Ертіс-Баян өңірі – еліміздегі астықты облыстардың бірі. Соған қарамастан биыл жергілікті қамбаларға құйылатын дәнді дақыл жылдағыдан үш-төрт есеге аз. Саладағы көрсеткіштің бұлайша құлдырауына көктемгі ылғалдың аздығы мен жаздағы құрғақшылық себеп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақшылықтан зардап шеккен диқандарға көмек көрсету бойынша арнайы комиссия құруды тапсырғаны мәлім. Соған орай қазіргі күні аймақтардан өтінімдер қабылданып жатыр. Орақ науқанының нәтижесінде небәрі 300 мың тоннадай бидай жинаймыз деген жоспар бар.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің дерегінше, жалпы көлемі 470 мың тонна дәнді дақыл, 117 мың тонна майлы дақыл, 710 мың тонна картоп, 235 мың тонна көкөніс жиналуы керек.
Суретті түсірген – Рафхат ХАЛЕЛОВ
«Бұған дейін жергілікті диқандар құрғақшылыққа байланысты облыста төтенше жағдай режімін жариялауды бірнеше мәрте сұрап келген еді. Бұл мәселенің шешімін Үкімет деңгейінде, Ауыл шаруашылығы министрлігі шығаруы керек. Қыркүйек айының жаңбырлы болуынан қазір жердің бәрі суға тойды. Әрине, мал шаруашылығы үшін ол жақсы. Алайда астық шаруашылығында қиындықтар туындап отыр. Шабылмаған егістіктерді арамшөп, жусан басып, орақ науқанын ойдағыдай өткізуге кедергі келтіріп жатыр. Кейбір аудандардағы шаруалар мұндай егістіктерді орудан жүрексініп отыр. Дәнді дақыл жиналғанымен, оның ылғалдылығы жоғары болады. Табиғатқа әмір жүрмейді. Біз өз тарапымыздан шаруаларға көмек көрсетіп, қосымша көлемде бағасы арзан трактор отынын бөлуге министрлікке өтінімдер жолдадық», дейді маман.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша құрғақшылықтан 167 шаруашылықтың зардап шеккені мәлім болып отыр. Олар жалпы аумағы 187 мың гектар егінді есептен шығаруды сұраған. Яғни бұл егістіктер жазда ылғал жетіспеушіліктен күйіп кетті. Оның 153 мыңы дәнді дақыл болса, 4 мыңы – майлы дақылдар.
«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырадының» кері келіп тұр. Өткен аптадағы шуақты күндер диқандарға орақ науқанын біраз алға жылжытуға септігін тигізген еді. Алайда соңғы күндері нөсер жаңбырлар жиын-терімді тағы баяулатып тастады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша дәнді дақылдардың 39 пайызы жиналып, 37 пайызы бастырылған. Егін өсірушілер жаздағы аптап ыстықтан бидайдың тым ерте піскенін, алайда күзгі жаңбыр оның бойындағы ылғалды арттырып жібергенін айтады. Бұл дақылдың сапасын азайтып, оның қамырлық көрсеткішін де төмендетуі ықтимал.
Астықты аудандар арасында қазіргі күні Железин шаруалары орта есеппен 6,2 центнер астық жинап жатыр. Солтүстікте орналасқан тағы бір өңір – Ертісте гектарынан – 3,3, Павлодар ауданында – 3,5, ал Шарбақты ауданында 4 центнерден айналуда. Сайып келгенде жиын-терімнің облыстағы орташа көрсеткіші гектарынан 4,5 центнерден аспай тұр. Аймақта жалпы аумағы 941 мың гектардан астықты дәнді дақылдар және бұршақ тұқымдас дақылдар жиналуы керек. Бүгінге дейін оның небәрі 362,8 мың гектары орылды. Дәл қазіргі екпін жалғаса берсе, орақ жұмыстары шамамен 5-10 қазанға дейін жалғасады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, егіс аумағы үлкен шаруашылықтар жиын-терімнің түрлі әдіс-тәсілдерін енгізуге көшкен. Яғни жаңбырдан соң дегдіп қалған аумақтарды бір бөлек, әлі ылғалы мол жерлерді бөлектеп ору жүргізілуде. Егіннің ұйысып шыққан кейбір жерлерінде астықты бастыруды тікелей жүргізуге де болады. Технологияға сүйенсек, егер дәнді дақылдың ылғалдылық көрсеткіші 12 пайыз болса, оны комбайнмен бірден шауып алып, соңынан кептіргіште жеңіл ғана кептіріп алуға болады. Ал егер егістіктегі ылғал одан жоғары әрі арамшөп қаулап кеткен болса, шаруалар бөлектеп, жеке-жеке шабады. Одан соң жиналған астықты жақсылап кептіру керек. Бұл қосымша шығынды, көп мөлшерде жанар-жағармайды қажет етеді. Астық сапасын сақтаймын десе, диқанда одан басқа жол жоқ.
Керекулік диқандар арзан әрі сапалы картобымен де мақтана алатыны елге мәлім. Өкінішке қарай, оны жинау жұмыстары да саябырсып, бүгінде барлық егістік жердің 33 пайызында ғана жұмыстар жүргізілген. Жалпы, көлемі 262 мың тонна екінші нан жиналыпты. Гектарынан 317 центнер көрсеткіш көрсеткен картоптың биылғы шығымы жаман емес деп отыр шаруалар. Топырақта ылғалдың көп болуы қазып алынған түйнектерді кептіруге көп күш пен уақытта қажет етеді. Көкөніс өсірушілер де осындай қиындыққа ұрынып отырғаны байқалады.
Павлодар облысы