Пікір • 25 Қыркүйек, 2023

Маңызы зор, мақсаты айқын

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында алда атқарылар жұмыстар мен болашақтың бағыт-бағдары айқындалды. Жолдаудың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталуының өзі көп жайтты аңғартып отырғандығын халық толық түсініп, қолдау білдіреді.

Маңызы зор, мақсаты айқын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Президент елімізде өнеркәсіпті дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді арттыру керек екендігін үнемі айтып келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әр Жолдауы сайын еліміз үшін әділдік пен демократияның орны ерекше екендігін еске салып, оны нығайту жолында бар күш-жігерімізді жұмылдыру керек екендігін алға тартады. Бұл жолғы Жолдауда да халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылған.

Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда Тасқала ауданы тұрғындары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілік танытуда. Арқаға артылар жүктің ауыр салмағын сезіне отырып, ілкімді жоспарды іске асыру жолында елдегі ағайын еш аянып қалмақ емес.

Әрине, керек кәсіптің көзін тауып дөңгелентіп отырған кәсіпкер жандарға да оңай емес екендігі түсінікті. Олардың алдында өндіретін ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу міндеті тұр. Ал билік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беруді жандандыруды мықтап қолға алса, кәсіп ашамын деген тұрғындар арасында түсініктеме жұмыстарын жүр­гізіп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіп­керлікке баулу жұмыс­тарын жал­ғас­тырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сон­дай-ақ Президент «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тек жеңіл­детілген несие берумен ғана шектелмей, жеке қосалқы шаруашылық иелерін біріктіруге бағыт ұстану керек», деді.

Мысалы, біздің елдегі Достық ауылдық округінде тұратын кәсіпкер Еркебұлан Қазиоллаұлы өнім өндіруді дамыту мақсатында Ақтөбе облысынан 15 сиыр, 20 қашар сатып алған-ды. Ал Мерлан Исағалиев деген азамат мемлекет тарапынан грант алып, қазіргі таңда картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, қызанақ сынды көкөністер өсіріп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатқандығы жөнінде жиі ауызға ілігеді. Ол жайында аудандық газеттер де жарыса мақала жариялап жатыр.

Биылғы Жолдау біздің ауданымыздың 90 жылдық тойы қарсаңында жарияланып отыр. Біз бұған өте қуа­ныштымыз. Аудан еңбеккерлері Жол­дауда көрсетілген барлық мәселені оңынан шешу жолында еш аянып қалмақ емес. Ал мұның өзін аудан эконо­мика­сының дамуына қосылған қомақты үлес деп бағалауға тиіспіз.

Қорыта айтқанда, Президент Жол­дауының басты қағидасы – Әділетті Қазақ­стан және Адал азамат ұғымдары қатар жүре­тін қуатты Қазақстанды қалыптастыру. Бұл дегеніміз – еліміздің болашағы үшін бірлесе күш біріктіріп, халықтың тұрмысын жақсартып, эконо­микалық табысты арттыру. Сондықтан өз басым бұл жолғы Жолдаудың маңызы зор, мақсаты айқын деп ойлаймын.

 

Бисенбай Өтегенов,

зейнеткер, аудандық қоғамдық  

кеңес мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала  ауданы