Іс-шараға қатысқан Парламент Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов кітап адам өмірінде айрықша орын алатынын атап өтіп, жаңа жобаның ерекшелігіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Amanat» партиясы Президенттің осы бастамаларын жүзеге асыру үшін барлық өңірлік филиалда «Кітап-Amanat» кітап дүкендерін ашады. Ол тек кітап сататын орын емес, сонымен қатар нағыз мәдени-ағарту орталығы болады», деді Ерлан Қошанов.
Мәселен, «Кітап-Amanat» дүкендерінде отандық жазушылар, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа кітаптардың тұсаукесері мен талқылаулары өтеді және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылады. Жоба еліміздегі қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуді көздейді.
«Кейінгі уақытта ғылыми және білім беру мазмұнындағы көп әдебиет қазақ тіліне аударылды. Бұл кітаптардың сапасы да, мазмұны да жақсы. Алайда таралымы аз болған соң, оқырманның бәріне бірдей жете бермейді. «Кітап-Amanat» жобасы осы олқылықтың орнын толтырады. Осылайша, біз жазушылар мен баспагерлерге қолдау көрсетеміз, отандастарымызды кітап оқуға ынталандырамыз деуге болады», деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Жаңа жоба аясында «Amanat» партиясы мен Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат баспаханалардың дүкендерді қолжетімді бағадағы тиісті кітап қорымен қамтамасыз етеді. Мұндай шығармалардың арасында тек отандық әдеби туындылар ғана емес, әлемдік бестселлерлер де болады.
Іс-шара барысында партия төрағасы жас оқырманмен әңгімелесті. Сондай-ақ кездесуге белгілі отандық авторлар мен баспагерлер Әділ Қойтанов, Шыңғыс Мұқан, Раиса Қадыр, Алмас Сақбаев, Бақытжан Бұхарбай тағы басқалар қатысты.