісара Қапанқызы дас­тарқанның дәмін келтіруді ешкімнен сұрамайтыны хақ.

Сәтбаев қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені жеңіп алған Сағындық әулеті облыстық додаға да қатысып, бақ сынап, «Өнегелі отбасы» аталымының иегері атанды.

Мәселе – марапатта емес. Көпшіліктің ортасында қаді­ріңнің бар екенін сезіне білуден асқан бақыт жоқ. Сәрсенғали Сағындықовтың әулеті – сондай бақыт бұйырған әулет.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы